Евразия24Таңдаулы жаңалықтарКредит беру тәртібі қатаң бақылауға алынады

Кредит беру тәртібі қатаң бақылауға алынады

|

|

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлайды: «Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) екінші деңгейдегі банктердің қарыз алушыларға қатысты борыш жүктемесінің коэффициентін (БЖК) дұрыс есептеуін тексеруге арналған Debt Service Review (DSR) тұрақты қадағалау рәсімін іске қосады. Тексеру еліміздегі 11 ірі банкті қамтиды. Жаңа қадағалау тетігі азаматтардың борыш жүктемесін шамадан тыс ұлғайтпауға және жауапты кредит беру қағидаттарын нығайтуға бағытталған. Азаматтарды шектен тыс қарызданудан қорғау және банктердің кредит беру кезінде жауапкершілік танытуын қамтамасыз ету – Агенттік қызметінің басым бағыттарының бірі. Халыққа берілетін кредит көлемі өсіп отырған қазіргі жағдайда банктердің қарыз беру туралы шешім қабылдар алдында клиенттің төлем қабілетін шынайы әрі жан-жақты бағалауы айрықша маңызға ие. Жаңа қадағалау рәсімін енгізу алдында Агенттік пилоттық жоба жүргізіп, сегіз банкте борыш жүктемесі коэффициентінің қаншалықты дұрыс есептелетінін талдады. Пилоттық жобаның нәтижелері DSR рәсімін тұрақты қадағалау жүйесіне енгізу қажеттігін растады. Тексеру қорытындысы бойынша Агенттік анықталған заңбұзушылықтардың сипаты мен маңыздылығын бағалайды. Соның негізінде қадағалау шараларын қолдану, сондай-ақ банктерге кемшіліктерді жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітуді міндеттеу қажеттігі қаралады. Тексеру нәтижелері борыш жүктемесінің коэффициентін есептеуге қойылатын нормативтік талаптарды жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу кезінде ескеріледі».

 

Еуразия24 пікірі:

Қазақстанда борыш жүктемесінің коэффициенті (БЖК) 2014 жылғы 1 сәуірден бері қолданылады. Бұл көрсеткіш қарыз алушының ай сайынғы табысының қанша бөлігі кредит төлеуге жұмсалатынын анықтайды. Тұтынушылық кредиттердің басым бөлігі үшін коэффициенттің шекті мәні 0,5 болып белгіленген. Яғни қарызды өтеуге есепке алынатын табыстың жартысынан аспайтын сома жұмсалуы тиіс. Алайда мұндай шектеу қазақстандықтардың кредитке белшесінен батуына тосқауыл бола алмады. Тіпті қарызын өтей алмай, қаржылық қиындыққа тап болғандар да аз емес.

Мәселе тек шектеу енгізумен шешілмейді. Банктердің несие берерде клиенттің нақты табысын дұрыс анықтап, оның бұрын алған кредиттерін түгел есепке алуы және қарыз жүктемесін төмендетіп көрсетпеуі де қатаң қадағалануы тиіс.Мемлекеттің халықтың шамадан тыс қарыздану мәселесін түпкі себептерінен бастап шешуге кіріскенін елеулі ілгерілеу деп бағалаймыз. Егер банктер азаматтардың төлем қабілетін ескеріп, шамадан тыс кредит бермегенде, талай адам қарызға белшесінен батпас еді.

Дегенмен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарламасындағы ең қызықты тұс – сегіз банкте жүргізілген пилоттық жобаның нәтижелері. Агенттік тексеру қорытындысы тұрақты қадағалау жүргізу қажеттігін растағанын мәлімдегенімен, нақты қандай заңбұзушылықтар немесе кемшіліктер анықталғанын ашып айтпаған. Олардың қай банктерде тіркелгені, қаншалықты кең таралғаны және кредит беру туралы шешімдерге әсер еткен-етпегені де белгісіз. Ал мәселенің шын мәніндегі ауқымын білу маңызды.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Триллиондаған қаржы бөлінсе де, жол сапасы неге түзелмейді?

Президент 28 қазандағы Жолдауында жол құрылысы саласын қатаң сынаған еді. Арада көп уақыт өтпей, жол саласына жауапты мекемелер асфальттың мерзімінен бұрын бүлінуіне ауыр жүк көліктері кінәлі екенін алға тартты. «ҚазАвтоЖол» басқарма төрағасы Дархан Иманашев аса ауыр техниканың жалпы пайдаланымдағы жолдарға шығуын шектеуді ұсынды. Бұл ұсыныс Мемлекет басшысының құрылыс сапасына қатысты жауапкершілікті өзгелерге ысыруды тоқтату жөніндегі талабынан кейін бірден айтылды. Ал 2 қарашада Бас прокуратура алдын ала есеп бойынша 8 млрд теңгеден астам шығын келтірілген 33 іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Тексеру барысында мемлекеттік тапсырыс берушілердің мердігерлер кепілдік берген жолдарды жөндеуге қайтадан тендер жариялағаны анықталды. Ендеше Қазақстандағы жолдардың мерзімінен бұрын бүлінуіне шын мәнінде не себеп болып отырғанын және оған кім жауапты екенін қарастырайық.

Путиннің орнына тағы бір Путин келеді

«Батыс Украинаны қолдаудан бас тартса, не болады?»   Ресейлік тарихшы, саясаткер, қоғам қайраткері әрі «Савромат» шығармашылық лақапатымен танымал видеоблогердің кезекті бейнематериалы осылай аталады.

Qarmet өндірісті жаңғыртуға жоспарланған 3,5 млрд доллардың 2,7 млрд доллардан астамын жұмсады

Қазақстандық Qarmet металлургия комбинаты өндірісті жаңғыртуға жоспарланған 3,5 млрд доллардың 2,7 млрд доллардан астамын инвестициялады. Бұл туралы Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстанда мәслихат сайлауына 10,9 мыңнан астам кандидат тіркелді

Қазақстанда 29 қарашаға белгіленген мәслихат депутаттарының сайлауына кандидаттар ұсыну және тіркеу кезеңі аяқталды. Бұл туралы дүйсенбі күні Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі хабарлады.