Лондон. 23 маусым. ИНТЕРФАКС – Еуропаны қамтыған аномальды аптап ыстық электр энергиясы бағасының күрт өсуіне және көлік қатынасындағы іркілістерге себеп болды. Бұл туралы The Guardian басылымы хабарлады.
Газеттің жазуынша, осы аптада Еуропа нарықтарында электр энергиясының бағасы әдетте қыс мезгілінің ортасына тән деңгейге дейін көтерілген.
Басылымның мәліметінше, ауа температурасының көтерілуіне байланысты миллиондаған адам кондиционерлерді пайдалануға көшкен. Сонымен қатар құрлықтың басым бөлігін қамтыған жоғары қысым аймағы – «жылу күмбезі» желдің бәсеңдеуіне әкеліп, жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр көлемінің азаюына әсер еткен.
Францияда дүйсенбіден сейсенбіге қараған түн 1947 жылы метеобақылаулар басталғалы бері ең жылы түн ретінде тіркелді. Күндіз ауа температурасы 37 градусқа дейін көтерілді. The Guardian басылымының хабарлауынша, жоғары температура салдарынан реакторларды салқындатуға қажетті судың қолжетімділігі шектеліп, Франциядағы ірі атом электр станцияларының бірінде жоспардан тыс тоқтау орын алған. EDF энергетикалық компаниясы температура қалыпты деңгейге оралғанша реактор келесі аптаға дейін жұмыс істемейді деп күтуде.
Басылымның мәліметінше, Еуропадағы ең ірі энергетикалық нарық саналатын Германияда көтерме саудадағы электр энергиясының бағасы бір мегаватт-сағат үшін 545,51 еуроға (622,32 доллар) дейін жеткен. Бағаның өсуі Ұлыбритания мен Францияға да әсер еткен.
Аптап ыстық шығысқа қарай жылжып, алдағы демалыс күндері Польшаға жетеді деп күтілуде. Варшавада жексенбі күні ауа температурасы 38 градусқа, ал Төменгі Силезия воеводствосында 41 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. The Guardian мәліметінше, Польшада 1921 жылы тіркелген 40,2 градустық абсолюттік рекорд жаңаруы ықтимал.
Польша үкіметінің Азаматтық қауіпсіздік орталығы тұрғындарға ашық аспан астында ұзақ болмауға, мол су ішуге және күн сәулесінен бас киіммен қорғануға кеңес берді.
Лондонда экстремалды ауа райының әсерінен көлік жүйесінде елеулі іркілістер тіркеліп отыр. Атап айтқанда, Хитроу әуежайының кейбір терминалдары арасындағы қатынас тоқтатылған. Сонымен қатар, аптап ыстыққа байланысты Лондон метросының бірқатар желілерінде қызмет көрсету шектелген.
Италияда да жоғары температураға байланысты билік кейбір кәсіпорындарға жұмыс көлемін қысқартуға немесе қызметін уақытша тоқтатуға мүмкіндік беретін қосымша шаралар қабылдады. Мұндай жағдайда компанияларға арнайы қор есебінен өтемақы төлеу қарастырылған.
Елдің бірқатар өңірінде түнгі уақытта да ауа температурасы 27-29 градустан төмен түспей отыр. Ең қатты зардап шеккен аймақтардың қатарында Эмилия-Романья бар. Мұнда кей жерлерде ауа температурасы 38 градусқа дейін жеткен. Осындай көрсеткіштер Тоскана, Умбрия және Лацио өңірлерінде де күтілуде. Ал елдің оңтүстігінде және жағалау аймақтарында теңіз самалы ыстықтың әсерін біршама жеңілдетіп отыр.
Италия Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, сәрсенбі күні ыстықтың ең жоғары қауіптілік деңгейі жарияланған қалалар саны 16-ға дейін өседі. Олардың қатарында Рим, Милан, Флоренция, Болонья, Турин, Верона, Перуджа, Венеция және Латина қалалары бар.




