Евразия24Басты бетЗейнеткерлердің әл-ауқаты: сауалнама мен шынайы жағдай

Зейнеткерлердің әл-ауқаты: сауалнама мен шынайы жағдай

|

|

Жуырда «Фокус» әлеуметтанушылар альянсы Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйеніп, қазақстандық зейнеткерлердің тұрмыс жағдайына қатысты қызықты мәліметтер жариялады. 2026 жылы еліміздегі зейнеткерлер саны 2,53 млн адамға жеткен, оның 2 млн-ға жуығы – 65 жастан асқандар. Зейнетақы алушылардың басым бөлігі тұрмыс деңгейін орташа деп бағалайды. Жалпы өміріне қанағаттану көрсеткіші де жоғары – 10 балдың 7,5-і. Алайда нақты көрсеткіштер зейнеткерлердің материалдық жағдайы біркелкі емес екенін аңғартады. Тұрмыс деңгейіне берілген оң бағаға қарамастан, олардың едәуір бөлігі күнделікті қажеттіліктерін шектеуге мәжбүр. Жүздеген мың зейнеткердің ақуызға бай тағамдарды жеткілікті мөлшерде тұтынуға, ескірген киім-кешегін ауыстыруға немесе күтпеген жағдайда туындайтын 30–40 мың теңге көлеміндегі шығынды өтеуге қаржылық мүмкіндігі жетпейді.

Зейнеткерлердің тұрмысы шынымен жақсарды ма?

Ұлттық статистика бюросының  «Қазақстан Республикасындағы халықтың өмір сүру сапасы» іріктемелі зерттеуіне сәйкес, зейнеткерлердің (61 жастан асқан әйелдер мен 63 жастан асқан ерлер) 75,8%-ы өзінің материалдық жағдайын орташа деп бағалаған. Тағы 18,4%-ы тұрмыс деңгейін орташадан жоғары деп санайды. Ал жағдайын төмен бағалағандардың үлесі небәрі 2%. Егде жастағы азаматтардың өміріне жалпы қанағаттану деңгейі 10 балдық жүйе бойынша 7,5 балды құрады. Өміріне мүлдем көңілі толмайтындар – 0,4%, ал қаржылық жағдайына наразы азаматтар 0,6% ғана.

Бұл көрсеткіштерге қарасақ, қазақстандық зейнеткерлердің басым бөлігі тұрмысына риза деген қорытынды жасауға болады. Алайда зерттеудегі нақты күнделікті шығындарға қатысты деректер мүлде басқа жағдайды көрсетеді.

Зейнеткерлердің 94,9%-ы екі күнде бір рет ет немесе балық тұтынуға жағдайы бар екенін көрсеткен. Ал 5,1%-ының мұндай мүмкіндігі жоқ. Бұл – ел бойынша 129 мыңнан астам адам. Сондай-ақ зейнеткерлердің 21,6%-ы қажетті жиһаз сатып ала алмайды. Мұнда қымбат дүние емес, үстел мен кереует сияқты күнделікті тұрмысқа қажет заттар туралы сөз болып отыр. Бұдан бөлек, 10%-ының маусымға лайық екі жұп аяқ киім алуға, 3,6%-ының қажетті киім-кешек сатып алуға қаражаты жетпейді.

Қаржылық қордың жеткіліксіздігі де байқалады. Әрбір бесінші зейнеткер 30–40 мың теңге көлеміндегі күтпеген шығынды өз қаражаты есебінен өтей алмайды, мұндай жағдайда туыстарының көмегіне жүгінуге немесе қарыз алуға тура келеді. Яғни дәрі-дәрмекті шұғыл сатып алу немесе қажетті тұрмыстық техниканы жөндеу секілді қосымша шығынның өзі отбасылық бюджетке елеулі салмақ түсіреді.

Қаржы тапшылығы зейнеткерлердің қоғамдық және әлеуметтік белсенділігін де шектейді. Сауалнамаға қатысқандардың 30,4%-ының бір аптаға демалысқа шығуға, 11,9%-ының кино немесе театрға баруға мүмкіндігі жоқ. Ал 6,3%-ы қаражаттың жетіспеуіне байланысты туған-туыстары және жақындарымен дастарқан басында тұрақты кездесіп тұра алмайтынын айтқан.

Ендеше, зейнеткерлердің өз тұрмысына берген жоғары бағасы мен нақты қаржылық мүмкіндіктері арасындағы мұндай алшақтықты немен түсіндіруге болады? Ұлттық статистика бюросының сарапшылары бұған бірнеше фактор әсер ететінін атап өтеді. Егде буын 1990 жылдардағы экономикалық қиындықтарды бастан өткергендіктен, қазіргі жағдайын сол кезеңмен салыстырып бағалауы мүмкін. Олардың күнделікті қажеттілікке қатысты сұранысы да көп жағдайда жоғары емес. Сонымен қатар қазақстандық отбасылардың бір бөлігінде зейнетақы негізгі әрі жалғыз кіріс көзі саналмайды, отбасының өзге табыстарына қосымша қаржы ретінде жұмсалады. Алайда соңғы жағдай барлық зейнеткерге бірдей қатысты емес.

ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖӘНЕ КҮНКӨРІС ДЕҢГЕЙІ

Мемлекет төлейтін нақты төлемдер мен азаматтардың қаржылық тұрақтылық туралы түсінігін салыстыру әлеуметтік осал топтардың тұрмыс жағдайы қаншалықты күрделі екенін айқын көрсетеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы 1 ақпанда елдегі жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 157,8 мың теңгені құрады. 2026 жылы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен зейнетақылардың барлық түрі 10%-ға индекстелді . Ең төменгі базалық зейнетақы 35 596 теңгеге, яғни ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ал ең жоғары мөлшері 60 005 теңгеге немесе күнкөріс деңгейінің 118%-ына дейін көтерілді.

Қазіргі баға деңгейін ескерсек, бұл көрсеткіштерді айтарлықтай жоғары деу қиын. Ал Ұлттық статистика бюросының халықтың қаржылық қажеттіліктеріне қатысты сауалнамасы жағдайдың бұдан да күрделі екенін аңғартады.

Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 28,5%-ы бір отбасы мүшесінің айлық табысы 260–320 мың теңге болса, тұрмысты жеткілікті деңгейде қамтамасыз етуге болады деп есептейді . Респонденттердің 18,4%-ы үшін қолайлы табыс мөлшері 400–500 мың теңге. Ал 12,7%-ы 150–200 мың теңгені жеткілікті санаса, 7,2%-ы айына 600 мың теңгеден астам табыс қажет екенін көрсеткен.

Алғашында қажеттілігі көп емес зейнеткерлер бұдан төмен соманы атайтын шығар деп ойлаған едік. Алайда сауалнама нәтижесі олай болмай шықты. 63 жастан асқан қазақстандықтардың үштен бірінен астамы қалыпты өмір сүру үшін айына 260–320 мың теңге қажет деп есептейді. Бұл елдегі орташа жиынтық зейнетақыдан едәуір жоғары. Егде жастағы респонденттердің 14%-ы 320–400 мың теңгені қолайлы деңгей деп көрсетсе, тағы 14%-ы 400–500 мың теңгені атаған. Ал 260 мың теңгеден төмен табысты жеткілікті санайтындардың үлесі төрттен бірге де жетпейді.

Барлық респонденттер бойынша жыныстық және өңірлік айырмашылықтар да назар аудартады. Ауыл тұрғындарының 25,2%-ы 260–320 мың теңгені жеткілікті табыс деп санаса, қала тұрғындарының шамалас бөлігі 400–500 мың теңгеге бағдарланған. Әйелдердің қаржылық қажеттілікке қатысты бағасы ерлерге қарағанда төмен.

Нәтижесінде зейнетақының нақты мөлшері мен егде жастағы азаматтар жеткілікті деп санайтын табыс деңгейі арасында елеулі алшақтық бар. Елдегі орташа жиынтық зейнетақы – 157,8 мың теңге. Бұл зейнеткерлер қалыпты тұрмыс үшін қажет деп көрсеткен 260 мың теңгеден шамамен 40%-ға аз. Ал 35,6 мың теңге көлеміндегі базалық зейнетақы мен БЖЗҚ-дан ең төменгі төлем алатын азаматтардың қаржылық жағдайы бұдан да күрделі деп пайымдауға негіз бар.

Мүгедектігі бар азаматтардың жағдайы да осыған ұқсас. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап I топтағы мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақы 111 872 теңгені, II топқа – 89 498 теңгені, III топқа 61 021 теңгені құрайды. Бұл санаттағы азаматтардың дәрі-дәрмек пен арнайы күтімге жұмсайтын қосымша шығыны да бар.

ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Қазақстанда халықтың қартаю үрдісі жеделдеп келеді. Бұл зейнетақы жүйесіне түсетін жүктемені арттырып, әлеуметтік салаға бөлінетін бюджет шығынына да әсер етеді.

БЖЗҚ сарапшыларының дерегінше , 2025 жылдың басында 60 жастан асқан қазақстандықтар саны 2,8 млн адамға жетіп, бір жыл ішінде 3,7%-ға көбейген. Бұған өмір сүру ұзақтығының артуы негізгі себептердің бірі болып отыр.

2010 жылдан бері Қазақстандағы егде жастағы азаматтар саны жылына орта есеппен 3,8%-ға өсіп келеді. 2010 жылы олардың халық санындағы үлесі 9,8% болса, 2020 жылы 12%-ға, 2023 жылы 13,6%-ға, ал 2025 жылдың басында 13,9%-ға жеткен. Бұл көрсеткіш әйелдер арасында жоғары: 16,4%, ерлер арасында – 11,3%.

Халықтың жас құрылымындағы өзгеріс еңбекке қабілетті азаматтарға түсетін әлеуметтік жүктемеден де байқалады. 2024 жылы әрбір мың жұмыс істейтін адамға зейнет жасындағы 212 азаматтан келген.

Бұл үрдіс алдағы уақытта қандай жағдайға әкелуі мүмкін? Біздіңше, зейнеткерлер саны көбейген сайын мемлекеттік төлемдері күнделікті қажеттіліктерін толық өтеуге жетпейтін азаматтардың қатары да арта береді.

ҚАЗАҚСТАН ӘЛЕМДІК ҮРДІС АЯСЫНДА

Әрине, мұның өзі көңілге үлкен медеу бола қоймас, дегенмен халықтың қартаюы Қазақстанға ғана тән мәселе емес. Бұл – бүгінде бүкіл әлем бетпе-бет келіп отырған демографиялық сын-қатер.

БҰҰ, ХВҚ және ДДҰ деректеріне сәйкес, 1913–2022 жылдар аралығында әлемдегі орташа өмір сүру ұзақтығы 34 жастан 72 жасқа дейін артқан. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай адамзат тарихында алғаш рет 15 жасқа дейінгі балалар мен 65 жастан асқан адамдардың саны теңеседі. Ал 80 жастан асқан халықтың үлесі төрт есе артады.

Алайда егде жастағы азаматтарды, әсіресе әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қолдау тетіктері Қазақстан мен дамыған елдерде бірдей емес.

Халықаралық еңбек ұйымы зейнетақының ең төменгі ұсынылатын алмастыру коэффициентін 40% деңгейінде белгілеген. Яғни зейнетке шыққаннан кейінгі төлем адамның бұған дейінгі табысының кемінде 40%-ына сәйкес келуі тиіс.

БЖЗҚ мәліметінше , Қазақстанда табысты алмастыру коэффициенті орта есеппен 44%-ды құрайды. Ресми көрсеткіш Халықаралық еңбек ұйымы ұсынған ең төменгі межеден жоғары. Алайда бұл есепке базалық, ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы төлемдерінің барлығы кіреді. Оларды толық көлемде алу үшін тиісті еңбек өтілі және 1998 жылдан бері тұрақты зейнетақы жарналары болуы қажет. Ал мұндай талаптарға қазіргі зейнеткерлердің бәрі бірдей сай келе бермейді.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін бірқатар дамыған елде, соның ішінде Дания, Нидерланд, Люксембург пен Финляндияда табысты алмастыру коэффициенті 60–80% аралығында . Мұндай деңгей егде жастағы азаматтарға зейнетке шыққаннан кейін де қалыптасқан тұрмыс деңгейін сақтап, қоғамдық өмірге белсенді араласуға мүмкіндік береді.

Қазақстанда 2026 жылы 1 қаңтардан бастап жәрдемақылар мен зейнетақы 10%-ға өсті. Алайда біздіңше, ресми болжамдағы инфляцияның орнын толтыруға ғана жететін мұндай өсім зейнеткерлердің қалыпты тұрмыс деңгейін қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз.

Бұл ретте бір-біріне сәйкес келе бермейтін екі көрсеткіш те ресми статистикаға негізделген. Бір жағынан, зейнеткерлердің басым бөлігі өзінің материалдық жағдайына оң баға береді. Екінші жағынан, күнделікті қажеттіліктерге қатысты деректер олардың едәуір бөлігінің қаржылық мүмкіндігі шектеулі екенін көрсетеді.

Мәселе – әлеуметтік осал азаматтарды қолдау жөніндегі шешімдер қабылданғанда осы екі көрсеткіштің қайсысына басымдық берілетінінде. Егер зейнеткерлердің көпшілігі тұрмысына қанағаттанатыны негізгі өлшемге айналса, қолданыстағы мемлекеттік қолдау жеткілікті, демек жүйені қайта қараудың қажеті жоқ деген жаңсақ қорытынды жасалуы мүмкін.

 

 

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қазақстан энергия тұтыну деңгейі жоғары елдер қатарында

«Қазақстан жан басына шаққандағы энергия тұтыну көлемі бойынша әлем елдері арасында 22-орында тұр.

Мектеп формасы: талап пен жауапкершілік

«Қазақстанда оқушы мектеп формасына қойылатын талаптарды бірнеше рет бұзған жағдайда оның ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін

Экс-депутат Базарбекке қатысты жол апаты бойынша тергеу жүріп жатыр

Қазақстандық заңгер, VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек адам қағу дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында тергеліп жатыр.

Қазақстанда 237 ерікті өрт сөндіру бекеті 700-ге жуық елді мекенді қорғайды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің ведомство жұмысының нәтижелері, азаматтық қорғау жүйесін жаңғырту барысы және алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы есебін тыңдады, деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.