Евразия24Басты бетҰлы Жібек жолы: сауда, саясат және бәсеке

Ұлы Жібек жолы: сауда, саясат және бәсеке

|

|

Ұлы Жібек жолын бейбіт сауда жолы ретінде ғана қабылдайтын таптаурын түсінік тарихи өткеніміз бен бүгінгі геосаяси ахуалды өзара сабақтастыра қарауға кедергі келтіреді. Жібек, жылқы, шыны, фарфор, музыкалық аспаптар, идеялар, технологиялар, діндер, бағалы металдар, қағаз, оқ-дәрі, мәдени дақылдар, құлдар – мұның бәрі болғаны рас. Алайда империялар сауда жолдарын өз бақылауында ұстауға ұмтылды. Өйткені саудадан түсетін мол табыс байлық қана емес, ақпаратқа қол жеткізуге, одақтастар табуға және әскери басымдыққа ие болуға мүмкіндік берді.Біздің дәуірімізге дейінгі II ғасырда Хань әулетінің императоры У Қытайдың солтүстігі мен солтүстік-батысындағы сюнну көшпелі бірлестігіне қарсы күресте одақтас іздеді. Осы мақсатпен ол шенеунік Чжан Цяньды сюннуларға қарсы әскери одақ құру жөнінде юэчжилермен келісу үшін батысқа аттандырды.Алайда сапар жоспардағыдай болмады. Сюннулар елшіні тұтқынға алып, ол бірнеше жыл бойы қамауда болды. Кейін Чжан Цянь қашып шығып, Орталық Азия арқылы батысқа қарай сапарын жалғастырды. Ол әскери одақ құра алмағанымен, Қытайға батыстағы ұлан-ғайыр өркениеттер әлемі туралы мол мәлімет жеткізді.

Ондағы тауарлардың арасында император сарайына да, әскерге де, басқа тұтынушыларға да қажет дүниелер аз емес еді. Көп ұзамай Қытай Үндістан мен Иранға дейін созылған сауда желілеріне қосылды. Қытай халықаралық саудаға араласқан осы кезеңнен бастап XVI ғасырға дейін жалғасқан Жібек жолының қалыптасуы туралы айтуға болады.

Бастапқы кезеңде Қытай үшін ең қажетті тауардың бірі жылқы болды. Ол заманда бұл жануар әрі соғыс күші, әрі негізгі көлік құралы болатын. Хань империясының солтүстік шекарасында атты әскері шапшаң қимылдайтын қарсыластары тұрды. Сондықтан бұл мәселені шұғыл шешу қажет еді.

Сауда, дипломатия мен соғыс бір-бірімен астасып жатты. Сол дәуірдегі геосаясаттың сипаты осындай болды. Керуен жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Хань әскері батысқа қарай жылжыды. Жібек жолы қалыптаса бастаған кезден-ақ Қытай бүкіл Еуразияда жүріп жатқан саяси және экономикалық үдерістердің белсенді қатысушысына айналды.

Чанъаньнан Римге дейін созылған біртұтас сауда жолы болған жоқ. Оның орнына тауар бір саудагерден екіншісіне, бір аймақтан келесісіне өтіп отыратын өзара жалғасқан сауда желілері жұмыс істеді. Әр кезең сайын қолдан-қолға өткен тауардың бағасы да қымбаттай беретін.

Сонымен қатар Қытайдың оңтүстігіндегі порттарды Оңтүстік-Шығыс Азия және Үндістанмен байланыстыратын теңіз сауда жолдары да қатар дамыды.

Алып сауда желісіне қатысқан халықтардың әрқайсысы оның белгілі бір бөлігін бақылауда ұстады. Халықаралық саудада соғды көпестерінің ықпалы айрықша болды. Әсіресе ерте орта ғасырларда олардың рөлі өте жоғары еді. Соғдылардың тарихи орталықтары Бұхара мен Самарқанд төңірегінде орналасқан.

Жібек Қытайдың ең танымал тауары болғанымен, Батыс нарығында оған барлық уақытта бірдей сұраныс бола берген жоқ. Византия мен Парсы арасындағы соғыстар кезінде Иран Византия империясына жібек жеткізуді шектеп отырды. Себебі Константинополь жібекті жалдамалы әскерлерге ақы төлеуге пайдаланатын. Демек, Византияға жібек неғұрлым аз жетсе, Парсының батыс шекарасына қарсы қойылатын жау әскері де соғұрлым азаятын. Бұл жағдай еріксіз бүгінгі мұнай, сұйытылған табиғи газ, Ормуз және Баб-эль-Мандеб бұғаздары төңірегіндегі геосаяси тартыстарды еске түсіреді.

Жібек жолының ықпалымен саудадағы тауар түрлері, ауыл шаруашылығы, сән үлгілері мен ас мәзірі өзгерді, мәдени және діни түсініктер тарады, жаңа технологиялар бір халықтан екіншісіне жетті. Осының бәрі Жібек жолымен байланыс орнатқан елдер мен халықтардың дамуына орасан ықпал етті.

Алайда осы халықаралық сауда желісін тым әсірелеп, тек бейбіт өркениеттік байланыс ретінде көрсету сол дәуірдегі оқиғаларды шынайы бағалауға кедергі келтіреді. Ұлы Жібек жолының тарихы әрдайым бейбіт болған жоқ.

Жібек жолын түрлі мәдениеттер тоғысқан бейбіт кеңістік деп қана қарастыруға болмайды. Әр кезеңде Қытай, түркі мемлекеттері, Тибет, Парсы мен Хазария халықаралық сауда желісінің маңызды бөліктерін бақылауда ұстады. Олар өз ықпалындағы сауда жолдарын кеңейтуге немесе сол аумақтарды сақтап қалуға қыруар күш пен ресурс жұмсады.

Соғыстар мен саяси бытыраңқылық сауданың тоқтауына немесе оның басқа бағыттарға ауысуына әкеліп отырды. Мәселен, жоғарыда айтылған Византия мен Парсы арасындағы соғыстар кезінде Иранның солтүстігін айналып өтетін сауда жолдарының маңызы артты.

Кейін технологиялық және экономикалық жағдай өзгеріп, оған Ұлы географиялық ашулар қосылған соң, Жібек жолының дәстүрлі үлгісі біртіндеп тарих сахнасынан кетті.

Өткенге көз жүгіртсек, бүгінгі әлемде сауда жолдары мен транзит үшін, стратегиялық тауарлар мен технологияларға қол жеткізу үшін бәсекенің неліктен соншалықты шиеленісті әрі ымырасыз жүріп жатқанын түсінуге болады. Өйткені бұл тартыстағы мүдде орасан зор, ал одан барынша мол пайда табуға ұмтылған тараптар райынан оңай қайтпайды.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Тоқаев Қазақстандағы құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруды тапсырды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Саденовті қабылдап, елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.

Қазақстан Қорғаныс министрлігіндегі тексеріс Каспийдегі оқу-жаттығуды әзірлеу мен өткізу кезінде елеулі кемшіліктер болғанын анықтады

Қазақстан Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру жөніндегі комиссия Каспийде 14 әскери қызметші қаза тапқан оқу-жаттығуды әзірлеу және жоспарлау барысында елеулі кемшіліктер жіберілгенін анықтады, деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.

Қазақстан Президенті оқу-жаттығуда әскери қызметшілер қаза тапқаннан кейін Қорғаныс министрлігінде жүргізілген аудит нәтижелерімен танысты

Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) төрағасы Әлихан Смайылов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қорғаныс министрлігінде бюджет қаражатының қаншалықты тиімді пайдаланылғанын анықтау мақсатында жүргізіліп жатқан жоспардан тыс аудиттің барысы туралы есеп берді, деп хабарлады дүйсенбі күні Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.

Әлемдегі мұнай қоры қауіпті деңгейге дейін азайды – Saudi Aramco

Мұнай жеткізуде іркіліс болған жағдайда оның салдарын жеңілдетуге мүмкіндік беретін әлемдік мұнай қоры «алаңдатарлықтай төмен» деңгейге дейін азайды. Бұл туралы Сауд Арабиясының мемлекеттік Saudi Aramco компаниясының басшысы Амин Насер мәлімдеді.