Мемлекеттік дәрі-дәрмек дистрибьюторы «СК-Фармация» тағы да дау ортасында қалды. 3 шілде күні, Жоғарғы аудиторлық палата мен Мәжіліс депутаттарының ескертулерінен кейін, компанияда басшылық тағы да өзгерді. Жаңа бас директор болып Нұрлыбек Асылбеков тағайындалды. Соңғы 10 жылдағы алтыншы басшы.
Компанияның бұрынғы басшылары ешқашан қызметтен «жай ғана» кетпеген. Кейбірінің мансабынан ғана емес, бостандығынан айырылған. Басшылық ауысқанымен, олардың қызметтен алынуға себеп болған мәселелер жойылған жоқ.
2024 жылдың 29 шілдесінен бастап «СК-Фармация» компаниясын Еркен Жақатай басқарды. БАҚ мәліметінше, Еркен Жақатай өзінің қызметінен босатылғанын 3 шілде күні, Алматыға іссапармен барған кезде білген. Қызметінен алынғанына қарамастан, денсаулық сақтау саласының өкілдерімен жоспарланған жиынға қатысты.
Жиын барысында сөз сөйлеген Еркен Жақатай соңғы 10 ай ішінде ішкі аудит жүргізіліп, жүйедегі аса әлсіз тұстар анықталғанын атап өтті. «Жүйеде артық делдал көп, тиімсіз мердігерлер мен ескірген жұмыс схемалары бар. Жеткізілімдегі кідіріс — бұл жай ғана менеджменттегі қателік емес, бұл – науқастардың өміріне төнген нақты қауіп», – деді ол.
1 шілдеде компания бірқатар ІТ-компаниялар және бизнес құрылымдармен жаңа цифрлық платформа құру жөнінде келісімге келген. Жоба арқылы дәрі-дәрмек қозғалысын — қоймадан ауылдық емханадағы дәріханаға дейінгі аралықта — ашық қадағалауға мүмкіндік бермек. Жаңа жүйе сатып алу процесін жедел әрі нақты етумен қатар, жемқорлық тәуекелдерін азайтып, бақылауды күшейтуі тиіс болған.
Алайда бұл бастамалар да Жақатайды қызметтен кетуден құтқара алмады. Уақытымен тұспа-тұс келіп, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Facebook парақшасында Жоғарғы аудиторлық палатаның тексеріс нәтижелері бойынша Бас прокуратураға бірнеше мекемеге қатысты — соның ішінде «СК-Фармация», Ұлттық дәрі сараптамасы орталығы, Бірыңғай дистрибьюторжәне бірқатар отандық фармацевтикалық компанияларға қатысты Бас прокуратураға ресми өтініштер жолданғанын жазды. Сонымен қатар, ол қамауға алулар мен сот процестері болуы мүмкін екенін де болжаған.
Депутаттың мәлімдемесі жарияланған күні «СК-Фармация» оған жауап ретінде ресми түсініктеме таратты.
«Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бірыңғай дистрибьютор қызметіне қатысты Бас прокуратураға өтініш жолдағаны туралы ақпаратқа байланысты, «СК-Фармация» компаниясы барлық бақылаушы және мүдделі органдармен ашық әрі жан-жақты ынтымақтастыққа дайын екенін мәлімдейді. Біз халық қалаулылары мен азаматтық қоғам өкілдерінің дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің ашықтығы мен тиімділігіне қатысты мәселелерді көтеруге құқығын толық қолдаймыз. Сонымен қатар, ресми тексеру аяқталғанға дейін алдын ала айыптаулардан бас тартуға шақырамыз».
Алайда келесі күні Еркен Жақатай лауазымынан босатылды.
Келесі күні Еркен Жақатай қызметінен шеттетілді.
Бұған дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижелері себеп болды — бұл фактілерді елемеу мүмкін емес.
Жоғарғы аудиторлық палатаның ресми есебінде былай делінген:
«Екі аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы 741 миллион теңгекөлемінде қаржылық заңбұзушылық, 32 миллиард теңге тиімсіз шығын және 58 миллиард теңге жоғалған табыс анықталды. 134 дерек бойынша материалдар әкімшілік іс қозғау үшін, ал 5 іс құқық қорғау органдарына жолданды ».
Палата төрағасы Әлихан Смайылов өз кезегінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында жүйелі мәселелер бар екенін айтты.
Негізгі сындардың қатарында дәрі-дәрмек сатып алудың кешігуі, жарамдылық мерзімі таяған препараттардың таратылуы, тегін дәрілердің есептен шығарылып, бөлшек саудада 600 пайызға дейінгі үстемемен сатылуы аталады. Сондай-ақ, соңғы үш жылда 148 миллиард теңге қолдау көрсетілсе де, елдегі дәрілердің 84 пайызы шетелден жеткізілді.
Жақатайға дейін 2020 жылғы 12 шілдеден 2024 жылғы 3 маусымға дейін компанияны Ерхат Искалиев басқарған. Ол қызметтен өз еркімен кетті, алайда бұл шешімнің де астарында себеп болған.
2024 жылдың мамыр айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік «СК-Фармация» арқылы дәрі-дәрмек тасымалдау және сақтау қызметін сатып алу кезінде фармкомпаниялар арасында картельдік сөз байласу болғанын хабарлады. Ал шілде айында, Ысқалиев қызметтен кеткен соң, агенттік анықтаған заңбұзушылықтар туралы қосымша деректер жарияланды.
Ресми хабарламада: «Ұзақ мерзімді келісімшарттарды жасау процесінің ашық еместігі, өндірісті дамытуды көздемейтін компанияларға негізсіз пайда әкелді. Барлығы 36 отандық өндірушімен 92 келісім жасалып, сатып алу көлемі 315 миллиард теңгеге жеткен. Алайда олардың сегізінің (қолғап, шприц, йод және т.б. өнімдер шығаратын) іс-әрекетінен шетелден әкелінген тауарды өз өнімі ретінде көрсеткен белгілер анықталған. Антикордың мәліметінше, «СК-Фармация» өндірушілермен тікелей емес, негізінен делдалдар арқылы жұмыс істеген.», — делінген. Антикордың мәліметінше, «СК-Фармация» өндірушілермен тікелей жұмыс істемеген, барлық операциялар делдалдар арқылы жүзеге асқан.
Яғни 2025 жылы Жоғарғы аудиторлық палата айтқан сындармен мазмұндас мәселелер бұрыннан белгілі болған.
Ерхат Искалиевке дейін «СК-Фармацияны» басқарған Берік Шәріпқылмыстық қудалауға ұшыраған. Бұл — 2020 жылғы пандемия кезінде үлкен резонанс тудырған іс. Сол жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ұйым айналасындағы топтық мүддені»ашық айтып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке бұл құрылымды жемқорлық тәуекелі тұрғысынан жан-жақты тексеруді тапсырған болатын.
Тергеу нәтижесінде COVID-19 індеті өршіген шақта елдегі дәріханаларда дәрі-дәрмек жетіспей жатқанымен, біртұтас дистрибьютор қоймаларындапрепараттар артығымен жатқанын анықталған. Сонымен қатар, Берік Шәріп Қытайдан қорғаныш киімдерін жеткізу жоспарының бұзылуына кінәлі деп танылып, соның салдарынан елде 2 мыңнан астам медицина қызметкері коронавирус жұқтырған. 2021 жылғы қыркүйекте сот оны қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп танып, 3 жыл 6 айға колония-қоныс жазасына кескен.
Сол кездегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің төрағасы Алик Шпекбаев COVID-ке байланысты қозғалған 100-ден аса қылмыстық істі сипаттап тұрып былай деген:
«2020 жыл — адамзат тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі болды. Бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған сенім дағдарысынан өтті. Халық билікке үміт артқан шақта, ар-ождан мен заңнан қорықпаған кейбір лауазымды тұлғалар өз қызметін жеке пайда табу құралына айналдырып, бюджет қаржысын талан-таражға салды, жүйелі түрде пара алды».
Берік Шәріп 2018 жылдан бастап «СК-Фармацияны» уақытша басшы ретінде басқарған. Сол кезде компанияның бұрынғы жетекшісі Максим Касаткингеқатысты қылмыстық тергеу жүріп жатты. Ол 2017 жылдың қазан айында 170 миллион теңгені жымқырды деген күдікпен қамауға алынған.
2015 жылы өткізілген дәрі-дәрмек пен медициналық құралдарды сатып алуғадаулы қылмыстық іс бойынша айыпталушылар қатарында болды. Тергеу аясында сол кездегі Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитетінің экс-төрайымы Лариса Пак та күдікке ілінген. Пак екі жыл тергеу астында жүріп, 2019 жылдың 6 шілдесінде тергеу изоляторында инсульт пен инфаркттан қайтыс болды.
Кейін «фармацевтер ісі» құрамында қылмыс болмағандықтан тоқтатылып, 2020 жылғы желтоқсанда Лариса Пак ресми түрде ақталды.
Бұл ірі фармацевтикалық жанжал аяқ астынан пайда болған жоқ.
2017 жылдың ақпанында ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті келесідей мәлімдеме таратты:
«Қазақстан Республикасының монополияға қарсы органы халықты тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге және оны сатып алуға уәкілетті бірегей дистрибьютор – «СК-Фармация» ЖШС тарапынан нарықтағы үстем жағдайды теріс пайдалану дерегін анықтады. Астана қаласының соттары заңды күшіне енген шешімдерімен 2010–2015 жылдар аралығында «СК-Фармация» дәрі-дәрмекті сақтау және тасымалдау қызметтерін бір лотпен сатып алғанын заңсыз деп таныды. Бұл – нарықтың басқа қатысушыларына осы қызмет түрлерін көрсетуге жол бермейтін шектеу болған. Сонымен қатар, «СТОФАРМ» ЖШС-не жеңімпаз атанғаннан кейін негізсіз қосымша міндеттемелер жүктелгені анықталды».
Дәл сол кезеңде Максим Касаткин «СК-Фармация» басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды. Алайда бұл лауазым оны құқық қорғау органдарының екі жыл бұрынғы — оның алдындағы басшы Нұржан Әлібаевтің тұсында кеткен заңбұзушылықтар бойынша қойған талаптарынан қорғай алған жоқ.
2020 жылғы пандемия кезіндегідей, «фармацевтер ісі» 2017 жылы да Президенттің барлық кінәлілерді жұмыстан шығарып, тергеу жүргізуді талап еткен өткір сынынан кейін қозғалған.
Сол жылдың ақпан айында кеңейтілген Үкімет отырысында Нұрсұлтан Назарбаев дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіндегі ұзақ жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелерді өткір көтеріп, былай деген:
«Қазір фармацевтикалық зауыт салғысы келетін кәсіпкерлер келеді, бірақ оларды бұл салаға жолатпайды. Жер де бермейді, тапсырыс та жоқ. Себебі шетелдік елдермен келісімшарттар жасалып қойған дейді. Ал әрбір келісімшарттың артында пайда көріп отырған адам отыр. Ол адам отандық фармацевтиканы дамытқысы келмейді. Біз осы жағдайды өзгерте аламыз ба? Қазір «Фармацияда» отырғандардың бәрін жұмыстан шығар. Шығар! Орнына жаңа адамдарды қойып, қаржы қайда кетіп жатқанын тексер. Бұл не үшін жасалып жатыр? Жаңа кадрлар ал. Мен мұны бірнеше жылдан бері айтып келем. Бірақ нәтиже жоқ. Қозғалмайтын адамдар отыр. Олар кімге арқа сүйейді? Бұл үшін сен жауап бересің, Біртанов».
2025 жылы құқық қорғау органдары мен Жоғарғы аудиторлық палатаның «СК-Фармацияға» қатысты айтқан сындарынан 2017 не 2020 жылдардағы жағдайдан он айырмашылық табу қиын. Бұл жүйелі жұмыс пен нақты сабақ алудың жоқтығын білдіреді. Компания басшылары бірінен соң бірі ауысып жатқанымен, жемқорлық тәуекелдерінің себептері сол күйінде қалып отыр.
«СК-Фармацияның» жаңа басшысы Нұрлыбек Асылбековке оңай соқпайтыны анық. 1,2 трлн теңге көлеміндегі фармацевтикалық нарықты уысында ұстап отырған бұл ұйым жылдар бойы дистрибьюторлар мен делдалдар, медициналық мекемелер мен жеке дәріханалар арасындағы тамыр-таныстық байланыстар жүйесіне айналған. Бұл жүйе – қылмыстық істер мен түрмеге қамалғандарға қарамастан – өзгермей келеді. Сырттай қарағанда, осы жемқорлық тетіктердің барлығын тек Ақорданың тікелей саяси еркімен ғана қозғалысқа келтіруге болатын сияқты.