Партиялардың Құрылтай сайлауы аясындағы үгіт-насихат науқаны бел ортасынан асты. Дегенмен, саяси ұйымдар сайлаушыларға әлі күнге дейін соны әрі соны политтехнологиялық шешім ұсына алған жоқ. Партиялардың саяси кеңестері тек әкімшілік ресурстың көмегіне сүйеніп отырғандай әсер қалдырады.
Үгіт-насихат науқанының ортасына жетуі – аралық нәтижелерді саралап, «сайлау сценарийінде не нәрсе теріс кетті?» деген сұраққа жауап іздеуге жақсы себеп. Тамыздың басындағы жағдай бойынша партиялар арасында шынайы саяси бәсекелестіктің ешқандай белгісі байқалмайды. Сайлау науқаны әлдебір тартысты додадан гөрі, «көзбояушылық үшін» атқарылып жатқан кезекті бюрократиялық міндетке ұқсайды.
Билік партиясы – «Әділет» ең ауқымды әрі ресурспен толық қамтамасыз етілген кампания жүргізуде. Әйтсе де, бұл артықшылықтың артында оның басты әлсіздігі жатыр: сайлаудың соңғы нәтижесі әкімшілік жолмен алдын ала айқындалып қойғандай қабылдануы мүмкін. Сырт көзге билік партияға өзіне қажетті нәтижені жай ғана «жазып бере салатындай» болып көрінуі ықтимал.
«Ауыл» партиясының артықшылығы – саяси брендінің, аудиториясының, бағдарламасы мен визуалық тілінің өзара толық үйлесуінде. «Ауылда» өзін таныту мәселесі жоқ: ол өзінің географиялық әрі мәдени орнын нақты айқындаған. Ал әлсіз тұсы – шамадан тыс фольклорлану қаупінде. Қымыз, киіз үй мен сенбіліктер танымалдылықты жақсы ұстап тұрғанымен, бұл сайлаушыларға заманауи саяси-экономикалық шешімдердің орнына тек мәдени образдарды ұсынумен шектеледі деген әсер қалдыруы мүмкін.
«Әділет» пен «Ауыл» бағдарламаларындағы ортақ кемшілік – атқарушы билік буыны бұған дейін жариялап қойған бастамаларды сайлауалды платформаларына қосып, оны өздерінің партиялық жетістігі ретінде көрсетуге тырысуында. Бұл, ең кемі, аталған құрылымдардың саяси кеңестерінің адалдығына үлкен күмән тудырады: бөтеннің бастамасын қандай негізде меншіктеп отырсыздар?
«Ақ жолдың» мықты жағы – барлық қатысушылардың арасында ең айқын позицияға ие болуы. Сайлаушы бұл партияның кімнің мүддесін қорғайтынын оңай түсінеді. Әлсіз тарапы – базалық электорат сегментінің шектеулігі. Кәсіпкерлік күн тәртібі маңызды болғанымен, ол бюджеттік сала қызметкерлеріне, зейнеткерлерге, ауыл тұрғындарына және әлеуметтік әлсіз топтарға жақын бола бермейді. Мұнымен қоса, партия парламентте көптеген жылдар бойы отырса да, бірнеше сайлау циклі бойы көтеріп келе жатқан ұсыныстарының неліктен осы күнге дейін жүзеге аспағанын түсіндіруі тиіс.
Respublica жас аудиторияға, кәсіпкерлерге, стартаптарға, цифрландыруға және білім экономикасына арқа сүйейді. Формасы жағынан бұл – теледидар немесе газет форматынан көшіріле салмаған, арнайы заманауи медиаплатформаларға бейімдеп жасалған санаулы кампаниялардың бірі. Әлсіз тұсы – жүйеліліктің жетіспеушілігі. «Болашақ», «ЖИ», «стартаптар», «адал еңбек» және «тең мүмкіндіктер» сияқты идеологемалар жағымды образ қалыптастырғанымен, салықтар, меншік, монополиялар, инфляция мен ресурстарды қайта бөлуге қатысты сауалдарға жауап бермейді.
Қазақстан Халық партиясының артықшылығы – әлеуметтік күн тәртібінің потенциалды кең аудиториясында. Бірақ осал тұсы да осында: ҚХП бір мезгілде зейнеткерлерге де, жастарға да, әйелдерге де, мүгедектігі бар жандарға да, аз қамтылған азаматтарға да үн қатады. Әрбір тақырып маңызды, бірақ әзірге олар партия ұсынатын біртұтас әлеуметтік саясат моделіне біріктірілмеген.
ЖСДП ұйымдастыру деңгейі төмен болғанына қарамастан, ең өткір оппозициялық риториканы көрсетіп отыр. Мықты тұсы – идеологиялық тұрғыдан танымалдылығы. ЖСДП – әлеуметтік нараздық партиясының орнын ең жүйелі түрде иемденіп келе жатқан ұйым. Әлсіз тарапы: ЖСДП-да қуатты протестік күн тәртібі бар, бірақ оны бұқаралық электоралдық жұмылдыруға айналдыру үшін ұйымдастырушылық әлеуеті әлі де жеткіліксіз.
«Байтақ» өз үгіт-насихатын экология төңірегінде жүйелі түрде құрып келеді. Бұдан оның мықты тұсы байқалады: нақты белгіленген электоралдық саладағы монополиясы. Әлсіз тұсы – экологиялық тақырыптан күнделікті экономикаға өтудің қиындығы. Таза ауа мен су көпшілік азамат үшін маңызды, бірақ экологиялық мәселелер сирек жағдайда дауыс берудің дербес мотивіне айналады.
Әрбір партия әділдік, лайықты еңбек, жастарды қолдау, қолжетімді білім беру, сапалы медицина және өңірлерді дамыту туралы сөз қозғайды. Олардың барлығы белгілі бір дәрежеде Президенттің «Әділетті Қазақстан» құру жөніндегі бағыт-бағдарламасын қолдайды. Бірақ сайлауға қатысушылардың бәрі атқарушы билік вертикалын жақтаса, онда олардың бір ғана билік партиясына бірігуі өте қисынды әрі табиғи болып көрінер еді.
Саяси маркетинг тұрғысынан қарасақ, жағдай көңіл көншітпейді: әдетте партиялар сайлаушыларға болашаққа деген әртүрлі пайым-парасатын ұсына алғанда ғана сайлауалды кампаниялар есте қалады. Қазіргі кампанияда дәл осы элемент жетіспейді.
Ақорданың қазіргі стратегиясымен келіспейтін бірде-бір партия жоқ, сәйкесінше, электорат үшін шынайы саяси таңдаудың нышаны да байқалмайды. Сайлаушыға түрлі әрленген орауышта ондаған жылдар бойы өзгермеген, тозығы жеткен саяси мифологемалардың бірдей жиынтығы ұсынылып отыр.




