Kazakhstan carry trade

|

|

2025 жылы Қазақстанға келген тікелей шетелдік инвестициялар мен елден шығарылған капиталдың арақатынасы алғаш рет теріс көрсеткішке түсті. ЕАЭО елдерінің ішінде мұндай жағдай тек Қазақстанда тіркелді. Бұл – тәуелсіздік жылдарында бұрын болмаған құбылыс. Енді шетелдік бизнес Қазақстандағы өндірістік активтерін көбейтудің орнына қысқарта бастаған. Оның себебі де түсінікті: Теңіз, Қарашығанақ және Қашағанға салынған ірі инвестициялардың негізгі кезеңі аяқталды, ал бұл кен орындарындағы өндіріс көлемі белгілі бір тұрақты деңгейге жетті.

Есесіне 2025 жылдың соңына қарай, әсіресе биыл шетелдік инвесторлардың Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына қызығушылығы күрт артты. Әңгіме Ұлттық банктің ноталары мен Қаржы министрлігінің облигациялары туралы болып отыр. Тамыз айының соңындағы жағдай бойынша осы құралдарға салынған шетелдік қаражат көлемі 2,6 трлн теңгеге жеткен.

Дегенмен бұл ақшаның экономикаға тікелей құйылғанын айту дұрыс болмас еді. Қаражат ең алдымен қарыз тартушылардың, соның ішінде Қаржы министрлігінің қаржылық мүмкіндігін кеңейтті. Қарапайым айтқанда, бюджетке қосымша қомақты қаржы түсті. Бұл Үкімет үшін қазіргі күрделі кезеңде елеулі қолдау болып отыр. Өйткені билік келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік төлемдерді тағайындауда «атаулы тәсілге» көшіп, шамамен 860 млрд теңгенің шығынын «оңтайландыруды» жоспарлап қойған. Егер шетелден мұндай қаржы келмегенде, шығындарды бұдан да қатаң қысқартуға тура келер еді.

Бұл жерде сырттан келіп жатқан қаржының ақша массасын көбейтіп, инфляцияға қосымша қысым түсіретінін айтып, көңілге қаяу түсірмей-ақ қоялық. Бағаның соңынан ілесуге тырысқан бюджет шығынының өзі қымбатшылықты одан әрі үдететінін де әзірге қозғамайық. Мұндай сыртқы қарыздарды қайтаратын уақыт келгенде бюджетке қандай салмақ түсетіні, әсіресе оған дейін Қазақстандағы carry trade мүмкіндігі сарқылып қалса не болатыны – өз алдына бөлек мәселе.

Мәселеге басқа қырынан қарап көрейік. Неліктен шетелдік инвесторлар енді мұнай өндіруге қаржы салғаннан гөрі Қаржы министрлігінің бағалы қағаздарын сатып алуға көбірек қызығушылық таныта бастады? Былтыр күзде ашылған осынау қаржы «Клондайгы» инвесторларды қанша уақыт қызықтыра алады?

Мұндай тәсіл carry trade деп аталады. Оның мәні – елдер арасындағы пайыздық мөлшерлемелердің айырмасынан пайда табу. Қазақстанда мұндай мүмкіндік бар. Әлемдік нарықта қаржыны жылдық 3–5%-бен тартуға болатын кезде, Қазақстан Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемесі қазір 16,25% деңгейінде. Ал былтыр қазанда ол тіпті 18%-ға жеткен еді.

Алайда Ұлттық банк бұған дейін де теңгенің жоғары бағамын ұстап келді, ал carry trade арқылы табыс табуға мүмкіндік беретін жоғары пайыздық мөлшерлеме бұрыннан бар. Ендеше неліктен шетелдік инвесторлар осы уақытқа дейін Қазақстан Үкіметінің борыштық бағалы қағаздарынан гөрі мұнай өндіретін жобаларға қаржы салуды жөн көрді? Ал қазір мемлекеттік бағалы қағаздарға салынатын шетелдік қаржы неге күрт көбейді?

Мұның себебі мынада: теңге айналымға енгізілгелі бері долларға шаққандағы құнын үнемі жоғалтып келді. Теңгенің осылайша тұрақты әлсіреуі carry trade арқылы пайда табудың тиімділігін жоққа шығаратын. Есесіне бұл жағдай Қазақстанда шикізат өндіретін шетелдік компаниялардың ел ішіндегі шығынын азайтып, экспорттан түсетін валюталық кірісінің артуына мүмкіндік берді.

Әрине, мұның салдары ішкі нарықтағы инфляцияның үнемі жоғары болуынан көрінді. Бірақ оған соншалық мән берілді ме? Керісінше, бағаның жоғары қарқынмен өсуі Ұлттық банкке базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап, оны инфляциямен күрес шарасы ретінде түсіндіруге мүмкіндік берді.

Ұлттық банк өзінің «инфляциялық таргеттеу» деп аталатын саясаты іс жүзінде теңгенің сыртқы құнының біртіндеп төмендеуіне әкеліп отырғанын, оның үстіне мұның өзі инфляцияның өсуімен қатар жүргенін, әрине, ешқашан мәлімдеген емес. Ресми ұстаным бойынша Ұлттық банк теңгенің «еркін» бағам қалыптастыру үдерісіне араласпайды. Кей кезеңдерде ұлттық валюта шынымен де нығайып отырды. Алайда ұзақ мерзімге көз жүгіртсек, теңгенің жалпы бағыты өзгерген жоқ – оның долларға шаққандағы құны біртіндеп төмендей берді.

Былтыр қазаннан бері қалыптасқан жағдай ғана бұл үрдіске сай келмейді. Сол кезде бір доллар 550 теңгеге жуықтаса, кейін теңге айтарлықтай нығайып, биыл доллар бағамы 440 теңгеге дейін төмендеді.

Бұған әсер еткен факторлар да белгілі. Парсы шығанағы мен Украинадағы әскери ахуал әлемдік нарықтағы мұнай мен мұнай өнімдеріне деген сұраныс пен ұсыныстың арақатынасын өзгертті. Энергия ресурстарының тапшылығы күшейіп, олардың бағасы күрт өсті. Соның нәтижесінде экспорттан түсетін валюта көлемі көбейіп, рубль мен теңгенің нығаюына қолайлы жағдай қалыптасты. Себеп-салдар тұрғысынан қарағанда, бұл үдеріс алдымен рубль бағамына, одан кейін теңгеге әсер етті.

Бірақ бұл жағдай қанша уақытқа созылады?

Ең басты мәселе де осында. Егер Ұлттық банктің бағам саясаты ұзақ жылдар бойы негізінен шетелдік шикізат экспорттаушылардың табысын арттыруға қолайлы болып келсе, ал қазір шетелдік капиталдың валюта мен пайыздық мөлшерлеме айырмасынан пайда табуына жағдай жасап отырса, онда бұл саясат қаншалықты ұлттық мүддеге сай? Жалпы, Қазақстан экономикасы қаншалықты ұлттық мүддеге қызмет етіп отыр?

Жер де, жер қойнауы да халыққа тиесілі!

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Түркия тәжірибесі және Қазақстан

Биыл күзге қарай инфляция 9,3%-ға дейін баяулады. Былтыр бұл көрсеткіш 12,3% болған еді. Соған қарамастан, қымбатшылық жалақы мен зейнетақының өскенін іс жүзінде сездірмей отыр. Номиналды табыстың жылдық өсімі небәрі 0,7%-ды құрады. Бұл – ресми дерек. Ал халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қарасақ, қазақстандықтардың едәуір бөлігінің әл-ауқаты жақсарудың орнына төмендеп бара жатқандай. Мұның бәрі қоғамдағы наразылықтың біртіндеп қордалануына әкеледі. Сондықтан бұл жағдай Үкіметті ғана емес, баршамызды алаңдатуы тиіс. Әсіресе әлемнің әр түкпіріндегі саяси және экономикалық ахуал барған сайын күрделеніп жатқан кезде ел ішіндегі тұрақтылықтың маңызы арта түседі. Биыл бағаның бұрынғыдай қарқынмен өспеуіне теңгенің нығаюы да едәуір ықпал етті. Алайда ұлттық валюта бағамы үнемі осы деңгейде сақтала бермейтіні анық.

Шаруаларға салынатын ҚҚС: Ұлттық экономика министрлігі депутаттарға не деп жауап берді?

Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Азамат Әмрин Құрылтайдағы «Әділет» және «Ауыл» партиялары депутаттарының сауалына берген жауабында 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған қаржылық лизинг шарттарына ғана қосылған құн салығының 12% мөлшерлемесін сақтап қалуға негіз жоқ екенін мәлімдеді.

Беларусьтегі ҰҚШҰ оқу-жаттығулары: жаңа қауіптерге қарсы дайындық

Беларусь жерінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) бітімгерлік күштері қатысатын «Мызғымас бауырластық – 2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды. Сонымен қатар радиациялық, химиялық және биологиялық қауіптен қорғау және медициналық қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен күштердің «Барьер – 2026» арнайы оқу-жаттығуы өтіп жатыр.

НАТО банкін құру жоспары неге баяу жүзеге асып жатыр?

 Соғысқа дайындықтың өзі қыруар қаржыны талап етеді. Ал экономикалық қиындықтар көбейіп, мемлекеттік қарыз ұлғайып, бюджет тапшылығы күшейген шақта әскери шығынды қалай өтеуге болады? Солтүстік Атлантика альянсы бұл мәселені НАТО банкін құру арқылы шешпек. «Қорғаныс, қауіпсіздік және тұрақтылық банкі» (DSRB) деп аталатын қаржы ұйымы құрылтайшы мемлекеттердегі саяси биліктің ауысуына қарамастан, қорғаныс саласына үздіксіз қаржы тартуды көздейді. Бұл бастама 2019 жылы көтерілгенімен, қаражат тапшылығынан оны жүзеге асыру ісі баяу жүріп жатыр. Алайда НАТО-ның DSRB (Defence, Security and Resilience Bank) банкін құру бастамасы Батыстағы соғысқұмар күштердің ортақ мүддесінен ғана туған жоқ. Бұл жоба олардың өзара бәсекесінің де қаншалықты күшейгенін көрсетеді.