Евразия24Басты бетАуыл шаруашылығын қаржыландыру: мемлекет кімдерді қолдайды?

Ауыл шаруашылығын қаржыландыру: мемлекет кімдерді қолдайды?

|

|

Соңғы уақытта ауыл шаруашылығы еліміздегі басты жаңалықтардың өзегіне айналды. Бұған бірнеше маңызды себеп бар. Біріншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігі күзгі егін орағының нәтижелері мен қысқа дайындық жұмыстары бойынша есеп беріп жатыр. Екіншіден, бұрын ашық айтылмаған бір мәселе белгілі болды: мемлекет фермерлерге өткен жылдардағы субсидиялар бойынша 341 млрд теңге қарыз. Үшіншіден, Мәжіліс депутаттары Премьер-Министр Олжас Бектеновке субсидиялаудың нормалары мен бағыттарын анықтау құқығын фермерлердің өздеріне беруді ұсынды. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау жүйесінде қомақты қаражат айналымда жүргендіктен, бұл саладағы қолдау тетіктері мен ережелеріне қатысты пікірталас та үнемі өткір сипатқа ие.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУДЫҢ ЖАҢА ЕРЕЖЕЛЕРІ

2025 жылғы 20 қазаннан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен субсидиялаудың жаңа ережелері күшіне енді .

Министрлік хабарлағандай, пайыздық мөлшерлемені субсидиялаудан бас тартып, жеңілдетілген несие жүйесіне көшу жұмыстары жалғасуда. Бұл агроөнеркәсіп кешені өкілдері үшін қаржыландыруды оңай әрі қолжетімді етуге бағытталған. Қазіргі уақытта жылдық 5% мөлшерлемемен бірқатар жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламалары іске асырылып жатыр. Атап айтқанда: көктемгі егіс пен күзгі орақ жұмыстарын қаржыландыру; ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке алу; қайта өңдеу кәсіпорындарына айналым қаражатын толықтыру; бордақылау алаңдарына ірі қара мен ұсақ мал сатып алу. Жеңілдетілген қаржыландыру бағыттары алдағы уақытта да кеңейтіле береді. Осы құралдар арқылы шаруалар бұрынғыдай субсидия сұрамай-ақ, бірден 5% мөлшерлемемен несие немесе лизинг рәсімдей алады.

Мемлекетке де бұл жүйе анағұрлым оңайырақ көрінеді – 2029 жылға дейін тікелей ақшалай субсидия беру жүйесінен бас тартып, түрлі бағыттар бойынша жеңілдетілген несиеге толық көшу жоспарланған. Бірақ заңды сауал туады: банктер мен өзге де қаржы ұйымдары үшін 5% жеңілдетілген несиенің нақты құнынан айырмашылығын кім өтейді? Әрине, бұл – мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіледі. Себебі 2025 жылдың қыркүйек айында бұқаралық ақпарат құралдары Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасай отырып, жаңа жеңілдетілген несиелеу жүйесі бойынша «банктер мен қаржы ұйымдары қаражат тарту кезеңінде сыйақы мөлшерлемесін төмендететін болады. Нәтижесінде шаруалар жылдық мөлшерлемесі 5%-дан аспайтын несие ала алады» деп жазған болатын .

2025 жылы бұл тәсіл алғаш рет Аграрлық несие корпорациясы арқылы сынақтан өткізіледі. Қазіргі таңда аталған корпорация жеңілдетілген мөлшерлемемен несие беруді бастап кетті. Осы бастаманы жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 7,7 млрд теңге субсидия қарастырылған. Пилоттық жоба аясында корпорация өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатын толықтыру үшін 44,3 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие ұсынуда. Ауыл шаруашылығы министрлігі нарықтық және жеңілдетілген мөлшерлемелер арасындағы айырмашылықты қаржы ұйымдарына тікелей өтейді. Мұндай тәсіл әкімшілік кедергілерді азайтып, жемқорлық қатерлерін төмендетуге және фермерлер мен өңірлік басқармалардың жаппай араласуынсыз бюджет қаражатын тиімді игеруге мүмкіндік береді.

Аграрлық несие корпорациясының ресми сайтында фермерлерге арналған 6 несие бағдарламасы көрсетілген. Атап айтқанда: «Агробизнес. Жаңа бағыт! Мал шаруашылығын дамыту», «Кең дала», «Кең дала 2», «Агробизнес», «Агробизнес 2.0» және «Іскер». Аталған алты бағдарламаның төртеуінде қаржыландыру арналары ретінде екінші деңгейлі банктер көрсетілген. Сонымен қатар, кейбір ірі банктер ауыл шаруашылығын қаржыландыруға арналған жеке бағдарламаларын іске қосқанын да хабарлады.

«ЖЕҢІЛДІК» ДЕСЕ – ЖОЛ БАСЫНДА БАНК ТҰРАДЫ

Ауыл шаруашылығына берілетін мемлекеттік қолдаудың тікелей субсидиядан жеңілдетілген несиелеуге ауысуы — банк секторының мүддесі ескерілген қадам сияқты әсер қалдырады. Мұны жоққа шығару қиын: жыл сайын Президенттен бастап Үкімет пен Парламент депутаттарына дейін қаржы ұйымдарын нақты секторға несие берудегі енжарлығы үшін сынға алып келеді. Шын мәнінде, агроөнеркәсіп секторы үшін нарықтық шарттармен несие алу өте қиын. Ұлттық банк инфляцияны тежеу мақсатында базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерген шақта, ауылдағы шаруалардың арзан ақшаға қол жеткізуі тіптен қиындай түсті. 2025 жылдың қаңтарындағы көрсеткішке сәйкес, базалық мөлшерлеме 15,25% деңгейінде болғанымен, бұл да ауыл кәсіпкерлері үшін ауыр салмақ. Банктердің үстеме маржасын ескерсек, ауыл шаруашылығына ұзақ мерзімді несие 21–23% жылдық мөлшерлемемен берілуі мүмкін. Бұл жағдай ауылдағы шаруалар үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз әрі қолайсыз.

Бір сәтте бірнеше топтың – шенеуніктердің, шаруалардың және банкирлердің – мүдделері бір нүктеде тоғысып қалғандай болды. Соның нәтижесінде мемлекеттік қолдау шаралары ең алдымен фермерлерге емес, банктерге бағытталып жатқандай көрінеді. Ауыл шаруашылығы өндірушілері, әрине, өздеріне қажет қаржыны – шартты түрде «арзан» деп саналатын (бірақ 5% мөлшерлеменің өзі шын мәнінде шаруалар үшін қолжетімді ме?) несиені алады. Ол қаражат экономикалық мультипликативті әсер беріп, қосымша құнның артуына, өндірістің кеңеюіне, өнім көлемінің ұлғаюына ықпал етуі тиіс. Несие сомасын және оған қосылған 5% үстемесін олар қандай жағдайда да қайтаруға міндетті. Алайда, негізгі пайда – яғни, нарықтағы 13% және одан жоғары мөлшерлеменің айырмасын өтеу арқылы – ешқандай өнім өндірмейтін, қосымша құн жасамайтын қаржы ұйымдарының еншісіне тиеді. Сонда бұл – мемлекет тарапынан банктердің нақты экономикаға аз да болса бет бұруына жасалған ынталандыру емес пе?

Мұнда қайсысы көбірек күмән туғызатынын тап басып айту қиын: аймақтарда фермерлерге тікелей берілетін, қағазбастылыққа толы, ашықтығы жоқ табиғи түрде қаржы үлестіру тәсілі ме, әлде түсінікті болғанымен, көп сауал тудыратын қаржы секторы арқылы жүзеге асатын жеңілдетілген несиелеу жүйесі ме?

Біздің ойымызша, Ауыл шаруашылығы министрлігіне екінші нұсқа көбірек ұнайтын сияқты. Себебі, ведомство жуырда фермерлер алдындағы субсидия қарыздарының өтелуі жөнінде есеп берген кезде мынадай мәлімет келтірген болатын:

«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған субсидияларды төлеу жұмыстары жоспарлы түрде жалғасуда. Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, берешек көлемін азайту және субсидиялау тетіктерінің ашықтығын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Басты мақсат – шаруларға дер кезінде қолдау көрсету және агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін тұрақты қаржылық жағдай қалыптастыру. Соңғы екі жылда салада ауыл шаруашылығы техникаларын жеңілдікпен несиелеу және лизингке беру тәжірибесі енгізілді. Бұл шаруларға техника жаңартуға, еңбек өнімділігін арттыруға және өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Осы шаралар субсидиялармен қатар аграрлық сектордың тұрақты әрі бәсекеге қабілетті дамуына ықпал етеді».

Жалпы алғанда, еліміздің барлық дерлік өңірінде 341,3 млрд теңге мөлшерінде берешектің жиналуы, соның ішінде 152,2 млрд теңгенің несие бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға тиесілі болуы – жергілікті бюджеттерде қаражат тапшылығының айқын белгісі. Берешек көлемінің 51 пайызы қаржылық жағдайы онша жақсы емес өңірлерге – Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына тиесілі. Ендігі сұрақ – жаңа жеңілдетілген несие беру жүйесі аясында мемлекет банктерге пайыздық мөлшерлеме айырмасын өтеу бойынша да қарыз жинай ма, жинаса қандай көлемде болады?

Мүмкін, осыған байланысты барлық қаржы мен пайыздық мөлшерлемелерді шоғырландыратын арнайы мемлекеттік аграрлық банк қажет шығар. Бірақ Үкімет бұл бастамаға түбегейлі қарсы. Бұл туралы біз жуырда да жазған едік .

Сондай-ақ, мемлекет шарулармен диалог орнатуға да аса мүдделі емес сияқты. Ал шаруалар өз салаларында субсидиялау нормалары мен схемаларын өздері айқындауы керек деп есептейді.

ШАРУАЛАРҒА СӨЗ ҚҰҚЫҒЫ БЕРІЛСІН!

Жуырда Мәжілістің жеті депутаты осындай бастамамен Олжас Бектеновке ресми түрде жүгінді :

«Субсидиялау жүйесіне қатысты екі ірі мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Біріншіден, субсидия көлемін есептеу кезінде мемлекеттік органдар фермерлердің нақты ішкі жағдайын, яғни олардың микроэкономикалық ахуалын ескермейді. Ескере де алмайды! Себебі әрбір шаруа қожалығының бухгалтерлік есебі — коммерциялық құпия болып табылады және ол тек қожайынының өзіне ғана мәлім. Субсидияның негізгі мақсаты — нақты шығынды өтеу. Ал шығын көлемі нақты белгісіз жағдайда, бір салаға төленетін субсидия мөлшері тым аз болып кетсе, енді бір салада ол артық болуы әбден мүмкін (…) Екіншіден, субсидия бағыттарын анықтау кезінде шаруалардың ұсыныстары есепке алынбайды. Мысалы, құрғақшылық жиі болатын өңірлер мемлекеттік органдардың есігін сан мәрте қаққанымен, нәтижеге жете алмады. Қысы ұзақ аймақтардың да өз ерекшеліктері бар. Сонымен қатар, шаруалар субсидия алушыларға қойылатын талаптар мен критерийлермен де келіспейді. Біз мұндай мәселелердің назарсыз қалып жатқанына талай рет куә болдық», – деп жазды депутаттар премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында .

Олардың пікірінше, субсидия көлемі жыл сайын артып келе жатқанына қарамастан, шаруалар бұл қолдауды шын мәнінде сезінбейді. Осы мәселені тиімді шешудің ең дұрыс жолы — субсидиялаудың нормалары мен бағыттарын анықтау құқығын фермерлердің өздеріне беру деп есептейді.

«Бүгінгі фермерлер – өз мүдделерін қорғай алатын, экономикалық жағынан сауатты азаматтар. Соңғы 20 жылда түрлі одақтар мен қауымдастықтар құрылды. Мәселен, Қазақстан фермерлер қауымдастығының өзінде 60 мыңнан астам шаруа бірігіп отыр. Жалпы саны 100-ден асатын осындай ұйымдардың барлығы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының құрамына кіреді. Сондықтан да біз субсидиялау саясатын жүргізу барысында оның бағыттары мен нормативтерін айқындау функциясын «Атамекен» палатасына жүктеуге болады деп есептейміз (…). Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті салалық органдар субсидиялау жұмысы бойынша әкімшілік міндеттерді атқара береді», – деп түйіндеді мәжілісмендер.

Біз тіпті бір сәтке депутаттардың ұсынысына Олжас Абаевич келісім берген күннің өзінде фермерлік ұйымдар мен «Атамекенде» әр теңге мен әр норматив үшін қандай тартыс басталып кететінін көз алдымызға елестетіп көрдік. Себебі қаржы бәріне керек. Оның үстіне, барлығы көбірек алғысы келеді.

Сондықтан да Премьер-Министр Олжас Бектенов депутаттарға, бұл ұсынысқа нақты жауап ретінде, қазіргі таңда кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес аясында нормативтік-құқықтық актілер жобаларын талқылау кезінде «Атамекен» палатасының да, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің салалық бірлестіктерінің де өкілдері қатысатынын айтты. Яғни, олардың пікір айту құқығы шектелген емес.

Жалпы, Премьер-Министр депутаттарға агроөнеркәсіптік кешенге арналған субсидиялар қазіргі таңда өтемақы сипатына ие екенін еске салды. Яғни, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер шығындарын алдын ала құжат жүзінде дәлелдеген жағдайда ғана мемлекеттен қолдау ала алады. Шынында жұмсалған қаражат республикалық бюджет есебінен өтеледі. Сонымен қатар, ол субсидиялау нормативтері уәкілетті мемлекеттік органның талдауына негізделіп есептелетінін атап өтті. Бұл талдауда экономикалық негіздеме, нарықтағы баға деңгейі мен өндірістік шығын көлемі ескеріледі.

Олжас Бектенов өз жауабында мұны ашық айтпағанымен, сөз астарында мынадай ой жатқандай көрінді: егер субсидия бөлуге қатысты есеп-қисапты толықтай қоғамдық ұйымдардың қолына берсе, бұл жүйе лоббизмнің құралына айналып, кімнің даусы мен ықпалы басым болса, сол көбірек қаржы алып кететін жағдайға ұласуы мүмкін. Ал бұл салаға 2025 жылы ғана бөлінген қаржы 1 триллион теңгеден асқанын ескерсек, тәуекел аз емес.

Ауыл шаруашылығы – маржасы төмен, бірақ елдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызы зор сала болғандықтан, әлемнің көптеген елдерінде мемлекеттік қолдауға ие. Бірақ Қазақстанда бұл қолдаудың ережелері тым жиі өзгеріп отырады – фермерлердің соған бейімделіп үлгеруі қиын. 2015 пен 2025 жылдар аралығында кемінде 6 рет субсидия беру тәртібі не айтарлықтай өзгертілген, не мүлдем жаңа жүйе енгізілген. Ал ұзақмерзімді жоспармен жұмыс істейтін сала үшін тұрақтылық пен алдын ала болжап отыру мүмкіндігі – табысты дамудың негізгі кепілі. Біз мұнда әлі нақты мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобаларға, фермерлерді өсіп-өркендеген орта тапқа айналдырамыз деген стратегияларға тіпті жақындағанда жоқпыз.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қазақстан мен Қырғызстан президенттері екіжақты келісімнің іске асырылуын талқылады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесті.

Венесуэла қауіпсіздік саласындағы тәжірибесімен көршілес елдермен бөлісуге дайын

Венесуэла президенті Николас Мадуро аймақтағы қылмыстық топтарға қарсы күрес жүргізу мақсатында көршілес мемлекеттерге азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірлескен операциялар өткізуге ұсыныс жасады.

АҚШ пен Украина арасындағы екі күндік келіссөздер айтарлықтай нәтиже бермеді

АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Джаред Кушнердің Украина Қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров және Украина Қарулы күштері Бас штабының бастығы Андрей Гнатовпен Майамиде өткен екі күндік келіссөздері айтарлықтай нәтиже әкелген жоқ, деп хабарлайды Bloomberg агенттігі.

Сеулде АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жаңа стратегиясындағы Оңтүстік Кореяның рөліне алаңдаушылық білдірілді

АҚШ-тың жаңартылған ұлттық қауіпсіздік стратегиясында Оңтүстік Кореяның қауіпсіздігі мен аймақтық рөлінің жеткілікті түрде ескерілмеуі Сеулде алаңдаушылық туғызуда, деп хабарлайды сенбі күні Ренхап агенттігі.