Зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде маңызды мәселелердің бірі – еңбек өтілін растау. Алайда, тәжірибеде жұмыс өтілін дәлелдейтін негізгі құжат – еңбек кітапшасының жоғалуы, онда тиісті жазбалардың, мөрлердің болмауы немесе әртүрлі түзетулер мен дәлсіздіктерді болу мүмкін. Мұндай жағдайларда Қазақстан Республикасының заңнамасында еңбек өтілін растаудың баламалы тәсілдері көзделген. Осындай өзекті тақырыпқа қатысты «Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департамені РММ» №2 зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Бимурзаева Қарлығаш Көпшілбайқызы нақты азамат тарапынан жасалатын жұмыстар тізбегін жазып берді.
Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224-VII Әлеуметтік кодексінің 209-бабының 2-тармағына сәйкес, азаматтың жұмыс стажы еңбек кітапшасымен расталады. Ал егер бұл құжат жоғалса не ондағы жазбалар жарамсыз деп танылса, еңбек өтілі жұмыс туралы мәліметтерді растайтын баламалы құжаттар не сот шешімі негізінде айқындалады.
Баламалы құжаттар арқылы өтілді растау
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы № 232 бұйрығымен бекітілген Қағидаларға сәйкес, еңбек кітапшасы болмағанда не онда қателіктер орын алса6 мынадай құжаттар заңды күшке ие болады:
- Архив мекемелерінің анықтамалары– мемлекеттік немесе ведомстволық архивтің уәкілетті қызметкерінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен (ЭЦҚ) куәландырылған электрондық көшірмелері мен анықтамалары;
- Жұмыс орнынан берілетін анықтамалар– ұйымның немесе оның заңды құқық мирасқорының бұйрықтарға, еңбек шартына сілтеме жасай отырып берген ресми құжаты;
- Сот шешімі– мұрағатта деректер сақталмаған немесе мекеме толық тарап кеткен жағдайда, еңбек қызметінің заңды фактісін анықтау бойынша сот берген шешім.
Егер ұйым жабылып, құжаттары архивке тапсырылмаған болса, азаматтар сотқа арызданып, куәгерлердің түсініктемелері мен жанама дәлелдемелер (бұйрық көшірмелері, кәсіподақ билеті, марапаттау кағаздары т.б.) арқылы еңбек өтілін қалпына келтіре алады.
Міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) рөлі
Зейнетақы жүйесіндегі тағы бір маңызды аспект – міндетті зейнетақы жарналарының тұрақты әрі толық аударылуы. Аталған Қағидалардың 3-тармағына сәйкес, егер МЗЖ толық немесе уақтылы аударылмаған болса, жарналардың аударылған кезеңі:
- Жұмыс берушінің (немесе құқық мирасқорының) бекітілген нысан бойынша берген анықтамасымен;
- Архив мекемесінің МЗЖ аударылғаны туралы анықтамасымен (мұнда аударылған кезең мен еңбек қызметінің мерзімі өзара сәйкес келуі шарт);
- Міндетті зейнетақы жарналары аударылған кезеңді айқындайтын сот шешімімен расталады.
Алдын ала дайындық – уақытты үнемдеп, жүйкеңізді сақтайды
Мамандар азаматтарға, әсіресе 1998 жылға дейінгі және электрондық ақпараттық жүйелерге енбей қалған еңбек кезеңдері бар тұлғаларға құжаттарын алдын ала тексеруді ұсынады. Зейнетке шығуға бірнеше ай немесе бір жыл қалғанда еңбек кітапшасын сараптамадан өткізіп, жетіспейтін анықтамаларды архивтерден алдырған жөн.
Зейнетке шығу процесі тиісті құжаттар базасын сапалы әрі толық жинақтаудан бастау алады. Еңбек кітапшасы, табыс деңгейін айғақтайтын құжаттар, сондай-ақ әлеуметтік мәртебені айқындайтын куәліктер бұл орайда басты рөл атқарады. Құжаттарды рәсімдеу ережелері мен жалпы құжаттар пакетіне қатысты толыққанды ақпаратты сондай-ақ арнайы ақпараттық ресурстан толығырақ біле аласыздар.
Кез келген түсінікіз жағдай немесе сұрақтар туындағанда тұрғылықты жер бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының (ХҚКО) мамандарына жүгінуге болады. Құжаттарды уақтылы реттеу мен қалпына келтіру артық әурешілік пен бюрократиялық кедергілерден сақтайды және зейнетақы төлемдерінің созбалаңға салынбай, өз уақытында тағайындалуын қамтамасыз етеді.




