Евразия24Басты бетҚұрылыс қарқыны Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ете ала ма?

Құрылыс қарқыны Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ете ала ма?

|

|

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) Экономика жөніндегі сарапшылық кеңестің отырысы өтті. Жиында елдің құрылыс саласын дамыту мәселелері қаралды. Оған «QazIndustry» Қазақстан индустрия және экспорт орталығы» АҚ мен ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері қатысты. Отырыстың күн тәртібі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында берген тапсырмалары негізінде қалыптастырылды. Президент сол кезде: «Қазақстанды тұтас бір үлкен құрылыс алаңына айналдыруымыз керек», – деген болатын. Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұл ретте, ең алдымен, инфрақұрылымдық жобаларды – теміржолдарды, автомобиль жолдарын, әуежайларды, вокзалдарды және өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысын қамтамасыз ететін нысандарды салу мәселесін назарда ұстағанын атап өткен жөн. Дегенмен, тұрғын үй құрылысының көлемі, әсіресе ірі қалалардағы көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің саны қарқынды артуы мүмкін деген пікір де бар. Мұндай жағдайда инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды қатар дамыту мәселесіне ерекше назар аудару қажет, өйткені бұл тұрғын үйлерді электр және жылу энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.

«Құрылыс жұмыстарының ауқымды жүргізілуі инфрақұрылымды жаңартудың ғана емес, отандық өндірісті дамытудың да маңызды тетігіне айналуы тиіс. Құрылыс материалдарына, техникаға және инженерлік жабдықтарға сұраныстың артуы ел ішінде қосылған құнның қалыптасуына, жаңа өндірістердің ашылуына және жұмыс орындарының көбеюіне ықпал етуі маңызды», – деді отырыс барысында ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов.

Бұл ұстаным құрылыс саласын ұлттық өндірісті дамытуға серпін беретін маңызды фактор ретінде қарастыру қажеттігін көрсетеді. Сонымен қатар құрылыс индустриясының ұзақ мерзімді перспективада экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналу мүмкіндігін бағалау өзекті болып отыр. Себебі қазіргі таңда саланың қажеттіліктері негізінен ресурстарды тұтынуға бағытталған, ал құрылысқа қажетті өнімдердің ішкі өндірісі сұраныстың шамамен 70 пайызын ғана қамтамасыз етеді.

«Уақытша» қосылған құн

Құрылыс саласына қатысты кең таралған негізгі экономикалық жаңсақ пікірдің бірі – оны жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) тұрақты өсімін қамтамасыз ететін тетік ретінде қарастыру. ҚСЗИ отырысында да «қосылған құн қалыптастыру» туралы айтылды. Алайда бұл көрсеткішті бағалауда барынша объективті көзқарас қажет.

Құрылыс компаниясы тұрғын үй кешенін немесе коммерциялық нысанды салған кезде экономикаға белгілі бір серпін беріледі. Құрылыс материалдары сатып алынады, жұмысшыларға еңбекақы төленеді, техника тартылады, ал девелопер пайда табады.
Бұл үрдіс Ұлттық статистика бюросының деректерінен де көрінеді. 2026 жылдың алғашқы бес айында елімізде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 13,4%-ға артып, 2 410 млрд теңгеге жетті.

Алайда құрылыс аяқталғаннан кейін сатылған әрбір шаршы метрдің экономикалық қайтарымы ақпараттық технологиялар, жоғары технологиялық машина жасау, фармацевтика немесе химия өнеркәсібіндегі терең өңдеу өнімдерімен салыстырғанда өзгеше. Ол құрылыс аяқталғаннан кейін экспортқа бағытталған күрделі өнім өндірмейді және қосылған құнды үздіксіз қалыптастырмайды.

Әрине, коммерциялық нысандарда кәсіпорындар жұмыс істейді, кеңселерде түрлі қызметтер көрсетіледі, сауда орындарында тауар айналымы жүзеге асады. Соның нәтижесінде құрылысқа салынған инвестиция біртіндеп өтеледі. Ал тұрғын үй секторында жұмыс күшінің ұдайы өндірісін қамтамасыз ету және жалға беруден түсетін ықтимал табысты есепке алмағанда, қосымша қосылған құн қалыптастыратын экономикалық қызмет іс жүзінде болмайды.

Ал тұрғын және тұрғын емес нысандар пайдалануға берілгеннен кейін бірдей дәрежеде ресурстарды тұтынушыларға айналады.

Әрбір жаңа ғимарат жылу электр орталықтарына (ЖЭО), су құбыры жүйелеріне және электр желілеріне қосылуды талап етеді. Ал Қазақстанның көптеген өңірінде бұл инфрақұрылымның тозу деңгейі 50–60%-дан асады.

Пайдалануға берілген жаңа тұрғын үй алабы мектептер, емханалар салуға, жолдар төсеуге және қоғамдық көлік қатынасын ұйымдастыруға бюджеттен қосымша қаржы бөлуді қажет етеді.

Инженерлік инфрақұрылымды күрделі жөндеуге қаражат бөлу және коммуналдық тарифтерді субсидиялау міндеті ондаған жыл бойы мемлекеттің мойнында қалады.
Мұндай шығындар, кемінде, алдағы 50–60 жыл бойы сақталады. Яғни құрылыс кезеңінде қалыптасқан бір реттік экономикалық тиімділік кейін мемлекет үшін жарты ғасырға созылатын түрлі шығындарға ұласады. Әрине, мұндай жағдай тұрғын үй құрылысының қарқыны жаңа жұмыс орындары мен инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымның даму қарқынынан озып кеткен кезде орын алады.

Құрылыстың экономиканы жандандырудағы әсері қаншалықты шынайы?

ҚСЗИ отырысына қатысушылар құрылыс саласының машина жасау, металлургия, химия, электр техникасы және ағаш өңдеу өнеркәсібі өнімдеріне сұраныс қалыптастыруға әлеуеті бар екенін атап өтті.

«Құрылыс саласын бастапқы шикізаттан бастап заманауи технологиялар мен инженерлік жабдықтарға дейінгі толық өндірістік тізбек ретінде қарастыру қажет», – деді ҚСЗИ директорының орынбасары Жанар Ғабдуллина.

Ал QazIndustry басқарма төрағасы Елдар Ғұмаров отандық кәсіпорындардың әлеуетіне тоқталып, олардың құрылыс материалдарының өндірісін ұлғайтуға мүмкіндігі жеткілікті екенін айтты. Оның пікірінше, бұл әлеуетті толық іске асыру үшін тұрақты сұраныс, өндірістік қуаттарды тиімді пайдалану және кәсіпорындар арасындағы кооперацияны дамыту қажет.

Алайда бұл мәселеде бірқатар түйткіл де бар. Қазақстанда құрылыстың экономикаға серпін беру әлеуеті әзірге толық жүзеге асып отырған жоқ.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегіне сәйкес, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның құрылыс материалдары нарығында отандық өнімнің үлесі 66,4–67% болса, 2025 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 70,2%-ға жеткен.

Министрлік мәліметінше, құрылыс материалдары өндірісі саланың тұрақты дамуына ықпал етіп, елдің құрылыс нарығының сұранысын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Қазақстанда құрылыс материалдарын кең көлемде өндіруге жеткілікті ресурс пен өндірістік әлеует қалыптасқан. Қазіргі таңда құрылыс материалдары өндірісіндегі отандық өнімнің үлесі 70,2%-ды құрайды.

Қазақстанның құрылыс индустриясы ішкі нарықтың қандай қажеттілігін өтеп отыр? Негізінен тауарлық бетон, темірбетон бұйымдары, құрғақ құрылыс қоспалары, портландцемент және газбетон блоктары өндірісімен қамтамасыз етеді.

Алайда ғимарат салу тек бетоннан тұрғызылған қаңқамен шектелмейді. Оның ажырамас бөлігі – инженерлік жабдықтар мен әрлеу материалдары. Ал дәл осы бағыттарда Қазақстандағы жергілікті өндірістің технологиялық деңгейі әлі де жеткіліксіз.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2025 жылы тамызда жариялаған мәліметке сәйкес, елде керамикалық плитка, санитарлық керамика бұйымдары және отқа төзімді кірпіш өндірісі ішкі сұранысты толық өтей алмайды. Соның салдарынан бұл өнімдер бойынша импортқа тәуелділік сақталып отыр.

Министрліктің мәліметінше, импорт үлесін азайту мақсатында 2024 жылдың соңында «Wan Sheng Ceramic» ЖШС (керамикалық тақта), «Almaty Insulation» ЖШС (жылу оқшаулағыш материалдар) және «Семей құрылыс материалдары» ЖШС (қасбеттерге арналған фиброцемент панельдері) іске қосылды. Бұдан бөлек, Қызылорда облысында санитарлық керамика бұйымдарын шығаратын зауыт салу жобасы бойынша инвестормен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ елімізде салынатын көпқабатты тұрғын үйлерге лифтілерді тек интернеттен оңай табылатын бес отандық өндіруші ғана емес, шетелдік жеткізушілер де жеткізуі ықтимал. Алайда бұл мәселеге қатысты ашық дереккөздерден расталған статистикалық мәлімет табылмады.

Сондай-ақ Қазақстан үшін сорғы станцияларын, ауа баптау және желдету жүйелерін, «ақылды үй» технологияларының элементтерін, мұнаралы крандар мен ауыр жол-құрылыс техникасын кім өндіретіні де анық емес.

Біздің пайымдауымызша, егер Қазақстан цемент сияқты негізгі құрылыс материалдарына деген ішкі сұраныстың шамамен 70%-ын ғана қамтамасыз етіп отырса, онда жоғарыда аталған технологиялық өнімдердің басым бөлігі елімізде мүлде өндірілмейді немесе өте аз көлемде шығарылады. Бұл бағыттағы отандық үлеске қатысты ресми статистиканы іздегенімізбен, ашық дереккөздерден таба алмадық.
Сондықтан мынадай болжам жасауға болады: егер жағдай шынымен осындай болса, онда құрылыс саласын қолдауға бағытталған мемлекеттік субсидиялар мен ипотекалық төлемдердің белгілі бір бөлігі шетелдік өнімдерді сатып алуға жұмсалып, соның нәтижесінде басқа елдердің машина жасау және микроэлектроника салаларының дамуына жанама түрде ықпал етуі мүмкін.

Құрылысқа тәуелді экономика

Ендеше, мұндай айқын шектеулерге қарамастан, мемлекет неге құрылыс саласына ерекше басымдық беруді жалғастырып келеді? Бұл мәселеге қатысты өз көзқарасымызды ұсынып көрейік.

Біріншіден, бірнеше миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру немесе мыңдаған шақырым автожол салу – есептілікте көрсетуге де, қоғамға ұсынуға да оңай әрі көзге бірден көрінетін нәтиже. Мәселен, 2026 жылғы қаңтар–мамыр айларында орындалған құрылыс жұмыстарының ең үлкен үлесі автомобиль және теміржол құрылысына (26,3%), тұрғын емес ғимараттарға (20,4%) және тұрғын үй құрылысына (11,9%) тиесілі болды. Сонымен қатар барлық құрылыс жұмысының 87,9%-ын жекеменшік ұйымдар орындаған.

Біздіңше, құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемін қысқа мерзімде ұлғайту химия өнеркәсібі немесе аспап жасау сияқты жоғары технологиялық өндірісті қалыптастырудан әлдеқайда жеңіл. Өйткені мұндай өндірістерді жолға қою үшін кемінде 7–10 жыл бойы жүйелі инвестиция қажет.

Екіншіден, құрылыс саласы халық пен мемлекеттің бос қаражатын айналымға тартатын негізгі бағыттардың біріне айналды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану мүмкіндігі триллиондаған теңгенің бастапқы тұрғын үй нарығына бағытталуына жол ашты. Бұл үдерісте «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылатын мемлекеттік ипотекалық бағдарламалардың да үлесі зор.

Үшіншіден, құрылыс саласының өзі де мемлекеттік қолдау шараларына барған сайын тәуелді болып келеді. Онымен байланысты басқа салалар да осы үрдіске бейімделген. Мемлекет жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларды қысқартуға немесе субсидия көлемін азайтуға әрекет жасаған сәтте-ақ девелоперлік компаниялар нарықтың баяулау қаупі туралы мәлімдей бастайды. Ал құрылыс көлемінің қысқаруы банк несиелерін өтеу қабілетінің әлсіреуіне және құрылыс компаниялары арасындағы мерзімі өткен берешектің көбеюіне әкелуі мүмкін болғандықтан, мемлекет бюджеттен қолдау көрсетуді қайта жалғастыруға немесе саланы ынталандыратын жаңа нормативтік шешімдер қабылдауға мәжбүр болады.

Төртіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды алып құрылыс алаңына айналдыру қажеттігі туралы айтқан пікіріне тағы бір тоқталайық. Президент атқарушы билікке инфрақұрылымдық нысандарды, теміржолдар мен автомобиль жолдарын, әуежайлар мен өндірістік кешендерді салу қарқынын жеделдету міндетін қойып отыр. Алайда іс жүзінде бұл тапсырмаларды орындау урбанизациядағы теңгерімсіздік пен инвестициялардың экономиканың басқа салаларынан құрылысқа қарай ауысуы сияқты мәселелермен қатар жүріп келеді.

Құрылыс көлемінің өсуін басты көрсеткішке айналдыру кей жағдайда әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымы жеткілікті дамымаған тығыз тұрғын үй аудандарының қалыптасуына әкеледі. Мәселен, Алматыда 2026 жылдың алғашқы айларында құрылыс жұмыстарының көлемі 27,2%-ға артты. Алайда бұл өсімнің салдары да байқала бастады. Шілде айындағы аптап ыстық кезінде қалада электрмен жабдықтау жүйесінде іркілістер тіркелді.

«Алатау Жарық Компаниясы» мұны қаланың электр тарату желілерінің едәуір бөлігі ондаған жыл бұрын салынғанымен және бүгінде электр энергиясын тұтынудың тұрақты өсуі, қаланың қарқынды салынуы мен жаңа тұтынушылар санының жыл сайын артуы жағдайында жұмыс істеп тұрғанымен түсіндірді.

Кейбір өңірлерде құрылыс жұмыстарының көлемі тіпті қалыптан тыс қарқынмен өсіп отыр. Мәселен, 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында Ұлытау облысында бұл көрсеткіш 3,2 есе артқан. Алайда осы өсіммен қатар жоғары технологиялық тұрақты жұмыс орындары құрылмаса, бой көтерген тұрғын үйлер экономикалық белсенділік қалыптастырмайтын қарапайым тұрғын аудандарға айналып кетуі мүмкін.

Біздің ойымызша, құрылыс саласын дербес мақсат немесе жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) негізгі қозғаушы күші ретінде қарастырудан біртіндеп бас тарту қажет. Керісінше, ол ұзақ мерзімді, тұрақты әрі экспортқа бағытталған қосылған құн қалыптастыратын салалардың дамуына қызмет ететін құрал әрі қажетті инфрақұрылым болуы тиіс.

Әйтпесе, құрылыс қарқыны экономиканы алға сүйрейтін жүйе қалыптаспай, керісінше, өзі мемлекеттік бюджет пен жеңілдетілген несиелер есебінен тұрақты қолдауды қажет ететін құрылыс нарығының қалыптасу қаупі бар.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қалалық кандидаттар басымдыққа ие болды

Кандидаттардың тұрғылықты жері туралы мәлімет жарияланғаннан кейін Құрылтайдың алғашқы құрамы негізінен ірі қалаларда қалыптасатын сияқты әсер қалдырады. Бұл қалыпты құбылыс па?

КҚК терминалының жұмысы қайта жанданды

Каспий құбыр консорциумы Новороссийскідегі терминалы арқылы мұнай қабылдау және тиеу жұмыстарын қайта бастады. Қазіргі уақытта екі айлақта SEAMAJESTY және MILOS танкерлеріне «Теңізшевройл» компаниясының мұнайы тиеліп жатыр.

Аса ірі жымқыру ісі бойынша соңғы күдікті сотқа берілді

Жуырда Қаржылық мониторинг агенттігі Вьетнамнан аса ірі көлемдегі бюджет қаражатын жымқыруды ұйымдастырды деген күдіктінің экстрадицияланып, ісінің сотқа жолданғанын хабарлады.

ФИФА президенті әлем чемпионатын сынағандарды араздықты қоздырды деп айыптады

Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) президенті Джанни Инфантино АҚШ, Канада және Мексикада өткен футболдан әлем чемпионатын сынағандардың бәрі араздықты қоздырумен айналысты деп мәлімдеп, оларды өз әрекеттері туралы ойлануға шақырды.