Евразия24Не болдыБлогермен билеген екі полицей қызметінен айырылды

Блогермен билеген екі полицей қызметінен айырылды

|

|

Астанада мысырлық тревел-блогермен бірге билеген екі полиция қызметкері жұмыстан шығарылды.«Қызметкерлер қызметтік әдеп нормалары мен ішкі істер органдары қызметкерлеріне қойылатын мінез-құлық талаптарын бұзды. Полиция қызметкерлері қандай жағдай болмасын кәсіби арақашықтықты сақтап, белгіленген әдеп талаптарын ұстануға тиіс», – деп Астана қаласының Полиция департаменті мәлімдеді.

Мұндай қатаң шешімге «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының маңында түсірілген видео себеп болды. Оның авторы – мысырлық тревел-блогер Ахмед Хаггагович .

Шетелдік блогердің Астана туристік полициясының екі қызметкерімен бірге билеген видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Алайда бұл әрекет полиция басшылығы тарапынан сынға ұшырап, қызметтік тексеру жүргізілді. Нәтижесінде екі қызметкер де ішкі істер органдарынан шығарылды.

Айта кетейік, полиция қызметкерлері өз бетінше жарнамалық қойылым ұйымдастырмаған. Олар Қазақстанға келген танымал шетелдік саяхатшымен бірге видеоға түскен. Ахмед Хаггаговичтің елге сапары бұған дейін де ресми деңгейде назарға іліккен еді. 2026 жылы тамызда оның Қазақстанға келгені туралы Алматы әкімдігі арнайы ақпарат таратқан.

«Қазақстан – Ахмед Хаггагович барған 193-ел. 8 миллионнан астам оқырманы бар танымал тревел-блогер, тележүргізуші әрі авторлық саяхат шоуын жүргізетін Ахмед Хаггагович Қазақстанға сапары барысында Алматыға алғаш рет келді», – деп қалалық Туризм басқармасы хабарлады.

Әрине, бұл оқиғаға әр қырынан қарауға болады.

Астана Полиция департаменті басшылығы қызметкерлердің блогермен бірге билеуін қызметтік әдепке сай емес деп бағалады. Алайда кейбір туристік елдерде полиция қызметкерлерінің биі, керісінше, елдің жағымды имиджін қалыптастырудың бір тәсілі ретінде қолданылады.

Мәселен, 2018 жылы Таиланд полициясының тоғыз қызметкері Super Junior тобының Sorry Sorry әніне билеп, арнайы видео түсірген. Кейін бұл ролик әлеуметтік желіде кең тарап, көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Дегенмен полиция қызметкерлерінен қатаң ресми тәртіпті талап ететін елдер де бар. 2025 жылы Лондонның Metropolitan Police қызметкерлеріне Ноттинг-Хилл карнавалына қатысушылармен бірге билеуге болмайтынын алдын ала ескерткен. Мұның себебі бидің өзінен әдепсіздік іздеуде емес. Полицияның негізгі міндеті – қоғамдық тәртіпті қадағалап, кез келген сәтте қызметтік міндетін атқаруға дайын болу.

Біздіңше, Астанадағы жағдайда да қызметтік әдептен аттау болды деп бағаланса, шетелдік туристің полиция қызметкерін қолына көтеріп айналдырған сәтіне байланысты ескерту жасап, жеңілірек тәртіптік жаза қолданумен шектелуге болар еді. Мұндай «шектен тыс қонақжайлықтың» қызметтік әдепке сай келмейтіні осылай да түсіндірілер еді.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қазақстан екінші АЭС құрылысы жөнінде Қытаймен келіссөз жүргізіп жатыр – Энергетика министрі

Қазақстан Қытайдың ұлттық атом компаниясымен елдегі екінші атом электр станциясын салу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов хабарлады.

Путин Ресейдің өзге елдермен ынтымақтасуға мүдделі екенін, ешкімге қоқан-лоқы көрсетпейтінін айтты

Ресей президенті Владимир Путиннің айтуынша, Ресей өзге елдерге бұрын да қоқан-лоқы көрсетпеген, қазір де көрсетіп отырған жоқ. Ол елінің басқа мемлекеттермен ынтымақ орнатуға мүдделі екенін айтты.

Литва мен Германия қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

Литва қорғаныс министрі Робертас Каунас пен Германия қорғаныс министрі Борис Писториус Берлинде қорғаныс саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойды. Бұл туралы сәрсенбі күні Литва Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

АҚШ-тағы сайлау нәтижесі Вашингтон мен Брюссельдің қарым-қатынасын өзгерте ме?

АҚШ-тағы аралық сайлауда Республикалық партияның жеңілуі Вашингтон мен Еуроодақ арасындағы қатынас өздігінен жақсарады деген сөз емес. Бұл туралы сәрсенбі күні Bloomberg агенттігі дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.