Премьер-министрдің орынбасары әрі Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Facebook желісінде тұрақты түрде жазба жариялап тұруды дағдыға айналдырған. Мұның өзі құптарлық жайт. Әсіресе алдағы Құрылтай сайлауы қарсаңында мұның маңызы арта түседі. Өйткені осы науқаннан кейін жаңа Үкімет құрамы жасақталады немесе қазіргі команданың өзін жақсы қырынан көрсете білген мүшелерінің негізінде бұрынғы құрам сақталуы да ғажап емес.
Оның үстіне, ұлттық экономикаға жауапты министрдің жазбалары, әсіресе алдағы сайлау қарсаңында, оптимизмге толы болуымен ерекшеленеді. Яғни қазіргі жағдайдың өзі жаман емес, ал алдағы уақытта көрсеткіштер бірнеше есе жақсарады деген ой айтылады. Тіпті Ұлттық экономика министрі келтіретін кейбір көрсеткіштер аса әсерлі бола қоймаса да, ол оқырманның көңілін нормативтік межелермен салыстыру арқылы түсіруге асықпайды. Ең қызығы – бүгінгі көңіл көншітпейтін ахуалдың өзін болашақтағы зор жетістіктердің бастауы ретінде көрсете білуінде. Мұның да өз қисыны бар: бастапқы деңгей неғұрлым төмен болса, болашақтағы өсім де соғұрлым әсерлі болып көрінеді.
Мұны нақты мысалдан да көруге болады. Міне, осы жазбалардың бірінде вице-премьер жағымды емес жайттарды да бүкпесіз айтады. Бірақ мұны мәселенің ауқымын көрсету үшін емес, керісінше, сол олқылықтардың өзінен болашақтағы зор мүмкіндіктерді көру үшін жасайды.
Ұлттық экономика министрінің жазбасын ықшамдап берсек:
«Алюминий саласы. Қазақстанда өндірілетін бокситтің барлығы дерлік глиноземге дейін өңделеді. Алайда осы көлемнің тек үштен бірі ғана ел ішінде бастапқы алюминий өндіруге пайдаланылады, ал қалған үштен екісі экспортқа шығарылады. Бұл жоғары сапалы бастапқы алюминий өндіретін жаңа қуаттарды іске қосуға және одан әрі терең өңделген өнім шығаруға мүмкіндік мол екенін көрсетеді. Тек алюминий саласының өзіндегі инвестициялық әлеует 5-6 млрд доллардан асады.
Мыс саласы. Қазақстан әлемдік мыс қорының шамамен 3-4 пайызына ие және оны өндіретін елдердің қатарында. Алайда өндірілген мыстың 97 пайызы бүгінде өңделмеген немесе бастапқы өңдеуден өткен күйінде экспортталады, ал концентраттардың 35-40 пайызы мүлде өңдеусіз сыртқы нарыққа жөнелтіледі. Мыс саласындағы әлеуетті жобалардың жалпы көлемі де 5-6 млрд доллардан асады.
Агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін өңдеу саласы. Қазақстан әлемдегі ірі бидай экспорттаушылардың бірі саналады, бірақ астықтың 2 пайыздан азы ғана терең өңдеуден өтеді. Ал түпкі өнімдер – крахмал мен аминқышқылдарын өндіру кезінде қосылған құн бірнеше есе артып, кей жағдайда бастапқы шикізат құнынан жүз еседен астам жоғары болуы мүмкін».
Сол жазбада Ұлттық экономика министрі «көмір химиясы (әлеуеті 7 млрд доллардан асады), қара металлургия (7 млрд доллар), газды терең өңдеу (20 млрд доллардан астам) секілді негізгі шикізат бағыттарының барлығы бойынша тұтыну мен экспорттың цифрлық теңгеріміне негізделген жан-жақты талдау жүргізіліп жатқанын» айтады.
Оның мәліметінше, жалпы алғанда, базалық шикізат пен агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін терең өңдеуге қатысты жобалардың әлеуеті 100 млрд доллардан асады.
Ұлттық экономика министрлігінің есеп-қисабына күмән келтірмейміз. Бірақ мұндай жағдай кеше ғана пайда болған жоқ қой. Тәуелсіздік жылдары ішінде индустриялық-инновациялық дамуды жеделдету, шикізатты терең өңдеу, шетелдік инвестиция тарту бағытында қаншама мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Алайда бүгінгі көрсеткіштер көп нәрсені аңғартады: астықтың небәрі 2 пайызы, мыстың 3 пайызы, ал бокситтің үштен бірі ғана ел ішінде өңделеді.
Мүмкін, қазақстандық экономистер бір қарапайым шындықты мойындайтын уақыт келген шығар? Қазақстан халқына тиесілі жер қойнауы байлығы шикізат күйінде экспортталатын елдерде оны өңдеп, дайын өнімнің құнын бірнеше есе арттыратын өндірістер әлдеқашан бар. Ал Қазақстанға әлемдік нарықта негізінен шикізат жеткізуші рөлі ғана бұйырып отыр. Бұған, автордың пікірінше, елде қалыптасқан банк және инвестициялық саясат та ықпал етуде.
Басқаша айтқанда, Ұлттық банктің саясаты өндірісті дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді несиелеу жүйесін іс жүзінде тұралатып тастады. Соның салдарынан тез пайда әкелетін сауда және алыпсатарлық операциялар ғана тиімді болып отыр. Ал инвестициялардың басым бөлігі шетелдік капиталға тиесілі. Мұндай инвесторлардың шикізатты терең өңдеуді емес, керісінше, оны сыртқа шығаруды ұлғайтуға мүдделі болуы заңды.
Сондықтан біз Ұлттық экономика министрінің инвестициялық оптимизмге толы жазбасына өз тарапымыздан мынадай толықтыру енгізер едік.
Мұндағы негізгі көрсеткіш – негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемі. Оның қалыпты деңгейі жалпы ішкі өнімнің кемінде төрттен біріне тең болуы тиіс. Ал өңдеу өнеркәсібінің құрылымын жетілдіру мақсаты қойылса, инвестиция көлемі ұлттық жалпы өнімнің кемінде үштен біріне, тіпті одан да жоғары деңгейге жеткені жөн.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 22,7 трлн теңгені құрады. Жалпы ішкі өнім 159,6 трлн теңгеге жеткенін ескерсек, бұл небәрі 14,2 пайыз ғана. Ұлттық статистика бюросы бұл көрсеткіштің 2024 жылмен салыстырғанда 13 пайызға өскенін көтеріңкі көңілмен хабарлап отыр. Алайда мәселенің мәні өзгермейді: 14,2 пайыз – қажетті деңгейдің тіпті жартысына да жетпейді.
Биылғы жылдың қаңтар-мамыр айларында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 6,74 трлн теңгені құрады. Бұл жалпы ішкі өнімнің шамамен 10 пайызы ғана. Мұндай көлем экономиканы жаңғыртуға жеткіліксіз екені анық. Оның үстіне негізгі қорлардың тозу деңгейі жылдан жылға артып келеді. Егер 2005 жылы бұл көрсеткіш 37,4 пайыз болса, соңғы қолда бар деректер бойынша 2024 жылы 44,9 пайызға жеткен.
Тағы бір маңызды жайт – инвестициялар құрылымы. 2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялардың 21,9 пайызы бюджет қаражатының үлесіне тиесілі болды. Ұлттық статистика бюросы мұның өткен жылмен салыстырғанда 14,5 пайызға жоғары екенін де атап өтеді. Бір қарағанда, бұл оң үрдіс сияқты көрінуі мүмкін. Алайда инвестицияның негізгі көзі бюджет болмауға тиіс, әсіресе қазіргідей қазынаға түсетін салмақ күшейген жағдайда.
Өйткені салық-бюджет жүйесі экономиканың ішінде бұрыннан бар қаржы ағындарын қайта бөлумен айналысады. Ал инвестиция дегеніміз – жаңа өндірістерге жаңа қаражат салу. Мұндай қаржыландырудың басты тетігі – банк несиесі, тіпті кей жағдайда банктердің тікелей инвестициялары болуы тиіс.
Ал Қазақстанда банктердің негізгі капиталға салынған инвестициялардағы үлесі небәрі 4,5 пайызды құрайды. Мұны статистикалық қателікпен теңестіруге де болады. Демек, отандық коммерциялық банктер экономиканы инвестициялауға іс жүзінде қатыспайды. Бұл үшін, автордың пікірінше, Ұлттық банктің саясатына алғыс айтуға болады.
Егер бюджет қаражатының 21,9 пайыздық үлесін банктердің 4,5 пайызымен қоссақ, барлығы 26,4 пайыз шығады. Сонда инвестициялардың қалған 73,6 пайызы кімнің үлесінде? Ресми статистикада бұл «кәсіпорындардың меншікті қаражаты» деп көрсетіледі. Ал іс жүзінде, автордың пайымдауынша, бұл – экспортқа бағытталған шикізат өндіруші компаниялардың, оның ішінде шетелдік капиталдың қаражаты.
Міне, астықтың тек 2 пайызы, мыстың 3 пайызы, ал бокситтің 33 пайызы ғана өңделетін қазіргі құрылымды сақтауға мүдделі сол инвесторлар да осы.
Қорытындылай келе, автордың Ұлттық экономика министрлігіне қоятын ерекше сауалы жоқ. Тіпті оптимизмге толы вице-премьердің ұстанымына қуануға да болады.
Бірақ алдағы сайлау қарсаңында елде қалыпты банк және инвестициялық саясатты қалыптастырумен айналысатын біреу табылар ма екен?




