2026 жылы 2 шілдеде Президент «Психологиялық қызмет туралы» заңға қол қойды. Бұл құжатты белгілі бір дәрежеде тарихи заң деуге болады. Өйткені бір жылдан астам уақыт бойы оның төңірегінде қызу пікірталас өрбіді: Парламент кулуарларында қатаң талқыланды, оған қарсы петициялар жарияланды, ал әлеуметтік желілерде қоғамның наразылығы кеңінен көрініс тапты. Қоғамдағы алаңдаушылықтың негізгі себебі заңдағы жаңа нормалар мектептерде балаларға олардың заңды өкілдерінің хабарынсыз және келісімінсіз психологиялық зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді деген қауіп болды.
Алайда сын-пікірлер мен қоғамдық талқылаулардан кейін құжатқа бірқатар түзетулер енгізіліп, кейін қабылданды. Осылайша мемлекет ұзақ жылдар бойы азаматтардың психикалық саулығына кәсіби даярлығы мен тиісті біліктілігі жоқ адамдардың араласуына жол ашқан реттелмеген қызмет нарығын жүйелеуге кірісті. Заң, ең алдымен, интернетте қызмет көрсететін күмәнді коучтардың, өзін «табысқа жеткізуші» тәлімгер ретінде таныстыратын тұлғалардың және арнайы білімі жоқ жалған психологтардың қызметін құқықтық тұрғыдан реттеуге бағытталған.
2026 жылы шілдеге дейін Қазақстандағы психологиялық қызмет көрсету нарығында нақты кәсіби талаптар болған жоқ. Соның салдарынан екі апталық онлайн-курсты аяқтаған кез келген адам өзін психолог деп таныстырып, жеке тәжірибесін бастай алатын. Жаңа заң бұл саладағы талаптарды түбегейлі өзгертіп, мамандардың кәсіби даярлығына, біліктілігіне және қызметіне қатысты нақты талаптар мен қатаң шектеулер енгізеді.
НЕГІЗГІ ҮШ ЖАҢАШЫЛДЫҚ
Ең алдымен, заңнамада психолог маманының құқықтық мәртебесі нақты айқындалды. Атап айтқанда, заңға сәйкес, «психолог – психология саласы бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі және (немесе) ғылыми дәрежесі бар, тиісті біліктілікке ие әрі психологиялық қызметті жүзеге асыратын тұлға». Осылайша, күмәнді оқу орталықтары мен түрлі «академиялардың» сертификаттарын ғана иеленген тәлімгерлер енді өздерін психолог ретінде таныстыруға құқылы болмайды.
Заң психологиялық қызметтің нақты шекарасын да белгіледі. Психологиялық қызмет саласындағы шектеулерге арналған 18-бапта қоғам көптен күткен маңызды талаптардың бірі бекітілген. Атап айтқанда, психологқа медициналық диагностика жүргізуге, дәрі-дәрмекпен ем тағайындауға, сондай-ақ адамның санасына әсер ететін психоактивті заттар мен психоактивті әдістерді қолдануға тыйым салынады.
Осылайша, енді күмәнді препараттардың әсерімен өткізілетін түрлі «авторлық медитациялар» немесе клиникалық депрессияны шөп дәрілермен және биологиялық белсенді қоспалармен (ББҚ) емдеуге бағытталған тәжірибелерге жол берілмейді. Егер психолог клиенттен клиникалық белгілерді анықтаса, заңға сәйкес ол психологиялық көмек алушыға психиатр дәрігерге қаралуға кеңес беруге міндетті.
Сонымен қатар заң шығарушылар ақпараттық кеңістікте кең тараған жаңсақ жарнамалық уәделерге де шектеу қойды. Енді мамандарға психологиялық көмектің нақты нәтижесіне кепілдік беруге, оның ішінде жарнамада немесе өзге де мақсаттарда мұндай уәделер жасауға тыйым салынады. Сондықтан «бір сеанста психологиялық жарақаттан толық айықтырамын» деген сияқты мәлімдемелер заң талаптарына қайшы саналады.
Балаларға қатысты қоғамда қызу талқыланған мәселеге келсек, заңның негізгі қағидаттары ретінде еріктілік пен ақпараттандырылған келісім бекітілді. Психологиялық көмек алушы немесе оның заңды өкілі өмірге тікелей қауіп төнетін ерекше жағдайларды қоспағанда, кез келген психологиялық іс-шараны жүргізуге алдын ала ақпараттандырылған келісімін беруі тиіс. Бұл норма балаларға қатысты психологиялық жұмыстар ата-анасының немесе заңды өкілдерінің келісімінсіз жүргізілмейтінін заң жүзінде нақтылайды.
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЗІЛІМ, ЦИФРЛЫҚ ПЛАТФОРМАЛАР ЖӘНЕ ӘДЕП КОДЕКСІ
Заңның ең маңызды жаңалықтарының бірі – психологтардың бірыңғай мемлекеттік тізілімінің құрылуы. Заң күшіне енген күннен бастап бір күнтізбелік жыл ішінде осы тізілімге енгізілу кәсіби қызметпен айналысудың міндетті шарты болып белгіленді. Яғни 2027 жылдың шілдесіне дейін мемлекеттік тізілімге енгізілмеген тұлғалар психологиялық практикамен айналысуға және өздерін психолог деп атауға құқылы болмайды.
Бақылау тетігі бірнеше негізгі бағытты қамтиды:
- психологтардың кәсіби біліктілігін растайтын міндетті сертификаттау жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі;
- психологтардың бірыңғай Әдеп кодексі қабылданады. Оның талаптарын бұзу мемлекеттік тізілімнен шығаруға негіз болады;
- психологиялық көмектің көрсетілу нысандары нақты айқындалады: бетпе-бет, қашықтан және аралас формат;
- сондай-ақ заң шығарушылар онлайн-платформалардың қызметін реттейтін нормаларды енгізді. Енді психологиялық қызмет көрсететін агрегаторлар өз платформаларындағы мамандардың деректерін мұқият тексеруге және қызмет көрсетуге мемлекет растаған білікті психологтарды ғана жіберуге міндетті.
Заң жобасы Сенатта қаралған кезде депутаттар оның негізгі мақсаты азаматтарды жалған мамандардан қорғау екенін атап өткен болатын. Осыған байланысты сапасыз немесе адамға зиян келтіруі мүмкін психологиялық қызметке қатысты шағымдар арнайы кәсіби бақылау тетігі арқылы қаралады. Егер заң талаптары немесе кәсіби әдеп нормалары бұзылғаны анықталса, маман мемлекеттік тізілімнен шығарылуы мүмкін.
Сонымен қатар тек маманның атауы емес, көрсетілетін қызметтің нақты мазмұны да ескерілетін болады. Мәселен, блогер өзін «коуч» немесе «ментор» деп таныстырғанымен, іс жүзінде адамдардың психоэмоциялық жай-күйіне ықпал етіп, психологиялық көмек көрсетсе, оның қызметі психологиялық қызмет ретінде бағалануы мүмкін. Мұндай жағдайда тиісті білімі мен заңда көзделген талаптарға сай кәсіби мәртебесі болмаса, оның қызметі заңсыз деп танылуы ықтимал.
ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕГЕ КӨЗ ЖҮГІРТСЕК
Бұл заңның Қазақстан үшін маңызы зор әрі көптеген жаңашыл нормаларды қамтығанына қарамастан, оны АҚШ, Германия немесе Австриядағы құқықтық модельдермен салыстырғанда бірқатар институционалдық олқылықтар байқалады.
Біздіңше, заңда бірнеше маңызды тетік толық қамтылмаған.
Соның бірі – тәуелсіз әрі ықпалды кәсіби психологтар палатасының болмауы. Қазіргі таңда мамандарды лицензиялау және олардың қызметін реттеу негізінен мемлекеттік органдардың құзыретіне жүктелген. Мысалы, Австрияда психологтардың қызметін мемлекеттік мандатқа ие күшті кәсіби қауымдастықтар реттейді. Олар лицензиялау, кәсіби әдеп талаптарының сақталуын бақылау және тәртіптік жауапкершілік мәселелерінде шешуші рөл атқарады. Ал Қазақстан жағдайында мұндай функциялардың негізінен салалық мемлекеттік органдарға шоғырлануы реттеу тетігінің шамадан тыс бюрократиялануына алып келуі мүмкін.
Ғылыми негізділік өлшемдерінің нақтылығы. Заңда психологтар тек «апробациядан өткен және ғылыми тұрғыдан дәлелденген әдістемелерді» қолдануға тиіс екені көрсетілген. Алайда халықаралық деңгейде мойындалған психологиялық мектептер мен псевдоғылыми бағыттардың аражігі нақты ажыратылмаған. Егер дәлелді әдістердің нақты тізбесі заңға тәуелді нормативтік актілерде бекітілмесе, «рухани ағарту», «карманы тазарту» секілді ғылымға негізделмеген тәжірибелердің психологиялық қызмет ретінде ұсынылу қаупі сақталуы мүмкін.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесімен ықпалдастыру.
Көптеген дамыған елдерде білікті психологтардың қызметі медициналық сақтандыру есебінен қаржыландырылады. Ал Қазақстанда заң азаматтардың психологиялық көмек алуға құқығын бекіткенімен, халықтың әлеуметтік осал топтарының мемлекеттік тізілімге енгізілген жеке психологтардың қызметіне тегін немесе жеңілдетілген шарттармен қол жеткізу тетіктері әзірге толық қалыптаспаған.
Соған қарамастан, бұл заң психологиялық қызмет саласын құқықтық тұрғыдан реттеудің берік негізін қалыптастырған маңызды құжат деуге болады. Ендігі міндет – оның нормаларын тиімді іске асырып, қолданыстағы тетіктерді кезең-кезеңімен жетілдіру.
ЕҢ ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕ
Егер психикалық денсаулық саласын реттеудің ең қатаң әрі ымырасыз үлгілерінің бірін атау қажет болса, онда Франция тәжірибесін мысалға келтіруге болады.
Бұл елде 2024 жылы деструктивті культтер мен жалған терапевтерге қарсы заң қабылданды. Құжат секталық сипаттағы теріс әрекеттер мен ғылыми негізі жоқ емдеу тәжірибелерінің алдын алуға бағытталған. Заңның орындалуын мемлекет жанынан құрылған Секталық теріс әрекеттердің алдын алу және оларға қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық миссия бақылайды.
Францияның Қылмыстық кодексіне сәйкес, қорғалатын кәсіби мәртебені заңсыз пайдаланғаны үшін қатаң жауапкершілік қарастырылған. Құқық бұзушылықтың сипатына қарай кінәлі тұлғаларға 30–45 мың еуроға дейін айыппұл салынып, бір жылдан екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Алайда азаматтарды қорғаудың ең озық тетіктерінің бірі – Францияда қолданылатын «abuse of weakness» («адамның осал жағдайын теріс пайдалану») қағидаты. Бұл нормаға сәйкес, егер өзін коуч немесе психолог ретінде таныстырған адам клиенттің депрессиялық немесе ауыр психоэмоциялық жағдайын пайдаланып, оған қымбат курстарды, түрлі «емдік марафондарды» күштеп ұсынса, не өз кеңестері арқылы денсаулығының нашарлауына немесе суицидтік ойлардың пайда болуына себеп болса, мұндай әрекет қылмыстық құқық бұзушылық ретінде бағаланады.
Мұндай психологиялық алаяқтық үшін Франция заңнамасында үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыру және 375 мың еуроға дейін айыппұл салу көзделген. Француз соттары адамдардың психикалық денсаулығына зиян келтірген жалған «гуруларға» қатысты бас бостандығынан айыру жазасын қолданудан тартынбайды.
Ал Қазақстанда жалған психологтарға қатысты мұндай арнайы қатаң қылмыстық санкциялар әзірге қарастырылмаған. Қазіргі таңда негізгі ықпал ету тетіктері әкімшілік жауапкершілікке тарту, мемлекеттік тізілімнен шығару арқылы психологиялық қызметпен айналысу құқығынан айыру және маманның әрекеті денсаулыққа зиян келтіруге немесе алаяқтыққа әкеп соққан жағдайда қылмыстық заңнаманың жалпы нормаларын қолдану болып табылады.
Мемлекет бұл саладағы жаңа қызмет түрлеріне қатысты салыстырмалы түрде жұмсақ реттеу тәсілін таңдағанына қарамастан, қабылданған заңды құқықтық тәртіпті нығайту жолындағы маңызды қадам деп бағалауға болады. Ол ұзақ уақыт бойы жүйесіз дамып келген психологиялық қызмет көрсету нарығын реттеуге негіз қалап, кәсіби жауапкершілік қағидаттарын бекітті.
Келесі маңызды қадам – заң нормаларын Қылмыстық кодекспен үйлестіру. Атап айтқанда, психологиялық көмек көрсету желеуімен қасақана алаяқтық жасағаны немесе азаматтардың психикалық денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін жауапкершілік тетіктерін нақтылау өзекті болып қала береді.




