Астана. 9 желтоқсан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – 2026 жылдың вегетациялық кезеңінде Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде су тапшылығы 1 млрд текше метрге дейін жетуі ықтимал. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында су аз кезеңнің жалғасатыны расталған.
«2026 жылғы вегетациялық кезеңде судың болжамды келуі небәрі 1–2 млрд текше метр көлемінде бағаланып отыр, бұл су тапшылығының 1 млрд текше метрге дейін жету қаупін туындатады», – деді Қанат Бозымбаев.
Ол Шардара су қоймасына түсетін су көлемі 43%-ға азайғанын, ал Нарын–Сырдария каскадындағы су қоры өткен жылмен салыстырғанда 3,8 млрд текше метрге кем екенін атап өтті. Жамбыл облысында су қоймаларының толу деңгейі небәрі 41%-ды құрайды, сондай-ақ Киров және Теріс-Ащыбұлақ су қоймаларының толық толмау қаупі сақталып отыр.
Сонымен қатар Премьер-министрдің орынбасары 2025 жылы су тапшылығының күшеюіне қарамастан, кейбір өңірлерде ылғал сүйгіш дақылдар егілетін алқаптарды қысқарту жөніндегі жоспарлар орындалмағанын еске салды.
Дегенмен су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша оң динамика сақталуда. Мұндай технологиялар қолданылатын егіс алқаптарының жалпы көлемі 543,5 мың гектардан асты, жыл сайынғы өсім шамамен 150 мың гектарды құрайды. Мемлекеттік қолдау да айтарлықтай күшейтілген: 2026–2028 жылдарға арналған бюджетте 228,1 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 214,6 млрд теңге инвестициялық субсидияларға бағытталады.
Оңтүстік өңірлердегі көшпелі кеңестердің қорытындысы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне және Су ресурстары және ирригация министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, екі аптаның ішінде су пайдалану лимиттерін айқындау және ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарын әзірлеу тапсырылды.
1 ақпанға дейін су қорының пессимистік нұсқасы бойынша лимиттер нақтыланады, ал 1 наурызға дейін ылғал сүйгіш дақылдардың егіс құрылымы қайта қаралады.
Бұдан бөлек, әкімдіктер фермерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кемінде 100 гектар алқапта жаңа ылғал үнемдейтін препараттарды сынақтан өткізуі тиіс. «Қазсушар» кәсіпорны суармалы суды жеткізу жөніндегі шарттарды тек бекітілген лимиттер аясында ғана жасайтын болады. Ал Су ресурстары және ирригация министрлігі 1 ақпанға дейін 2026 жылы судың «қара нарығын» жоюға бағытталған іс-шаралар жоспарын әзірлеуі керек.
Өз кезегінде Премьер-министр Олжас Бектенов жергілікті атқарушы органдарға вегетациялық маусымға дейін гидротехникалық құрылыстар мен ирригациялық арналарды жөндеуді, сондай-ақ егіс алқаптарын әртараптандыру көрсеткіштерінің қатаң орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Үкімет басшысы Су ресурстары және ирригация министрлігі суару суын бекітілген лимиттерден тыс беруге жол бермеуі тиіс екенін атап өтті.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі тиісті кестені бекітті. Алдағы барлық жұмыс осы кестеге қатаң сәйкестікте жүргізілуі тиіс. Егер шаруашылыққа 100 гектар белгіленіп, ертең бір гектарға артық егіс егілсе, біз бір тамшы да су бермейміз. Бекітілген көрсеткіштер бұзылып, фермерлер шығынға ұшыраған жағдайда, бюджеттен бір де бір теңге өтелмейді. Бұл – қабылданған нақты шешім, оны халыққа ашық жеткізу қажет», – деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ ол 2026 жылғы шілдеде Шардара топтық су құбырының құрылысы аяқталатынын еске салып, бұл қала тұрғындарын ауызсумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтты.
«Су ресурстары және ирригация министрлігі мен шекаралас өңірлердің әкімдіктері көршілес елдермен қажетті су көлемінің уақтылы келуін қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыс жүргізуі қажет», – деп түйіндеді Премьер-министр.
9 желтоқсандағы ресми валюта бағамы – 1 АҚШ долларына 508,3 теңге.




