Қостанайда өзгенің мұқтаждығын жеке басының пайдасына пайдаланған азамат сотталды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, «азаматтардың ауыр материалдық жағдайын және екінші деңгейлі банктерден несие ала алмауын пайдаланып, ол жылдық мөлшерлемесі 120 пайызға дейін жететін жоғары пайызбен қарыз берген. Бұл ретте нотариатта куәландырылған шарттарда қарыз сомасы әдейі ұлғайтылып көрсетілген, өйткені оған алдын ала пайыздық үстемелер, ресімдеу шығындары және өзге де төлемдер енгізілген».
Агенттік жәбірленушілердің бірінің жағдайын мысалға келтірді. Ол іс жүзінде 9 млн теңге алғанымен, шарт 14 млн теңгеге рәсімделген. Кейін оның атына тағы 18 млн теңге көлемінде қарыз рәсімделген, алайда бұл қаражат оған берілмеген. Соның салдарынан сот одан жалпы 26 млн теңгені өндіріп алу туралы шешім шығарған.
ҚМА мәліметінше, заңсыз әрекеттердің салдарынан 50-ден астам азамат өздері үшін тиімсіз шарттармен қарыз міндеттемелеріне тартылған. Қылмыстық жолмен алынған табыс көлемі 1 млрд теңгеден асқан.
Сот үкімімен күдікті 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар қылмыстық табысқа сатып алынған төрт пәтер, екі жер учаскесі, сондай-ақ Mercedes-Benz G500, Dodge RAM 1500 және Hyundai Santa Fe автокөліктері мемлекет кірісіне тәркіленді.
Бұл оқиға толықтай OLX пен Instagram платформалары арқылы өрбіген. Біздіңше, бұл заңсыз несие берушілердің әлі де белсенді екенін көрсетті. Мемлекет шұғыл қаржылық қажеттіліктерге берілетін заңды несиелеу талаптарын күшейткен сайын, құқық қорғау органдарының мәліметтерінде қаржылық тығырыққа тірелген азаматтарды аяусыз алдауға қатысты осындай деректердің жиілеуі де ғажап емес.
Екінші жағынан қарасақ, заңсыз несие алуға тәуекел еткен азаматтан өндірілген 26 млн теңге аз қаржы емес. Бұл жалақыға дейін жететін 300 мың теңге көлеміндегі қарыз емес. Материалдық жағдайы ауыр адамның мұндай соманы қайдан алғаны да заңды сұрақ тудырады. Мұндай жайттардың кейбіріне қисынды жауап табу қиын.
Интернет кеңістігінде өзгені алдауға дайын адамдар да, алдануға бейім жандар да бар кезде, заңсыз өсімқорлық пен алаяқтықтың түбегейлі жойылуы оңай болмайтыны анық.




