Zakon.kz порталының хабарлауынша, Қазақстанда бір жылдағы үзілістен кейін халықтың нақты табысы қайтадан өсім көрсетті. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, нақты табыс алғаш рет 0,1%-ға артқан. Жан басына шаққандағы орташа атаулы табыс айына 252 619 теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,8%-ға өсті. Орташа айлық атаулы жалақы 9,1%-ға ұлғайды, ал нақты жалақы индексі 97,7%-ды құрады. Қазақстандықтардың ақшалай табысының шамамен үштен екісі жалдамалы жұмыстан түсетін кірістен қалыптасады. Табыстың ең жоғары өсімі мына салаларда тіркелген:
- ауыл шаруашылығы – 20,3%;
- қаржы және сақтандыру қызметі – 18,1%;
- өңдеу өнеркәсібі – 14%;
- көлік саласы – 12,9%.
Министрлік бұл көрсеткіштерге инфляция қарқынының біртіндеп баяулауы оң әсер еткенін атап өтті. Маусым айында жылдық инфляция деңгейі 10,3%-ға дейін төмендеген. Халықтың нақты табысын одан әрі арттыру мақсатында Үкімет арнайы жоспарды іске асырып жатыр. Құжатта ең төменгі жалақы мөлшерін кезең-кезеңімен көтеру және жаңа жұмыс орындарын құру көзделген. Жоспарға сәйкес, 2026–2028 жылдары қазақстандықтардың нақты табысы жыл сайын кемінде 2–3%-ға өсіп отыруы тиіс.
Еуразия24 пікірі:
Бұл жаңалық алғашында жағымды әсер қалдырғанымен, Ұлттық экономика министрлігі өзіне тиімді көрсеткішке – халықтың нақты табысының бір жыл ішінде 0,1%-ға артқанына көбірек мән берген. Ал нақты жалақы индексінің 97,7% болғаны назардан тыс қалған. Бұл жұмыс істейтін азаматтардың басым бөлігінің жалақысы инфляцияны ескергенде әлі де өткен жылғы деңгейге толық жетпегенін білдіреді. Неліктен осы екі көрсеткішке назар аударып отырмыз? Себебі халықтың нақты ақшалай табысы мен нақты жалақы – экономикалық мазмұны әртүрлі көрсеткіштер. Біріншісі жалақыдан бөлек, зейнетақы, жәрдемақы, кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыс, әлеуметтік төлемдер және басқа да кірістерді қамтиды. Ал нақты жалақы инфляция әсерін есепке алғаннан кейінгі еңбекақының сатып алу қабілетін ғана көрсетеді. Сондықтан халықтың жиынтық табысы жекелеген әлеуметтік төлемдердің немесе жәрдемақылардың ұлғаюы есебінен аздап өскен болуы мүмкін. Ал жалдамалы жұмыскерлердің жалақысы баға өсімінің қарқынынан әлі де қалып қоюы ықтимал. Сонымен қатар 0,1%-дық өсім статистикалық тұрғыдан мардымсыз көрсеткіш саналады және оның көпшілік отбасының күнделікті тұрмыс деңгейіне елеулі әсері байқала қоюы екіталай. Халық үшін макроэкономикалық көрсеткіштердің символдық өсімінен гөрі, азық-түлік пен міндетті төлемдерді өтегеннен кейін қолда қанша қаражат қалатыны әлдеқайда маңызды.




