Евразия24Басты бетБизнеске қатысты жаңа айыппұлдар

Бизнеске қатысты жаңа айыппұлдар

|

|

Электр энергиясын тұтыну көлемінің артуы мен энергия тапшылығы жағдайында коммерциялық тұтынушылар үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу ұсынылды. Аталған ұсынысқа қатысты реттеуші әсерге талдау нәтижелері негізінде қоғамдық талқылау «Ашық НҚА» порталында 5 желтоқсанға дейін жүргізіледе. Мұндай бастама – елдегі энергия тұтынудың артуына байланысты қалыптасқан энергия тапшылығы жағдайында қисынды көрінеді. Дегенмен, мемлекет осындай жазалаушы сипаттағы тәсілдермен нақты нәтижеге қол жеткізе ала ма, деген сұрақ туындайды.

Қысқаша айтқанда, жағдай былай

2022 жылы «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» заңға өзгеріс енгізіліп, мемлекеттік энергетикалық тізілімге енген барлық субъектілерге (яғни, жылына 1 500 тонна шартты отыннан астам энергия тұтынатын шағын және ірі  бизнес өкілдеріне, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда) энергия аудиті немесе экспресс-аудиттің нәтижесі бойынша энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекіту міндеті жүктелді.

Іс жүзінде бұл талаптың орындалу деңгейі өте төмен: тізімге енген кәсіпорындардың 54%-ы әлі күнге дейін ешқандай жоспар әзірлемеген, тіпті жаңғырту шараларына мүлде кіріспеген. Дәл осындай немқұрайлық үшін жауапкершілік қарастырылмаған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін заң талабын елемегендерге айыппұл салу ұсынылып отыр. Бастапқыда бұл бастама орынды көрінгенімен, реттеушілік әсерді талдау құжатын зерделегенде бірқатар елеулі теңгерімсіздіктер көзге түседі.

Біріншіден, мемлекеттік мекемелердің бұл талаптан босатылуы түсініксіз көрінеді. Мемлекет өзі-өзіне айыппұл салуға ыңғайсызданатындай әсер қалдырады. Ал мыңдаған шаршы метрді алып жатқан мектептер, ауруханалар мен түрлі мемлекеттік мекемелер ең үнемшіл нысандар деп айтуға келе ме? Бұл жерде меншік түріне қарай кемсітушілікке жол беріліп отырған жоқ па?

Екіншіден, квазимемлекеттік сектор жауапкершілік аймағынан толық шығарылмағанымен, ауқымының үлкендігіне байланысты заң талабын толық орындаған күннің өзінде немесе оны орындамағаны үшін айыппұл салынса да, бұл олардың қаржылық жағдайына еш әсер етпейді деуге болады. Оның үстіне ұлттық компаниялар қағаз жүзінде Мемлекеттік энергетикалық тізімге енгізілгенімен, АРВ-да көрсетілген 54% заң бұзушының қатарында бұл компаниялар аталмайды. Ал шын мәнінде, ірі кәсіпорындардың көпшілігі дәл осы квазимемлекеттік секторға тиесілі. Осы ретте ұлттық бизнес өкілдерінің заң талаптарын қалай орындап жатқаны мүлдем беймәлім болып отыр.

Үшіншіден, бұл талаптар негізінен жеке секторға, оның ішінде шағын кәсіпорындарға ауыр салмақ салады. Мұндай жағдай, заңнама қатайған сайын, жиі қайталанып келеді.

Ал заң талаптарының орындалмауына әкімшілік жауапкершіліктің жоқтығы ғана себеп деп кесіп айту дұрыс бола ма? Бәлкім, мәселе мүлде басқада – әсіресе шағын бизнес үшін білікті маманның жетіспеуі немесе қаржы тапшылығы секілді түйткілдер бар шығар. Бірақ мұндай ықтимал кедергілер реттеуші тарапынан ескерілмей отыр.

АҚША ЖОҚ. АЛ ЕГЕР ТАУЫП АЛСАҚ…

Заң талаптарын орындау үшін жұмсалатын қаржы – өз алдына бөлек әңгіме. Айыппұлдан қашу мақсатында мұндай шығынға бару кейбір кәсіпорындар үшін оңайға соқпайды. Өнеркәсіп Министрлігінің айтуынша, бұл талаптар бизнеске шамадан тыс жүк болмауы тиіс. Алайда АРВ-дағы есептеулерге сүйенсек, орта бизнес (көлеміне қарамастан) келесі бес жылда шамамен 19,5–30 млн теңге көлемінде шығынға ұшырауы мүмкін:

  • 20 млн теңгеге дейін – қажетті инвестициялар мен техникалық қызмет көрсетуге;
  • 10 млн теңге – сараптамалық жұмыстарға;
  • 600 мыңнан 5 млн теңгеге дейін – бақылаушы органдармен өзара іс-қимыл мен есеп беруге жұмсалады.

Ірі кәсіпорындар үшін бұл сома аса ауыр болмауы мүмкін, ал шағын бизнес мұндай шығынды қалай көтереді?

Егер құжатты әзірлеушілер 1–4 миллион теңге көлеміндегі энергоаудит шығынын барлық субъектілер үшін елеусіз деп есептесе, бұл – қате пікір. Мемлекеттік қолдау, салықтық жеңілдіктер немесе жеңілдетілген қаржыландыру болмаса, әсіресе шағын және орта бизнес үшін бұл талаптар елеулі жүктеме болмақ. Қазір кәсіпорындар инфляция салдарынан жалақыны көтеру қажеттілігіне тап болып отыр, ал мұндай жағдайда өзге шығындарды көтеруге мүмкіндік болмауы мүмкін.

Бизнес өкілдерінің заң талаптарын орындауға шығындануы, тіпті айыппұл салынса да, өте күмәнді. Себебі заң жобасында көзделген айыппұл мөлшері – алғашқы бұзушылық үшін шағын, орта және ірі бизнеске сәйкесінше 5, 10 және 100 АЕК, ал қайталап бұзғаны үшін – 10, 20 және 200 АЕК. Тіпті қайталанған жағдайда да айыппұл төлеу, энергоаудит пен жоспар әзірлеуге кететін ең төменгі 2–6 млн теңгемен салыстырғанда, 10 есеге дейін арзан. Бұл тек бастапқы шығындар, одан кейінгі іс-шаралар туралы айтпаса да болады.

Егер Индустрия және құрылыс министрлігінің мақсаты – мемлекеттік энергетикалық тізімге енгізілген субъектілердің тәртібін күшейту болса, бұл шараның тәртіпке шақыру ықпалы нөлге жуық деп бағалануы мүмкін. Біз саралап отырған құжатқа  қарағанда, кәсіпорындарда заң талаптарын тек қағаз жүзінде орындап, нақты инфрақұрылымға инвестиция құюсыз-ақ энергетикалық тиімділікке қатысты талаптарды орындауға мүмкіндігі бар.

АРВ құжатында «жоспар әзірленіп, бекітіледі (…) және жыл сайынғы есепке қоса ұсынылады» деп көрсетілгенімен, онда жоспардағы іс-шараларды нақты іске асыру, оларды қаржыландыру немесе энергия тиімділігі бойынша көрсеткіштерге қол жеткізу міндетті екені жөнінде бірде-бір талап жоқ. Яғни, заң талаптарын орындау барысында кәсіпкерлік субъектілері қағаз жүзінде энергоаудит жүргізіп, іс-шараларды кейінге қалдыруды көздейтін «жоспар» әзірлеп, оны бекітіп, ешқандай нақты жаңғыртуға кіріспестен-ақ әкімшілік жауапкершіліктен жалтара алады.

Айта кетейік, бұл тәуекелдер АРВ құжатында атап өтілген. Алайда бұдан әрі нақты механизмдер ұсынылмаған. Энергия үнемділігі бойынша іс-шаралар жоспарының болмауына қатысты айыппұл енгізу тек құжат айналымын арттырады, бірақ нақты жұмысты ынталандырмайды. Мұны Индустрия және құрылыс министрлігінің өзі де мойындайды – құжатта ірі тұтынушылар үшін энергетикалық тәртіп қалыптастырудан бөлек, энергия үнемділігі бойынша жұмыстардың жүргізілмеуі елдің энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төндіреді делінген. Егер мәселе шынымен соншалықты маңызды болса, онда неге мұндай жаза қарастырылған?

Жалпы алғанда, заң талаптарын орындаған бизнестің мүддесін қорғайтын, олар үшін бұл тиімді болатындай ынталандыру шаралары қажет-ақ. Алайда біз АРВ құжатынан мұндай механизмдерді таппадық.

ОҢ БОЛҒАНЫН ҚАЛАДЫҚ…

Тағы бір назар аудартатын жайт – АРВ құжатының бір бөлімінде оның «ашықтығына» қатысты мынадай сұрақ қойылған: «Қажет болған жағдайда мүдделі кәсіпкерлік субъектілерінің қатысуымен қоғамдық талқылаулар (қоғамдық тыңдаулар) өткізілді ме?».

Бұл сұраққа мынадай жауап берілген: «Қоғамдық тыңдаулар 2025 жылдың __ ________ күні өткізілді. Тыңдауға шамамен ___ мүдделі тарап қатысты, олардың қатарында уәкілетті мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен қауымдастықтар бар».

Кейбіреулер күн мен қатысушылар санын енгізуді ұмытып кеткен сияқты немесе ондай мәліметтер мүлде жоқ болуы да мүмкін. Құжат қазір қоғамдық талқылауға ұсынылған, бірақ бұл қоғамдық тыңдалыммен бірдей емес.

Сонымен қатар, Кәсіпкерлік кодексте жаңа бір талап енгізілсе, мемлекет екі ескі талапты алып тастауға міндетті екені жазылған. Алайда Индустрия және құрылыс министрлігі қандай да бір талапты жою көзделмегенін айтып отыр, себебі бұл мәселе ұлттық қауіпсіздікпен байланысты деп түсіндіреді. Бірақ қандай нақты қауіп бар екені құжатта нақты көрсетілмеген. Тіпті ондай қауіп расымен болса да, ұсынылып отырған символикалық айыппұлдардың оның алдын алуға қауқарсыз екені аңғарылады.

Индустрия және құрылыс министрлігінің индикаторларға қатысты болжамдары тым оптимистік көрінеді – 2029 жылға қарай барлық кәсіпорындар жыл сайын энергия тиімділігін арттырып, энергия тұтынуды азайтады деп күтілуде. Шын мәнінде солай боларына сену қиын. Ведомство талаптарын орындай алмайтын кәсіпорындар қаржылық қиындыққа тап болатынын ескермей отыр. Айталық, мемлекет айыппұл енгізіп, заңда көрсетілген жоспардың бар-жоғына байланысты жаппай тексеру жүргізсе де, мұндай бақылау барысында теріс пиғылды әрекеттер болмауына кім кепіл? Кәсіпорындар тарапынан қағаз жүзінде жоспарларды бекіту тәжірибесі жемқорлық тәуекелдеріне алып келмесіне кім кепіл?

Қағаз бәріне төзеді, оған кез келген қиялға толы болжамды жазуға болады. Дегенмен, ұсынылып отырған шаралар нақты нәтижеге жеткізеді деу қиын. Олар елдегі энергия тұтыну тәртібін реттеуге де, ірі кәсіпорындарды өндірісті жаңғыртуға ынталандыруға да айтарлықтай әсер етпейді. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске энерготиімділік жоспарының болмауына байланысты жауапкершілік енгізіле ме, әлде бұл құжат әлі де жан-жақты қайта қарала ма?

 

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қазақстан мен Қырғызстан президенттері екіжақты келісімнің іске асырылуын талқылады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесті.

Венесуэла қауіпсіздік саласындағы тәжірибесімен көршілес елдермен бөлісуге дайын

Венесуэла президенті Николас Мадуро аймақтағы қылмыстық топтарға қарсы күрес жүргізу мақсатында көршілес мемлекеттерге азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірлескен операциялар өткізуге ұсыныс жасады.

АҚШ пен Украина арасындағы екі күндік келіссөздер айтарлықтай нәтиже бермеді

АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Джаред Кушнердің Украина Қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров және Украина Қарулы күштері Бас штабының бастығы Андрей Гнатовпен Майамиде өткен екі күндік келіссөздері айтарлықтай нәтиже әкелген жоқ, деп хабарлайды Bloomberg агенттігі.

Сеулде АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жаңа стратегиясындағы Оңтүстік Кореяның рөліне алаңдаушылық білдірілді

АҚШ-тың жаңартылған ұлттық қауіпсіздік стратегиясында Оңтүстік Кореяның қауіпсіздігі мен аймақтық рөлінің жеткілікті түрде ескерілмеуі Сеулде алаңдаушылық туғызуда, деп хабарлайды сенбі күні Ренхап агенттігі.