Евразия24Басты бетКвазифискалдық ынталандыру ЖІӨ өсімінің сапасына кері әсер етуде

Квазифискалдық ынталандыру ЖІӨ өсімінің сапасына кері әсер етуде

|

|

Ұлттық банктің ақша-кредит саясатына арналған соңғы баяндамасы көпшіліктің назарынан тыс қалды. Алайда бұл құжатта ел экономикасындағы үрдістерге қатысты бірқатар маңызды тұжырымдар бар. Осы материалды талдау барысында біз нені байқадық? Шын мәнінде, квазимемлекеттік институттар арқылы қомақты қаржы ағындары өтетін өзіндік бір «қосалқы бюджет» қалыптасып жатқандай әсер қалдырады. Ұлттық банк арзан қаржының экономикаға молынан құйылуы қатаң ақша-кредит саясатының тиімділігін төмендететінін атап өтеді. Базалық мөлшерлеме артық сұранысты тежеуге бағытталғанымен, квазимемлекеттік сектор инфляциялық қысымды күшейтуді жалғастырып отыр. Жоғары шикізат бағасының арқасында оң өсім көрсетіп отырған жалпы ішкі өнім құрылымдық шектеулермен бетпе-бет келуде. Ал егер квазифискалдық тетіктер тиісті бақылауға алынбаса, экономиканың номиналды өсімі сақталып тұрғандай көрінгенімен, оның мемлекеттік ынталандыруға тәуелділігі бұрынғысынша жалғаса береді.
ЖАҢА МАКРОЭКОНОМИКАЛЫҚ БАҒДАРЛАР
Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың шиеленісуі аясында 2026 жылға арналған негізгі болжам бойынша Brent маркалы мұнайдың орташа бағасына қатысты болжам едәуір қайта қаралды. Егер бұған дейін барреліне 66,3 доллар көлеміндегі консервативті бағалау қолданылса, енді бұл көрсеткіш 90,1 долларға дейін көтерілді.
Осыған сәйкес негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер де қайта есептелді. 2026 жылға арналған жалпы ішкі өнім өсімінің болжамы ақпандағы 3,5-4,5 пайыздан 4,5-5,5 пайызға дейін ұлғайтылды. Ал көп жылдан бері сақталып келген төлем балансының ағымдағы шотының созылмалы тапшылығы уақытша болса да оң аймаққа шығып, жалпы ішкі өнімнің шамамен 0,1 пайызы деңгейіндегі профицитпен алмасты.
Сондықтан ақша-кредит саясатын жүргізетін органдар жыл қорытындысы бойынша инфляцияның 9-11 пайызға дейін баяулап, 2027 жылы 5,5-7,5 пайыз деңгейіне дейін төмендеуіне негіз бар деп есептейді. Депозиттердің долларлану деңгейі соңғы 28 жылдағы ең төменгі көрсеткішке түсіп, шамамен 20 пайызды құрады. Біздіңше, бұл екі таңбалы пайыздық мөлшерлемелердің ықпалымен теңгедегі активтердің тартымдылығы бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткенін аңғартады. Ал жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызға дейін төмендеді.
Қысқаша айтқанда, Ұлттық банктің баяндамасынан шығатын негізгі қорытындылар осындай. Бір қарағанда, мұның бәрі экономикадағы оң үрдістерді көрсететіндей әсер қалдырады. Алайда статистикадағы қолайлы көрініс құрылымдық тәуекелдердің жойылғанын білдірмейді. Кейбір болжамдардың жақсаруы шикізат нарығындағы уақытша қолайлы жағдаймен және инвестициялық сұраныстың жоғары болуымен байланысты. Ал бұл сұранысты қалыптастыруда квазифискалдық ынталандыру шаралары елеулі рөл атқарып отыр.
Ұлттық банк мұнай бағасының көтерілуіне әсер еткен факторлардың уақытша сипатқа ие екенін ашық мойындайды. Реттеушінің болжамынша, 2026 жылдың соңына қарай әлемдік мұнай өндірісі қалпына келе бастайды, ал келесі екі жылда Brent маркалы мұнай бағасы тиісінше барреліне 75 және 65 долларға дейін төмендеуі мүмкін.
«Мұнай бағасының қазіргі динамикасы алдыңғы болжам кезеңіндегі күтілген деңгейден асып түсті. Бұған Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың шиеленісуі себеп болды.
Алайда мұнай бағасының алдағы өзгерісі әлі де жоғары деңгейдегі белгісіздік жағдайында қалып отыр. Ормуз бұғазы арқылы тасымал қозғалысы биылғы жылдың екінші жартысында қалпына келеді деп күтіледі. Сонымен қатар мұнай өндіру көлемі қақтығысқа дейінгі деңгейге тек 2026 жылдың соңына қарай толық оралады деген болжам бар. 2027 жылы әлемдік мұнай өндіру көлемі артады. ОПЕК елдерінде өндіріс орташа жылдық деңгейге қайта оралады, ал ұйымға кірмейтін мемлекеттерде, әсіресе Бразилия, Аргентина, АҚШ және Гайанада өндірістің ұлғаюы есебінен айтарлықтай өсім күтіледі. Жеткізілімдегі іркілістер мен мұнай бағасының жоғары болуы өндірістік шығындардың өсуіне ықпал етіп, экономикалық белсенділік пен мұнайға деген сұранысқа, әсіресе Азия елдерінде, кері әсерін тигізеді», – делінген Ұлттық банк баяндамасында.
«АРЗАН АҚША» ҰЛТТЫҚ БАНКТІҢ САЯСАТЫНА КЕДЕРГІ КЕЛТІРІП ОТЫР МА?
Қаншалықты тосын көрінгенімен, реттеушінің өзі ақша-кредит саясаты квазифискалдық ынталандырудың қарсы әсері жағдайында жүзеге асырылып отырғанын мойындайды. Ұлттық банк сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігін сақтау, шамадан тыс несие беруді шектеу және бизнес пен халықтың инфляциялық күтулерін тұрақтандыру үшін базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап отыр.
Нарықтық экономика қалыпты жұмыс істейтін жағдайда мұндай құралдар, әдетте, қарыз қаражатының қымбаттауына және баға өсімінің бәсеңдеуіне әкеледі. Алайда Қазақстанда жағдай өзгеше. Біздіңше, квазифискалдық сектордың ықпалы қолданылып жатқан ақша-кредит тетіктерінің тиімділігін төмендетіп отыр.
«2026 жылдың бірінші тоқсанында экономикалық белсенділік Ұлттық банктің күткен деңгейінен біршама жоғары қалыптасты. Жалпы ішкі өнімнің өсімі жылдық мәнде 3 пайызды құрады. Бұған инвестициялық белсенділіктің күткеннен де жоғары қарқынмен артуы ықпал етті. 2026 жылдың соңына дейін экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші квазифискалдық ынталандыру есебінен қолдау тауып отырған инвестициялық сұраныс болады. Экономикалық белсенділіктің қазіргі серпіні мен мұнай бағасының жоғары деңгейін ескере отырып, 2026 жылға арналған ЖІӨ өсімі бойынша болжам қайта қаралды. Нәтижесінде, 2026 жылы экономиканың өсімі 4,5-5,5 пайыз, 2027 жылы 3,5-4,5 пайыз деңгейінде болады деп күтілуде. Ал 2028 жылы өсім қарқыны өзінің әлеуетті деңгейіне жақындап, 3,5-4,5 пайыз аралығында қалыптасады», – делінген Ұлттық банк баяндамасында.
Біздің түсінігімізде квазифискалдық ынталандыру – бюджет тетіктері мен нарықтық пайыздық мөлшерлемелерді айналып өтіп, экономиканы қаржыландырудың ауқымды жүйесі. «Бәйтерек» және «Самұрық-Қазына» ұлттық холдингтері, даму қорлары мен даму институттарының арнайы бағдарламалары арқылы экономикаға субсидияланған, яғни жасанды түрде төмендетілген пайызбен миллиардтаған теңге тұрақты түрде бағытталып келеді. Мысалы, нарықтағы несие мөлшерлемесі шартты түрде 16-18 пайыз деңгейінде болса, квазимемлекеттік бағдарламалар «басым салаларға» жылдық 6-8 пайызбен қаржы ұсынады.
Мұның өзі қатарлас қаржыландыру жүйесінің қалыптасуына алып келмей ме? Бір жағынан, Ұлттық банк инфляцияны тежеу үшін ақша-кредит саясатын қатаңдатып жатса, екінші жағынан квазифискалдық тетіктер экономикаға қосымша өтімділік беруді жалғастыруда.
Біздіңше, мұның бірнеше жағымсыз салдары бар.
  • Нарықтық сигналдардың бұрмалануы. Компаниялар тиімділікті арттырып, шығындарды азайтуға ұмтылудан гөрі, арзан мемлекеттік қаржыға қол жеткізуге көбірек тәуелді бола бастайды. Соның салдарынан олардың өміршеңдігі бәсекеге қабілеттілігіне емес, жеңілдетілген несиелерге қолжетімділігіне байланысты болып қалады.
  • Базалық мөлшерлеменің ықпалы әлсірейді. Несие нарығының едәуір бөлігі ақша-кредит саясатын жүргізуші органдардың шешімдеріне сезімтал болмай қалады. Ұлттық банк мөлшерлемені қанша көтерсе де, субсидияланған қаржы ағыны сұранысты қолдауды жалғастыра береді. Соның нәтижесінде реттеуші қалыпты нарық жағдайында қажет болар мерзімнен әлдеқайда ұзақ уақыт бойы қатаң саясат ұстануға мәжбүр болады.
  • Нарықтық несиелеудің ығыстырылу қаупі күшейеді. Макроэкономикада коммерциялық банктер тәуекелі бюджет есебінен жабылатын мемлекеттік бағдарламаларға басымдық беріп, дербес түрде нарықтық жобаларды қаржыландыруға деген ынтасын жоғалтатын құбылыс бар. Мұндай жағдайда банктер экономиканың тәуелсіз қатысушыларын несиелеуден гөрі, мемлекеттік бағдарламалардың операторы рөліне көбірек бейімделеді.
Квазифискалдық ынталандыру номиналды сұранысты жоғары деңгейде ұстап тұруы мүмкін, бірақ оның өзі еңбек өнімділігінің артуына, бәсекенің күшеюіне немесе капиталдың тиімді бөлінуіне автоматты түрде жол ашпайды. Соның салдарынан кәсіпорындардың жеңілдетілген қаржыландыруға тәуелділігі ұзақ жылдарға созылуы ықтимал.
БАҒАНЫҢ МӘЖБҮРЛІ ТҮРДЕ ЖЕДЕЛ ӨСУІНІҢ СЕБЕПТЕРІ
Инфляцияның жоғары деңгейде сақталуының және оны қысқа мерзімде нысаналы 5 пайыздық межеге қайтарудың қиындауының тағы бір себебі – реттелетін бағалар мен салық саясаты саласында жылдар бойы жинақталған теңгерімсіздік.
Көптеген жылдар бойы мемлекет әкімшілік шаралар мен түрлі мораторийлер арқылы коммуналдық қызмет тарифтерін, жанар-жағармай бағасын және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құнын ұстап келді. Алайда Ұлттық банк мамыр айындағы баяндамасында мұндай саясаттың мүмкіндігі сарқылғанын атап өтеді. Тозығы жеткен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту қажеттілігі және бұрын енгізілген мораторийлердің аяқталуы тарифтердің өсуін іс жүзінде сөзсіз құбылысқа айналдырып отыр.
Яғни коммуналдық қызмет тарифтері мен жанар-жағармай бағасының қатар өсуі өндірістік тізбектерге тікелей де, жанама түрде де әсер етеді. Электр энергиясы мен жылу құны ел ішінде өндірілетін кез келген тауар мен қызметтің өзіндік құнына қосылып, шығындар инфляциясының қалыптасуына ықпал етеді. Осыдан халықтың инфляциялық күтулерінің жоғары болуы да заңды құбылыс. Бұл туралы Eurasia24 редакциясы бірнеше рет жазған болатын. Азаматтар да, бизнес те болашақтағы баға өсімін қазіргі жоспарларына алдын ала енгізіп, жалақыны көтеруді талап етеді және өз өнімдерінің бағасына қосылатын үстемені арттырады.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бизнеске түсетін салық жүктемесінің ұлғаюы қатаң ақша-кредит саясаты жағдайында кәсіпорындарды күрделі ахуалға алып келді. Бір жағынан, базалық мөлшерлеменің жоғары болуына байланысты қарыз қаражаты тым қымбаттап кетті. Екінші жағынан, салықтардың өсуі кәсіпорындардың айналым қаражатын қысқартуда. Соның салдарынан компаниялар табыстылық деңгейін сақтап қалу үшін артқан шығындарын түпкі тұтынушының мойнына артуға мәжбүр. Ал бұл өз кезегінде тұтыну бағасының өсуіне алып келеді.
Осылайша, бюджетті толықтыруды көздейтін фискалдық саясат қысқа мерзімді кезеңде Ұлттық банктің инфляцияны тежеуге бағытталған шараларымен қайшылыққа түсіп отыр. Соның салдарынан реттеушіге фискалдық және ақша-кредит саясаты өзара үйлесімді болған жағдайда қажет болар мерзімнен де ұзақ уақыт қатаң монетарлық талаптарды сақтауға тура келеді.
Жалпы алғанда, Ұлттық банктің баяндамасы Таяу Шығыстағы геосаяси дағдарыс пен мұнай бағасының жоғары болуы Қазақстан үшін құрылымдық реформаларды жүзеге асыруға қолайлы мүмкіндік туғызғанын аңғартады. Алайда қазіргі экономикалық саясат, ең алдымен, квазифискалдық инвестициялық қолдау ауқымын одан әрі кеңейтуге басымдық беріп отыр. Мұндай модель қысқа мерзімде экономикалық өсімді қолдайтыны сөзсіз. Бірақ сонымен бірге инфляциялық қысымды сақтап, ақша-кредит саясатының тиімділігін төмендетеді және экономиканың қордаланған құрылымдық мәселелерін шешуді кейінге ысырады.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Еуропадағы аптап ыстық электр энергиясының қымбаттауына және көлік жүйесіндегі іркілістерге әкелді

Еуропаны қамтыған аномальды аптап ыстық электр энергиясы бағасының күрт өсуіне және көлік қатынасындағы іркілістерге себеп болды. Бұл туралы The Guardian басылымы хабарлады.

Астана мен Бейжің қарым-қатынасы «алтын отызжылдық» кезеңіне қадам басты

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Қытайға жасаған сапары барысында ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Бұл туралы Қазақстан Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Вице-премьердің оптимистік көзқарасы

Премьер-министрдің орынбасары әрі Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Facebook желісінде тұрақты түрде жазба жариялап тұруды дағдыға айналдырған. Мұның өзі құптарлық жайт. Әсіресе алдағы Құрылтай сайлауы қарсаңында мұның маңызы арта түседі. Өйткені осы науқаннан кейін жаңа Үкімет құрамы жасақталады немесе қазіргі команданың өзін жақсы қырынан көрсете білген мүшелерінің негізінде бұрынғы құрам сақталуы да ғажап емес. Оның үстіне, ұлттық экономикаға жауапты министрдің жазбалары, әсіресе алдағы сайлау қарсаңында, оптимизмге толы болуымен ерекшеленеді. Яғни қазіргі жағдайдың өзі жаман емес, ал алдағы уақытта көрсеткіштер бірнеше есе жақсарады деген ой айтылады. Тіпті Ұлттық экономика министрі келтіретін кейбір көрсеткіштер аса әсерлі бола қоймаса да, ол оқырманның көңілін нормативтік межелермен салыстыру арқылы түсіруге асықпайды. Ең қызығы – бүгінгі көңіл көншітпейтін ахуалдың өзін болашақтағы зор жетістіктердің бастауы ретінде көрсете білуінде. Мұның да өз қисыны бар: бастапқы деңгей неғұрлым төмен болса, болашақтағы өсім де соғұрлым әсерлі болып көрінеді.

Сирия президенті НАТО саммиті кезінде Анкараға баруы мүмкін

Сирия президенті Ахмед аш-Шараа 7-8 шілде күндері Түркия астанасында өтетін НАТО саммиті кезінде Анкараға келуі мүмкін. Бұл туралы Bloomberg агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.