Евразия24Таңдаулы жаңалықтарВТБ және санкциялар: Қазақстан экономикасына қауіп төнген бе ?

ВТБ және санкциялар: Қазақстан экономикасына қауіп төнген бе ?

|

|

ҚазТАГ хабарлайды: «VTB Bank (Қазақстан)» АҚ Еуропалық одақтың Ресейге қарсы кезекті санкциялар пакеті тізіміне енгізілуі Қазақстан экономикасы үшін ешқандай тәуекел тудырмайды. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкінің төраға орынбасары Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді: «ВТБ банкі жалпы қаржылық тұрақтылыққа теріс әсер етіп отырған жоқ. Сондықтан бұл жағдай экономикалық тұрғыдан қандай да бір алаңдаушылық немесе қауіп туғызады деп ойламаймын. Қазір ақпарат енді ғана белгілі болды. Депозит иелерінің саны мен оның қаржы жүйесінің тұрақтылығына ықпалын қараймыз», — деді Жамаубаев бейсенбі күні. Оның айтуынша, Ұлттық банк барлық ықтимал тәуекелдерді жүйелі түрде бақылауда ұстап отыр. «Жағдайға қарай әрекет етеміз. Бір жағынан, банк клиенттері мен халық зардап шекпеуі тиіс. Екінші жағынан, біз шаруашылық субъектілерінің де жағдайын ескеруіміз қажет. Егер төлемдер мен аударымдар бойынша нақты қиындықтар туындаса, көмек көрсетеміз», — деді ол. Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, банктің тұрақтылығы тек депозиттерге ғана емес, оның меншікті капиталына да сүйенеді.
«Санкциялық мәселелер бүгін емес, үш жыл бұрын басталған. Сондықтан Қазақстандағы әрбір банк пен шаруашылық құрылымы мұндай жағдайларда үнемі назарда. Үкімет те екінші деңгейлі санкциялардың ел аумағында туындамауын мұқият қадағалап отыр. Сол себепті бұл бағытта Үкіметпен бірлесе жұмыс істей береміз», — деп түсіндірді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

 

Евразия24 пікірі:

Біздің ойымызша, Қазақстанда бірқатар түсініксіз жағдайлар байқалып отыр. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ерұлан Жамаубаев санкциялық мәселелер үш жыл бұрын туындағанын айтқан еді. Алайда небәрі екі жылдан астам уақыт бұрын қаржы секторын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова басқа мәлімдеме жасаған болатын. 2023 жылғы мамыр айында ол: «АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасының (OFAC) талабына сәйкес, агенттік банктер мен қаржы ұйымдарын үшінші елдерге қатысты енгізілген шектеулердің орындалуын бақылау үшін QIS рәсімін сақтауға міндеттеді», — деген еді. Сондай-ақ, оның айтуынша, Қазақстан билігі мен екінші деңгейлі банктер Ресейге қарсы АҚШ, Еуропалық одақ және өзге де елдердің барлық санкциялық талаптарын бұлжытпай орындап келеді.
«Шетелдік контрагенттермен есеп айырысуда шетел валютасын пайдалану және санкциялық тізімге енген жеке және заңды тұлғалармен жұмыс істеу ерекше бақылауда», — деп мәлімдеген болатын Әбілқасымова. Соған қарағанда, «VTB Bank (Қазақстан)» АҚ-ның Еуропалық одақтың кезекті санкциялар тізіміне енуі банктің нақты қызметіне немесе қандай да бір тыйым салынған операцияларына емес, ең алдымен оның Ресейлік ВТБ қаржы тобына тиесілі болуымен байланысты болса керек.
Айта кетерлігі, аталған топтың басшысы Андрей Костин 2018 жылдан бері АҚШ санкцияларының тізімінде тұр. Соған қарамастан, ол 2025 жылғы қазан айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен болатын. Бұл жағдайда сұрақ туындайды: Еуропалық одақтың «ВТБ Қазақстан» бойынша соңғы шешімі – Қазақстан билігіне тарихи әрі географиялық тұрғыдан жақын серіктесімен қарым-қатынасын қайта қарауға арналған астарлы емеурін емес пе?

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Партиялар назарына

Енді барлық партиялардың съездері өтіп, сайлауалды бағдарламалары жарияланды. Демек, сайлаушылардың таңдау жасауына мүмкіндік бар. Ал саяси партиялардың ұсынған бастамаларын, олардың қоғам мен мемлекеттің бүгінгі қажеттіліктеріне қаншалықты сай келетінін және іс жүзінде жүзеге асыру мүмкіндігін талдамас бұрын, Eurasia24 редакциясы назар аударуға тұрарлық тағы бір маңызды мәселеге тоқталғанды жөн көреді. Өйткені сайлау науқаны қысқа мерзімде аяқталғанымен, жаңа Құрылтайға өтетін партиялардың алдағы бес жылдағы басымдықтары дәл қазір айқындалады.

Табыс өскенімен, жалақы өзгерген жоқ

Бұл жаңалық алғашында жағымды әсер қалдырғанымен, Ұлттық экономика министрлігі өзіне тиімді көрсеткішке – халықтың нақты табысының бір жыл ішінде 0,1%-ға артқанына көбірек мән берген. Ал нақты жалақы индексінің 97,7% болғаны назардан тыс қалған.

Әкімшілік қамауға түскен жұлдыздар

Елімізге танымал тұлғалардың қоғамдағы мінез-құлқына қатысты жағымсыз жағдайлар әлі де кездеседі. Жуырда бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов Астана көшелерінде мас күйінде көлік басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылды.

Қазақстанда отын дағдарысының туындау қаупі

Үкімет өкілдері мен квазимемлекеттік сектор сарапшылары Қазақстанда отын дағдарысының орын алмағанын мәлімдеуде. Алайда ресми тараптың бұл мәселеде бірыңғай ұстаным танытуы белгілі бір деңгейде алаңдаушылық туғызады. Егер жағдай ресми мәліметтерге сәйкес тұрақты болып, мұнай өнімдерінің барлық түрлері бойынша қажетті қорлар қалыптасса және жеткізілім штаттық режимде жүзеге асырылса, мұндай қарқынды ақпараттық мәлімдемелердің жиілеу себебі түсініксіз. Отандық басқару аппаратының қалыптасқан тәжірибесіне сәйкес, әдетте мәселе алдымен қордалану сатысынан өтіп, содан кейін дағдарыстық жағдайға ұласады, ал басқарушы органдар тек осыдан кейін ғана проблеманың бар екенін растап, тиісті шешімдер қабылдауға көшеді.