«Су ресурстары және ирригация министрлігінің бассейндік су инспекциялары су қорғау аймақтары мен белдеулерінде карьерлерді заңсыз игеру және пайдалы қазбаларды рұқсатсыз өндіру деректерін анықтау мақсатында тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Мәселен, Балқаш-Алакөл бассейндік су инспекциясы Жетісу облысының табиғат қорғау прокуратурасымен бірлесіп, Қаратал өзенінің арнасын заңсыз өзгерту әрекетін анықтап, оған тосқауыл қойды. Тексеру барысында уәкілетті мемлекеттік органның келісімінсіз су нысанының табиғи арнасын өзгертуге әкелген жұмыстар жүргізілгені белгілі болды», – деп Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.
Заң бұзушыларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылғаны белгілі.
«Өзен арнасын заңсыз өзгерту су нысанының табиғи гидрологиялық режимін бұзып, жағалаудың шайылуына және іргелес аумақтарды су басу қаупіне әкелуі мүмкін. Мұндай жұмыстар Қазақстан Республикасының су заңнамасының талаптарын қатаң сақтай отырып жүргізілуге тиіс», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті төрағасының міндетін атқарушы Темірлан Әбдіқұлов.
Өкінішке қарай, министрлік өзен арнасын өз бетінше өзгертпек болғандардың кім екенін және қандай мақсат көздегенін ашып айтпады.
Әңгіме болып отырған Қаратал өзені мемлекеттік органдардың мәліметтерінде құм мен қиыршықтасты заңсыз өндіру орындарының бірі ретінде жиі аталады.
Мәселен, 2026 жылдың шілдесінде табиғат қорғау прокуратурасы осындай заңсыз әрекетке барған ЖШС-ны анықтаған. Кәсіпорынға айыппұл салынып, жүк көлігі тәркіленген.
Тамыз айында табиғат қорғау полициясы Қаратал өзенінде құм мен қиыршықтасты заңсыз өндіруге пайдаланылған арнайы техниканы тағы да анықтады
Осыған ұқсас тағы бір заң бұзушылықты Жетісу облысының полициясы қазан айының соңында тіркеді.
Қаратал өзенінде тағы бір заң бұзушылық анықталды. Алайда бұл жолы заңсыз қазба жұмыстарын жүргізгендер өзен арнасын өзгертпек болған. Олардың мұндай әрекетке барудағы нақты мақсаты әзірге белгісіз. Дегенмен өзен арнасын құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалу үшін өзгертпек болды деген болжамды тек мысқыл ретінде қабылдаған жөн.
Ал мәселенің байыбына барсақ, өзендерде заңсыз қазба жұмыстарын жүргізу көлеңкелі кәсіпкерлік қана емес, табиғи үдерістерге де елеулі зиян келтіреді. Қаратал өзенінен құм мен қиыршықтас өндірушілер «жеке бастың еш қатысы жоқ, бар мақсат – пайда табу» деген ұстаныммен әрекет ететін сияқты. Ал құқық қорғау органдары олардың заңсыз әрекеттеріне айыппұл салып, мүлкін тәркілеу арқылы қаржылай жауап қайтарып отыр.




