Астана. 22 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 126 адамнан тұратын Қазақстан Халық кеңесінің құрамын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
Президент сайтында сейсенбі күні жарияланған Жарлықта: «Қоса беріліп отырған Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітілсін. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», – деп көрсетілген.
Кеңес құрамына 126 адам кірді. Олардың арасында Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаттары Мұрат Әбенов, Ермұрат Бапи, Еділ Жаңбыршин, Нұртөре Жүсіп, Нұртай Сабильянов, Геннадий Шиповских, бұрынғы сенатор Андрей Лукин, сондай-ақ еліміздің қалалары мен облыстары мәслихаттарының бірнеше ондаған депутаты бар.
Халық кеңесінің құрамына бұрынғы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, «Қазақтелеком» ұлттық компаниясының басшысы Бағдат Мусин, Qarmet металлургия комбинаты директорлар кеңесінің төрағасы әрі Қазақстан машина жасаушылар одағы басқармасының мүшесі Андрей Лаврентьев, түрлі этномәдени бірлестіктер мен спорт қауымдастықтарының өкілдері және басқалар да енді.
Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін бұған дейін жұмыс істеген Қазақстан халқы Ассамблеясының орнына жаңа жоғары консультативтік орган – Халық кеңесі құрылды. Кеңесте еліміздегі барлық этностардың өкілдері қамтылған. Оның құрамындағы 126 мүшенің 42-сі этномәдени бірлестіктерден, 42-сі ірі қоғамдық бірлестіктерден, тағы 42-сі мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден ұсынылған.
Халық кеңесінің барлық мүшесін Президент тағайындайды, ал Кеңес төрағасын оның мүшелері сессия барысында сайлайды.
15 наурызда өткен референдумда қабылданған Қазақстанның жаңа Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енді.




