Евразия24Редакция бағаныАлауыздыққа жол бермеу керек!

Алауыздыққа жол бермеу керек!

|

|

Бұған дейін айтқанымыздай, Қазақстандағы саяси-ақпараттық үдерістің нүктесі әлі қойылған жоқ.

Соңғы уақытта БАҚ, әлеуметтік желілер, журналистер мен блогерлер төңірегінде болған оқиғаларға назар аударсақ, ақпарат кеңістігіндегі шектен шыққан бағыттарды тежеу үрдісі байқалады. Әңгіме жұрт назарын бірден аударатын ресурстар туралы. Олардың авторлары Қазақстандағы және әлемдегі оқиғаларға өзіндік баға береді, ашық ұстанымын білдіреді. Бұл пікірді қолдайтындар да, оған қарсы шығатындар да аз емес. Әр жарияланымы сан алуан пікір туғызып, кейде оқырмандардың өзара тартысына ұласатын мұндай алаңдар қоғамдық пікірге ықпалымен ерекшеленеді.

Біздің ұстанымымызды бірден айта кетейік: қазіргі жағдайда мұндай шараларға барудың өз себебі бар және оны орынды деп санаймыз. Әлемдегі ахуал барған сайын құбылып, алдағы жағдайды болжау қиындап барады. Осындай кезеңде Конституциясын жаңартып, «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» қағидатын басты бағдар еткен Қазақстан үшін қоғамдық пікір мен ақпарат кеңістігінде экстремистік көзқарастардың таралуына жол бермеу аса маңызды.

Бұл шаралардың саяси-ақпараттық кеңістіктің бір ғана бөлігіне емес, екі шетіне де бағытталып отырғанын да түсінуге болады.

Ал қолданылатын тәсілдер әртүрлі.

Мәселен, қаржыландыру тоқтағаннан кейін «Айран» жұмысын доғарды. «Орда» да кейін үнсіз жабылды. Бірақ оған дейін Гүлнара Бажкенова заңсыз кәсіпкерлік, сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және жалған ақпарат тарату ісі бойынша сотталып, қылмыстық жазаға тартылды.

ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаев пен бас редакторы Әмір Қасенов БАҚ арқылы көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танылды.

Ал «Гиперборей» жобасында Ресейдің атом электр станциясын салуына үздіксіз қарсы шығып жүрген Вадим Борейко құрылыс компаниясының өзіне қарсы берген талап-арызы бойынша сот ісі уақытша тоқтатылғаннан кейін ұзақ демалысқа кететінін және YouTube-арнасының жұмысын әзірге доғаратынын мәлімдеді.

Кезінде медиа кеңістікте танымал болған Арман Шураев та әлеуметтік желіде бейәдеп сөздер жазылған жазба жариялағаны үшін 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Алайда осы оқиғалардың ішінде ең көп назар аудартқаны – Анастасия Ахметоваға қатысты қылмыстық іс қозғалып, оның үйқамаққа алынуы.

Бұл жолы әңгіме қаржы жымқыру немесе әлдебір компанияның сотқа берген талап-арызы туралы емес. Ахметоваға Қылмыстық кодекстің 174-бабы – әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыру бойынша күдік келтіріліп отыр.

Бұл – жауапкершілігі ауыр бап. Оның салмағы күдікке ілінген адамға ғана емес, тұтас қоғамға қатысты мәселенің қаншалықты күрделі екенін аңғартады. Өйткені Қазақстанда қандай жағдай болмасын, алауыздық пен араздықты қоздыруға жол беруге болмайды.

Бірақ 174-бапқа қатысты мәселенің тағы бір қыры бар. Мұнда құқық пен саясат өзара астасып жатқандықтан, қылмыс пен қоғамдық пікірталастың шегін ажырату оңай емес. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 188-бабындағы ұрлық пен 192-бабындағы қарақшылыққа келгенде бәрі түсінікті. Ал 174-бап бойынша қылмыс пен қоғамдағы ашық пікірталастың ара-жігін қалай ажыратамыз?

Сондықтан мұнда нақты әрі екіұшты түсіндіруге жол бермейтін өлшемдер қажет. Ненің заң аясындағы қоғамдық пікір, ал ненің алауыздықты қоздыру болып саналатыны анық белгіленуге тиіс.

Мәселен, мынадай мәлімдемені алайық: «…небәрі 162 адам Қазақстан байлығының жартысына иелік етеді. Ал халықтың тең жартысының ай сайынғы табысы 50 мың теңгеден аспайды… Мұндай ақшаға күн көру іс жүзінде мүмкін емес. Жағдайды шұғыл өзгерту керек…».

Немесе тағы бір мысал: «Бүгінде Қазақстанда банк активтері мен капиталының табыстылығы дамыған елдердегіден орта есеппен бірнеше есе жоғары».

Мұндай мәлімдемелерді алауыздықты қоздыруға жатқызуға болмайтыны анық. Керісінше, бұл – қоғамдағы нақты әлеуметтік мәселелерге назар аударып, оларды шешу қажеттігін көтеру.

174-баптың сипаты бөлек. Сондықтан бұл баптың қандай жағдайда қолданылатыны қоғамда күмән туғызбайтындай анық әрі ашық болуы қажет.

Мәселен, жеке адамға қарсы жасалған қылмыстар бойынша тергеу мен сот істің кейбір мән-жайының жария болмауын қамтамасыз етуге міндетті болса, 174-бапқа қатысты істерде керісінше, қоғамға ненің заң бұзушылық болып саналатынын анық көрсету маңызды. Сотқа дейінгі тергеу мен сот процесі мұндай әрекеттің не үшін қылмыс деп танылғанын жұртшылыққа түсінікті етіп көрсетуге тиіс. Сонда оның алдын алу және қоғамға сабақ боларлық әсері де күшейеді.

Анастасия Ахметованың танымалдығын ескерсек, оның үйқамаққа алынуы қоғамда үлкен резонанс тудыратыны анық еді. Демек, бұл істің қоғамға ықпалы қазірдің өзінде бар. Тек сол ықпалдың бағыты қандай? Қылмыстық жауапкершілікке тартуда көзделген нәтиже осы ма?

Тергеу материалдарын жарияламау туралы міндеттеме берген Анастасия Ахметованың әзірге үнсіз отырғаны түсінікті. Алайда істің мән-жайы жұртқа белгісіз болғанымен, қоғамдағы пікірталас толастаған жоқ. Керісінше, істің мән-жайы белгісіз болған сайын, Ахметованы нақты бір әрекеті үшін емес, осы уақытқа дейінгі ұстанымы үшін жауапқа тартып жатқандай пікір қалыптасып келеді. Демек, сөз нақты бір әрекет туралы болуы керек: оның жасалған уақыты мен орны, қылмыстық құқық бұзушылық белгілері көрсетілуге тиіс. Бұл жағдайда да қай жарияланым, ондағы қандай сөздер немесе үзінділер тергеуге негіз болғаны анық болуы қажет.

Ендеше қоғамға істің неден басталғанын неге айтпасқа? Кім және қандай жағдайға байланысты шағым түсірді? Егер арыз иесінің өзі бұл туралы ашық мәлімдесе, Қылмыстық-процестік кодекстің талаптары да бұзылмайды, ал қоғам істің мән-жайын жақсырақ түсінер еді.

Егер іс заңда белгіленген тәртіппен қозғалған болса, құқық қорғау органдары болжанып отырған құқық бұзушылықты тоқтатуға да шара қолдануы керек еді. Мәселен, автордан даулы материалды алып тастауды, кешірім сұрауды талап етіп, жұртшылыққа нақты қандай әрекеттен заң бұзушылық белгілері табылғанын түсіндіруге болар еді. Сонда сөз бостандығына кепілдік беретін Конституцияның 23-бабы қай тұста аяқталып, Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша жауапкершілік қай жерден басталатыны да көпшілікке түсінікті болар еді .

Ал енді қоғамға ескерту әсері туралы. Былтыр күзде «Северный казах» деген атпен белгілі Аслан Төлегенов ұлттық алауыздықты қоздырғаны және жалған ақпарат таратқаны үшін сотталды. Айыпталушы кінәсін мойындағандықтан, іс қысқартылған тәртіппен қаралды. Нәтижесінде ол үш жыл тоғыз айға бас бостандығынан айырылды. Демек, мұндай тәжірибе бар.

Ал Анастасия Ахметова Жанна д’Арктың жолын таңдап, кінәсін мойындамаса ше? Ондай жағдайда сот процесінің өзі қоғамдағы алауыздықты күшейтіп жіберуі мүмкін. Әлеуметтік желіде бір тарап бұған қуанып, екінші тарап ашық наразылық білдіреді. Мұндай жағдай мемлекетке де, қоғамға да керек пе?

Оның үстіне әлеуметтік желідегі айтыс қазірдің өзінде басылар емес. «Айран» редакциясы жабылғанымен, арнаның өзі әлі тұр. Жаңа материал шықпайды, бірақ Ұлы Отан соғысы, Ресей мен Украина арасындағы соғыс және Кеңес Одағындағы өмірдің қаншалықты нашар болғаны туралы баяғы видеолары желіден өшірілген жоқ. Оларды қайта қиып, жаңа шортс немесе рилс   ретінде таратып, онсыз да әр мәселеге елең ете қалатын жұртты қайта дүрліктіруге болады.

Бажкенованың да елдегі жағдайды сынап, оңды-солды айып таққан монологтары Threads, YouTube пен TikTok-та әлі жүр. Қарасаңыз, күні кеше жарияланған жаңа әшкерелеу секілді әсер қалдырады.

Арналар жабылды. Ал жылдар бойы жасалып, қоғамдағы ахуалды ушықтыруы мүмкін контент сол күйі желіде қалды.

Шынын айтсақ, мұндай ақпараттық «тазалаулардың» барлығына дерлік сыртқы фактордың да ықпалы бар екенін мойындау керек. Қазақстанда «шетел агенті» деген мәртебе жоқ, қаржыландыру толығымен ел ішінен келуі де мүмкін. Бірақ сыртқы ықпал, сырттан бақылау және шетелдегі реакция бәрібір бар. Сондықтан іс фигуранттарына ресми тағылған айыптың ар жағында Қылмыстық кодекстің 174-бабынан да ауыр мәселелер жатуы мүмкін деген болжам жасауға болады.

Не десек те, бүгінгі құбылмалы әлемнің геосаяси шындығы осындай. Оны өзгерту біздің қолымызда емес. Есесіне қоғамымыз мұндай күрделі мәселелерді ашық талқылай алатындай деңгейге жетті. Оның үстіне «сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деген қағида бар.

Сондықтан құқық қорғау органдары мен ішкі саясатқа жауапты мемлекеттік құрылымдар Анастасия Ахметованың не үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын, істің нақты неден басталғанын және алдағы уақытта қандай құқықтық шешімдер болуы мүмкін екенін қоғамға мүмкіндігінше тезірек әрі түсінікті түрде түсіндіргені жөн болар еді.

Мұның өзі жұрттың істің мән-жайын дұрыс түсінуіне, заңның қай жерде қандай жағдайда қолданылатынын білуіне сеп болар еді.

 

 

 

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Блогермен билеген екі полицей қызметінен айырылды

Астанада мысырлық тревел-блогермен бірге билеген екі полиция қызметкері жұмыстан шығарылды.«Қызметкерлер қызметтік әдеп нормалары мен ішкі істер органдары қызметкерлеріне қойылатын мінез-құлық талаптарын бұзды.

БРИКС саммитінде Нью-Дели декларациясы қабылданды

Reporter мәліметінше, көлемі 45 беттен тұратын құжатқа 140 тармақ енген. Онда БРИКС елдерінің халықаралық қауіпсіздік, қақтығыстардың алдын алу, әлемдік сауда, энергетика, жаһандық институттарды реформалау және басқа да мәселелер жөніндегі ұстанымдары қамтылған. 

Жауапкершілік пен өкілеттіктің арасы алшақ

Құрылтай депутаты, «Әділет» фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева көп күттірген жоқ. Алғашқы ұйымдастыру отырысынан кейін өткен екінші пленарлық мәжілістің өзінде ол көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселені көтеріп, депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, мүлік иелері бірлестігі (МИБ) төрағаларына жүктелетін жауапкершілік олардың өкілеттігіне сай емес.

Тоқаев трансшекаралық инфрақұрылым қауіпсіздігіне назар аударды

Ақорданың мәліметінше, Мемлекет басшысы трансшекаралық инфрақұрылымға төнетін қатердің күшейіп келе жатқанын тағы бір маңызды мәселе ретінде атады. «Сондықтан бейбітшілік пен стратегиялық тұрақтылық экономиканың орнықты дамуы үшін аса қажет.