Energyprom сарапшылары Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты жаңа деректерді жариялады. Зерттеу нәтижелерінде бір-біріне кереғар үрдістер байқалады. Бір жағынан, азық-түлікке қаражат жетпей қалуы мүмкін деп алаңдайтын азаматтардың үлесі азайған. Екінші жағынан, тамақтануға мүмкіндігі шектелген адамдар саны артып отыр. Олардың арасында күнделікті тамақтану санын азайтуға мәжбүр болғандар, тіпті кей күндері мүлде тамақ ішпей қалатындар да бар. Азық-түлік тапшылығы баға деңгейі жоғары қалаларда емес, ауылдық жерлерде көбірек байқалады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің едәуір бөлігі өндірілетін елді мекендерде мұндай жағдайдың қалыптасуы ойландырмай қоймайды. Қазақстан халқының 36%-дан астамы ауылдық жерде тұратынын ескерсек, мәселенің ауқымы да айтарлықтай.
Energyprom ұсынған талдауға толығырақ тоқталайық. Зерттеу Ұлттық статистика бюросының ресми деректері негізінде жасалған.
2026 жылы азық-түлік сатып алуға қаражаты жетпей қалатынына алаңдаған қазақстандықтардың үлесі 3,4%-ды құрады. Толыққанды әрі дұрыс тамақтануға мүмкіндігі жоқ екенін көрсеткендер – 2,5%, ал тағам рационы жеткіліксіз азаматтардың үлесі – 2,8%. Жалпы көрсеткішпен салыстырғанда бұл сандар көп болып көрінбеуі мүмкін.
Азық-түлік тапшылығының деңгейін анықтаудың арнайы әдістемелері де бар. Соның бірі – БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) қолданатын халықаралық FIES шкаласы. Бұл әдістеме азық-түлікке қолжетімділіктің қиындауын жеңіл деңгейден бастап, тамақтың мүлде жетіспеуіне дейін бірнеше саты бойынша бағалайды.
Осы шкала бойынша Қазақстанда мынадай көрсеткіштер тіркелген:
- қажетті мөлшерден аз тамақтанатындар – 1,7%;
- үйінде азық-түлік мүлде қалмайтын жағдайға тап болғандар – 1,6%;
- кейде тамақтан бас тартуға мәжбүр болғандар – 1,3%;
- ашығып, тамақ ішуге мүмкіндігі болмағандар – 1,2%;
- күні бойы тамақ ішпей қалғандар – 1,0%.
Бұл жерде әңгіме Ұлттық статистика бюросының үй шаруашылықтарын зерттеу аясында сауалнамаға қатысқан азаматтар туралы болып отыр. Іріктеуге өзін аз қамтылғандар қатарына жатқызған респонденттердің небәрі 0,1%-ы енген.
Ал жалпы ел бойынша 2026 жылдың I тоқсанында табысы төмен азаматтардың саны 1 млн адамнан асып, халықтың 4,9%-ын құрады. Бұл санатқа табысы 64,2 мың теңге мөлшеріндегі ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз азаматтар жатады. Ұлттық статистика бюросының сауалнамасына қатысқан аз қамтылғандардың жартысына жуығы тамақ тапшылығын тікелей сезінетінін айтқан.
Қалған респонденттер де табысының 48%-ға дейінгі бөлігін тек азық-түлікке жұмсайды.
«КЕНИЯ ЗАҢЫ» ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЛАЙ КӨРІНІС ТАПТЫ?
Азық-түліктің халыққа қолжетімді болуы елдің экономикалық әл-ауқатымен тікелей байланысты. Our World in Data деректеріне сәйкес, табыс деңгейі жоғары елдерде тұрғындар азық-түлікке ақшалай мәнде көбірек жұмсағанымен, бұл шығын олардың жалпы бюджетінің аз ғана бөлігін құрайды. Ал табыс деңгейі төмендеген сайын азық-түлік шығынының отбасы бюджетіндегі үлесі арта түседі.
«Швейцарияда үйде тұтынатын азық-түлікке жұмсалатын орташа қаражат Кениямен салыстырғанда АҚШ долларымен есептегенде төрт еседен астам көп болды. Соған қарамастан, Швейцарияда азық-түлікке тұтынушылық шығындардың 10%-дан азы жұмсалса, Кенияда бұл көрсеткіш 60%-ға жуықтады. Яғни табысы жоғары елдердің тұрғындары азық-түлікке көбірек қаражат жұмсап қана қоймай, тұрғын үй, білім беру, киім-кешек пен денсаулық сақтау секілді өзге де маңызды қажеттіліктерге жеткілікті қаржы бөле алады», – делінген жарияланымда.
Салыстырмалы түрде алып қарасақ, америкалықтар табысының 6–10%-ын азық-түлікке жұмсайды. Ұлыбританияда бұл көрсеткіш – 8,2%, Швейцарияда – 8,7%, Австралияда – 9,8%. Еуропа елдерінде орта есеппен 10–15% аралығында.
Бразилия, Аргентина, Мексика және Қытай секілді ірі дамушы экономикаларда азық-түлік шығыны 15–25% шамасында. Ал Қазақстан, Филиппин, Үндістан және Украина кіретін табысы орташа деңгейден төмен елдерде азық-түлікке жұмсалатын қаражаттың үлесі едәуір жоғары – табыстың 30–48%-ына дейін жетеді. Одан кейін бұл көрсеткіш одан да жоғары кедей елдер орналасады.
Негізгі тақырыптан сәл ауытқып кеттік. Дегенмен бұл Қазақстандағы халық шығынының құрылымы көңіл көншітпейтінін өзгерте қоймайды. Оның үстіне, табыстың 48%-ы азық-түлікке жұмсалатын жағдайда азық-түлік бағасы тұрақты болса бір жөн.
2026 жылғы тамызда азық-түлік бағасының жылдық өсімі 9,5%-ды құрады. Ал күнделікті тұтынатын негізгі өнімдердің бірқатары бұдан да қымбаттады. Шұжық бағасы – 14,3%, ет пен құс еті – 12,9%, қышқыл сүт өнімдері – 13%, балық пен теңіз өнімдері – 12,3%, макарон өнімдері – 12,2%, ірімшік пен сүзбе 10,4%-ға өсті. Статистикадағы оң көрсеткіштің бірі – маусымдық кезеңде жеміс-жидек пен көкөніс бағасының 2,2%-ға арзандауы. Алайда халықтың күнделікті ас мәзірін сәбіз бен алмаға ғана сүйеніп қалыптастыру мүмкін емес.
АЛ АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІНІҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАНДАЙ?
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми дерегіне сәйкес, 2025 жылы агроөнеркәсіп кешеніне көрсетілген мемлекеттік қолдау көлемі 1 трлн теңгеге жетті. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 10 есе көп. 2026 жылы саланы жеңілдікпен қаржыландыру көлемін 1,5 трлн теңгеге жеткізу міндеті қойылған.
«Соңғы жылдары аграрлық салада тұрақты өсім байқалады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі екінші жыл қатарынан ұлғайды. 2025 жылы оның көлемі 9,8 трлн теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,9%-ға артты. 2024 жылы бұл көрсеткіш 8,3 трлн теңгені құрап, өсім 13,6% болған. Былтыр өсімдік шаруашылығы өнімінің көлемі 7,8%-ға, мал шаруашылығы өнімі 3,3%-ға көбейді. Саладағы оң нәтижеге жеңілдетілген қаржыландыру көлемінің айтарлықтай артуы елеулі ықпал етті», – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылғы ақпанда.
Арада екі ай өткен соң, сәуірде ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов азық-түлік тауарлары тұтыну себетінің 40%-дан астамын құрайтынын және инфляцияға елеулі ықпал етіп отырғанын мәлімдеді.
«Сонымен қатар өнімнің басым бөлігі жеткілікті көлемде өндіріледі. Бұл өндірілген өнімді сақтау мен өткізу арасындағы байланыстың дұрыс жолға қойылмағанын көрсетеді. Бағаны тұрақтандыру үшін өңірлер тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға 42,5 млрд теңге, ал «айналым схемасына» 78,2 млрд теңге бағыттады. Маусымаралық кезеңге 247 мың тонна картоп, пияз, қырыққабат және сәбіз қоры жасақталды. Алайда нарыққа қажетті өнімді дер кезінде шығару шаралары кей жағдайда кешігіп, қабылданған тетіктердің тиімділігін төмендеткен», – деп Ауыл шаруашылығы министрлігі ресми түрде мойындаған.
Демек, азық-түлік бағасын тұрақтандыруда әзірге бұрыннан белгілі тәсілдерге басымдық беріліп отыр: бюджет қаражаты «айналым схемасы» мен тұрақтандыру қорларын қаржыландыруға жұмсалады.
Сауда және интеграция министрлігі де бұл мәселеден тыс қалған жоқ. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бөлшек саудадағы бағасын бақылау осы ведомствоның құзыретіне кіреді.
«Сауда үстемесінің белгіленген мөлшерін сақтау мәселесіне ерекше назар аударылуда. 2026 жылғы 27 тамыздағы жағдай бойынша Сауда және интеграция министрлігінің аумақтық департаменттері 15%-дық сауда үстемесін асырғаны үшін жалпы сомасы 76 млн теңгеден астам 3 096 әкімшілік қаулы шығарды. 2025 жылдың қорытындысында мұндай 2 913 қаулы шығарылған болатын. Осылайша, биылғы көрсеткіш былтырғы жылдық көрсеткіштен 183 дерекке немесе 6,3%-ға асып түсті. Жыл басынан бері 5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мұнда фермерлер өз өнімдерін делдалсыз, тікелей сатады. Жыл соңына дейін тағы 4 мыңға жуық жәрмеңке өткізу жоспарланып отыр», – деп министрлік 1 қыркүйекте хабарлады.
Әрине, экономиканың тұрақтылығы демалыс күндері өтетін жәрмеңкелер мен шағын сауда орындарына салынатын айыппұлдарға ғана тәуелді емес деп үміттенеміз. Дегенмен азық-түлік бағасының қазіргі деңгейіне қарасақ, бағаны реттеу тетіктерінің тиімділігіне қатысты сұрақ аз емес.
НЕЛІКТЕН ЖЕКЕ ҚОСАЛҚЫ ШАРУАШЫЛЫҚ ИЕЛЕРІ ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНА ҚАРАҒАНДА ЖИІ АШЫҒАДЫ?
Енді ең маңызды мәселеге тоқталайық. Әдетте ауылда күнкөріс жеңіл деген түсінік бар. Өйткені аулада бақша егіп, құс ұстап, жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге мүмкіндік бар. Алайда Energyprom келтірген Ұлттық статистика бюросының сауалнама деректері жағдайдың басқаша екенін аңғартады.
Азық-түлік тапшылығының барлық негізгі көрсеткіші бойынша ауыл тұрғындарының үлесі қала тұрғындарына қарағанда екі есеге жуық жоғары:
- тамақтануды өткізіп жіберуге мәжбүр болғандар – ауылда 1,9%, қалада 1,1%;
- қажетті мөлшерден аз тамақтанғандар – ауылда 2,2%, қалада 1,5%;
- үйінде азық-түлік қалмай қалғандар – ауылда 1,9%, қалада 1,4%;
- тамақ болмағандықтан аш қалғандар – ауылда 1,8%, қалада 0,9%;
- күні бойы тамақ ішпей қалғандар – ауылда 1,8%, қалада 0,7%.
Мұның себебі неде болуы мүмкін? Мұны түпкілікті тұжырым деп қабылдамай-ақ, бір болжам жасап көрейік. Бүгінде қосалқы шаруашылықты, әсіресе шағын шаруашылықты ұстаудың өзі арзанға түспейді. Тауықты да, бақшаны да күтіп-баптау қажет, ал оған қаражат керек. Демек, шағын бақша мен қорадағы азын-аулақ мал-құстың өзі белгілі бір табыс көзінің болуын қажет етеді.
Оған қоса, жем-шөп пен суға ғана емес, электр энергиясына, киім-кешекке, тұрмыстық техникаға және басқа да күнделікті қажеттіліктерге ақша жұмсалады. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі өз өнімін нарыққа шығаратындықтан, тауық пен қызанақ сатып күнделікті тұрмысқа қажетті өзге шығындарды өтеу де оңай емес.
Ауылдағы өзін-өзі жұмыспен қамту да ноутбукпен отырып қашықтан жұмыс істейтін фриланс емес. Жұмыс табылған күннің өзінде, көбіне шаруа қожалықтарындағы маусымдық еңбекке тура келеді. Оның үстіне мұндай жұмыстың бәрі бірдей ресми түрде рәсімделе бермейді.
Мысал ретінде мына деректі келтірейік. 2025 жылдың II тоқсанында ауылдық жерлерде ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз табыс табатын халықтың үлесі 7,3%-ды құрады. Қалаларда бұл көрсеткіш небәрі 3,8% болды. Яғни ауыл тұрғындарының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпей қалу ықтималдығы қала тұрғындарына қарағанда екі есеге жуық жоғары.
Ендеше қала сыртында тұратын қазақстандықтардың үштен бірінің дастарқаны қалайша алуан түрлі болмақ? Оның үстіне, біз осыған дейін жеке қосалқы шаруашылық ұстай алатын, жағдайы біршама тәуір ауыл тұрғындары туралы ғана сөз қозғадық. Бірақ олардың ешқайсысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 31 түрін түгелдей өзі өндірмейтіні анық. Демек, қажетті өнімдердің бір бөлігін бәрібір сатып алуға тура келеді. Ал оған қаражаты жетпеген жағдайда, кейбір азық-түліктен бас тартуға мәжбүр.




