Евразия24ЖаңалықтарБельгия ЕО ұсынған кепілдіктерді жеткіліксіз деп санайды

Бельгия ЕО ұсынған кепілдіктерді жеткіліксіз деп санайды

|

|

Лондон. 18 желтоқсан. ИНТЕРФАКС – Бельгия Украинаға «репарациялық несие» беру үшін Ресейдің бұғатталған активтерін пайдалану жағдайында ұсынылған кепілдіктерді жеткіліксіз деп есептейді. Бұл туралы Financial Times газеті хабарлады.

Басылымның Еуроодақтағы жоғары лауазымды дереккөздерге сілтеме жасап жазуынша, құқықтық кепілдіктер бойынша белгілі бір ілгерілеу болғанымен, Ресейге қаражатты қайтару қажеттілігі туындаған жағдайда жедел қолма-қол ақшаға қол жеткізуді қамтамасыз ететін өтімділік тетігі, сондай-ақ Ресей аумағындағы Euroclear активтерін қорғау мәселелері әлі де шешілмей отыр.

Бұған дейін ЕО шенеуніктері Бельгия премьер-министрі Барт де Вевермен және елдің өзге де өкілдерімен Ресейдің бұғатталған активтерін Украинаға арналған репарациялық несиеге пайдалану мәселесін талқылау үшін кездескен.

Дереккөздердің айтуынша, де Вевер бұғатталған активтерді пайдаланудың орнына ЕО-ның ортақ бюджетінің кепілдігімен мүше елдердің бірлескен қарыз алу тетігін қолдауды ұсынған.

Алайда Еурокомиссия мұндай шешім үшін ЕО елдерінің бірауыздан келісімі қажет екенін, ал Венгрия бұл бастамаға вето қоятынын алдын ала мәлімдегенін атап өтті.

«Негізгі текетірес ортақ қарызды қолдайтындар мен оған қарсы елдер – Германия, Нидерланды және басқа да “үнемшіл мемлекеттер” арасында болып отыр», – деді ЕО-ның жоғары лауазымды дипломаты.

Бейсенбі күні басталған Еуроодақ саммитінде Украинаға қаржылай қолдау көрсету, оның ішінде Ресейдің бұғатталған активтерін пайдалану мәселесі де қарастырылуда.

Бұған дейін Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен саммитте Украинаны қаржыландырудың екі нұсқасы талқыланатынын айтқан: ЕО бюджеті есебінен немесе Ресейдің бұғатталған активтерін пайдалана отырып «репарациялық несие» беру арқылы.

«Мен қаражат бөлуге қатысты екі ұсыныс енгіздім. Біріншісі – ЕО бюджеті арқылы қаржыландыру, екіншісі – репарациялық несие», – деді ол саммит қарсаңында журналистерге.

Бельгияның қосымша кепілдіктерді талап етіп отырғанына қатысты фон дер Ляйен: «Мен Бельгияның алаңдаушылығын ескеруге бағытталған ұстанымын толық қолдаймын», – деп мәлімдеді.

Брюссельде орналасқан Euroclear қаржы депозитарийінің басқаруында Ресейдің ЕО аумағында бұғатталған 210 млрд еуроға жуық активінің басым бөлігі сақтаулы. Еурокомиссия осы қаражатты Украинаны қолдау үшін пайдалануды ұсынып отыр. Бұл бастамаға Бельгиядан бөлек Венгрия, Словакия, Италия, Болгария, Мальта және Чехия да қарсы. Аталған елдердің пікірінше, Ресей активтерін тәркілеу елеулі құқықтық салдарға әкеліп, ЕО қаржы жүйесіне деген сенімді әлсіретуі мүмкін.

Бұған дейін Еурокомиссия ЕО аумағында бұғатталған Ресей активтерінің 210 млрд еуросын Украинаға берілетін несиені қаржыландыруға пайдалануды ұсынған. Алғашқы кезеңде екі жыл ішінде 90 млрд еуро бөлу көзделіп отыр.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қазақстандағы алаяқтықтың жаңа толқыны

Телефон алаяқтарының қоңырауы күн санап үдеп барады. Қоңырау шалатындардың басым бөлігі орыстың оңтүстік диалектісінде сөйлейді, алайда арасында басқалары да кездеседі. Сондықтан Үкімет жастарды жұмыспен қамту мәселесіне бүгіннен бастап жүйелі түрде назар аударуы қажет. Өйткені еңбек нарығындағы жағдай қолайсыз қалыптасса, қылмыстық топтардың қатары мұндай әрекетке бейімі бар аз ғана адамдардың есебінен ғана емес, қалыпты жағдайда адал еңбекпен табыс табуды таңдайтын жастардың да есебінен толығуы мүмкін.

«Жасыл» энергия үшін артық төлем

inbusiness.kz сайтында «Қазақстандықтар "жасыл" электр энергиясы үшін 71 млрд теңге артық төлеген» деген тақырыппен сенсациялық мақала жарияланды. «Атамекен бизнес» кәсіпкерлік медиахолдингінің өзі осындай мәселені ашық жазып, дабыл қаққанына қарағанда, жағдайдың шынымен де ушыққаны байқалады.

Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

АҚШ пен Иранның келесі келіссөзі Пәкістанда немесе Швейцарияда өтуі мүмкін

АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің келесі кезеңі Пәкістан астанасы Исламабадта немесе Швейцарияның Бюргеншток курортында өтуі ықтимал. Бұл туралы жексенбі күні Пәкістанның Dawn порталы дипломатиялық дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.