Евразия24Редакция бағаныТүркия тәжірибесі және Қазақстан

Түркия тәжірибесі және Қазақстан

|

|

Биыл күзге қарай инфляция 9,3%-ға дейін баяулады. Былтыр бұл көрсеткіш 12,3% болған еді. Соған қарамастан, қымбатшылық жалақы мен зейнетақының өскенін іс жүзінде сездірмей отыр. Номиналды табыстың жылдық өсімі небәрі 0,7%-ды құрады. Бұл – ресми дерек. Ал халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қарасақ, қазақстандықтардың едәуір бөлігінің әл-ауқаты жақсарудың орнына төмендеп бара жатқандай. Мұның бәрі қоғамдағы наразылықтың біртіндеп қордалануына әкеледі. Сондықтан бұл жағдай Үкіметті ғана емес, баршамызды алаңдатуы тиіс. Әсіресе әлемнің әр түкпіріндегі саяси және экономикалық ахуал барған сайын күрделеніп жатқан кезде ел ішіндегі тұрақтылықтың маңызы арта түседі.

Биыл бағаның бұрынғыдай қарқынмен өспеуіне теңгенің нығаюы да едәуір ықпал етті. Алайда ұлттық валюта бағамы үнемі осы деңгейде сақтала бермейтіні анық.

Теңге айналымға енгеннен бері оның долларға шаққандағы бағамы тұрақты түрде әлсіреп келді. Алғаш айналымға шыққан кезде бір доллар 4,7 теңге тұрған еді. 2022 жылы доллар бағамы 470 теңгеге жетіп, ұлттық валюта бастапқы құнымен салыстырғанда жүз есеге жуық арзандады. Ал былтыр қазанда доллар 550 теңгеге таяды. Биыл жағдай керісінше өзгерді. Қыркүйекте бір доллар 440 теңгеге дейін төмендеді, қазір де осы деңгейден көп алшақтаған жоқ. Соның нәтижесінде теңге шамамен 25%-ға нығайып, импорттық тауарлардың өзіндік құнына айтарлықтай әсер етті. Импорттың Қазақстан экономикасындағы үлесі жалпы ішкі өнімнің шамамен төрттен біріне тең. Осыны ескерсек, теңгенің нығаюының өзі бағаның кемінде 6%-ға артық өсуін тежеді деуге болады. Ал тұтыну нарығындағы импорттың үлесін есепке алғанда, оның ықпалы 8–10%-ға дейін жетуі мүмкін.

Басқаша айтқанда, теңге биыл нығаймағанда, инфляция былтырғы деңгейден төмен болмас еді. Ал ұлттық валюта қайтадан бұрынғыдай әлсірей бастаса…

Бұл туралы ойлаудың өзі көңілге қаяу түсіреді. Дегенмен Иран мен Украина төңірегіндегі жағдай, сондай-ақ әлемдік мұнай нарығындағы ахуал көктемге қарай біршама тұрақталса, теңгенің қайта әлсіреуіне, соған ілесе бағаның да шапшаң өсуіне дайын болуға тура келеді.

Алайда инфляциясы біздікінен әлдеқайда жоғары болса да, соған бейімделіп өмір сүріп келе жатқан, өзіміз жиі үлгі тұтатын ел бар.

Жерорта теңізінің шуағына бөленген Түркияда қазір инфляция 37%-дан асып отыр. Орталық банктің базалық мөлшерлемесі де біздегіден әлдеқайда жоғары – 32%. Оның өзінде бұл көрсеткіштер баға өсімінің бұрынғыдан едәуір баяулағанын және ақша-несие саясатының жұмсара бастағанын білдіреді. 2024 жылы Түркияның Орталық банкі шарықтап кеткен инфляцияны тежеу үшін базалық мөлшерлемені тіпті 50%-ға дейін көтерген болатын.

Жалпы, макроэкономиканың заңдылықтарын елемеудің салдары ауыр болатынын Түркияның тәжірибесі анық көрсетті. 2024 жылғы жағдайға дейін 2022 жылы президент Режеп Тайип Ердоған ел экономикасын жандандыру мақсатында Орталық банкті мөлшерлемені төмендетуге мәжбүр етті. Соның нәтижесінде жыл соңына қарай базалық мөлшерлеме 9%-ға дейін түсіп, ал инфляция 85%-дан асып кетті.

Соған қарамастан, лира бағамының біздегіден әлдеқайда жылдам құлдырап жатқанына қарамастан, Түркия экономикасының жағдайы жаман емес сияқты. Жалпы ішкі өнім біздегідей жылына 4–6% шамасында өсіп келеді. Шетелдік инвестиция да Түркияға молынан құйылуда, тіпті бұл жағынан Қазақстаннан озық тұр. Оның ішінде қазақстандықтардың да үлесі бар. Отандастарымыз Түркиядан белсенді түрде баспана сатып алып жүр, ал қаржылық мүмкіндігі жоғары азаматтар бұл елдің бизнесіне де қаражат салады.

Әрине, біз Түркия экономикасын Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда дамыған деп есептеуге үйренгенбіз. Бұған негіз де бар. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, жеңіл және химия өнеркәсібі мен басқа да салаларда өндірілетін өнімнің түрі де көп, технологиялық деңгейі де жоғары. Қарапайым айтқанда, Түркия қажетті тауардың басым бөлігін өзі өндіреді. Бұл жағынан ол Қазақстаннан әлдеқайда алда.

Бірақ инфляция осыншалық жоғары болып тұрғанда экономика қалайша қалыпты өсіп келеді? Бағаның үздіксіз қымбаттауы қатар жүрген мұндай өсім ақыр соңында неге әкелуі мүмкін?

Мұны түсіну үшін макроэкономикадағы тағы бір заңдылыққа назар аударған жөн. Нарықтағы ақша көлемін азайту үшін ел ішіндегі несиені қымбаттату тәсілі кезінде негізінен тұйық экономикалық жүйелерге лайықталып қалыптасқан. Өйткені ондай жағдайда айналымдағы ақша көлемін сырттан көбейтетін басқа арналар болмады. Бұл елдер сыртқы саудада өз валюталарын пайдаланған немесе бір-бірімен алтын арқылы есеп айырысқан, әрі сыртқы төлем балансын белгілі бір деңгейде бақылауда ұстай алған кезеңдерге тән еді.

Алайда Бреттон-Вудс жүйесі қалыптасқан кезеңнен бастап, әсіресе КСРО ыдырағаннан кейін жағдай өзгерді. Ел ішіндегі ақша көлемінің шамадан тыс артуына енді ішкі несие ғана емес, сыртқы экономикалық байланыстар да елеулі ықпал ететін болды. Ал сырттан келетін қаржының көлемі сол елге деген экономикалық мүддеге байланысты. Қазақстанға шетел капиталы негізінен шикізат өндіру, оны экспорттау және көлік-логистика саласына бағытталады. Түркияға қаржы Еуропалық одақ нарығына шығатын қақпа, ірі логистикалық орталық әрі туристік ел ретінде құйылады. Шетел валютасы елге кірген соң жергілікті валютаға айырбасталып, айналымдағы ақша көлемін арттырады. Бірақ бұл қаражаттың негізгі бөлігі халықтың немесе ішкі нарыққа өнім шығаратын кәсіпорындардың қолына емес, шетелдік инвесторлар мен экспорттаушыларға тиесілі.

Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан мен Түркияның айырмашылығы көп болғанымен, ұқсас тұстары да бар. Екі елдің ұлттық валютасы да халықаралық есеп айырысуда кең қолданылмайды. Түркияның сыртқы саудасында лираның үлесі небәрі 4–5% болса, Қазақстанда теңгенің үлесі одан да төмен – шамамен екі есе аз. Базалық мөлшерлеме де екі елде бизнес үшін тым қымбат деңгейде қалып отыр: Қазақстанда – 16,25%, Түркияда – 37%. Мұндай жағдайда экономиканың ішкі сұранысқа жұмыс істейтін бөлігінен гөрі сыртқы нарыққа бағытталған салаларға қолайлы жағдай сақталады.

Тағы бір ортақ белгі – инфляцияға қосымша қысым түсіретін ақша көлемінің ұлғаюы. Бұл жағынан Қазақстан Түркиядан да алда. Қазақстанда банк шоттарындағы қаражат көлемі әдетте баға өсімінен 1,2–1,5 есе жоғары қарқынмен көбейеді. Түркияда да айналымдағы ақша инфляциядан жылдамырақ өсіп келеді, бірақ айырмашылық біздегідей үлкен емес. Мәселен, 2025 жылы Түркия банктеріндегі М2 ақша агрегаты 38%-ға ұлғайған.

Қазақстан мен Түркияның айырмашылығы да, ұқсастығы да осыдан көрінеді.

Түркия Еуропалық одақ құрылған кезден бері оның құрамына кіруге ұмтылып келеді. Алайда ЕО Түркияны мүшелікке қабылдаған жоқ, ал болашақта қабылдай қоюы да екіталай. Мұны белгілі бір дәрежеде Қазақстанның «Еуропаға бет бұру» үлгісімен салыстыруға болады. Теңіз, Қарашығанақ және Қашағандағы шетелдік концессионерлер, Ресей аумағы арқылы өтетін Каспий құбыр консорциумы, аралық трансферттік бағалар мен Қазақстанның заңдық құзыретінен тыс жасалатын түпкілікті мәмілелер, шетелден жеткізілетін жабдықтар мен сырттан тартылатын инвестициялар – осы экономикалық үлгінің құрамдас бөліктері. Бұған арзан жұмыс күшін және үнемі жоғары болып тұратын инфляцияны да қосуға болады. Инфляция бұл жерде сырттан келетін қаржының салдарының бірі әрі экспорттаушылардың ел ішіндегі шығынын арзандататын тетік ретінде көрінеді.

Айырмашылығы – энергетикалық шикізат қоры жоқ Түркия сыртқы нарыққа арналған, технологиялық деңгейі жоғары өнім өндіруге көбірек маманданған. Оның үстіне ел осы бағытпен шамамен 75 жылдан бері дамып келеді. Бұл Қазақстанның осы жолдағы тәжірибесінен үш есе ұзақ. Түркия экономикасының бізден ілгері болуының бір себебі де осында.

Мәселенің тағы бір қыры бар. Геосаясатқа ерекше мән беретін президент Ердоған армияны күшейтуге, шетелден қару-жарақ сатып алуға және отандық қорғаныс өнеркәсібін дамытуға қомақты қаржы бөліп келеді. Мұндай шығындар экономиканың басқа салаларына да серпін береді. Алайда оның кері әсері де бар, соның бірі – инфляциялық қысымның күшеюі.

Ердоған ішкі нарықты жандандыру үшін елдегі несиені арзандатуға тырысты. Бірақ сыртқы валюта нарығындағы жағдай өзгеріссіз қалды. Ақырында инфляция бұрынғыдан да үдеп, билік жүргізген саясатын қайта өзгертуге мәжбүр болды. Сондықтан мұны Түркияның қандай да бір ерекше экономикалық айласы деуге келмейді. Қазір елдегі экономикалық және саяси тұрақтылықтың қаншалықты берік болатыны да өзекті мәселеге айналып отыр.

Қазақстан мен Түркияның басты ұқсастығы да осы тұстан байқалады. Экономикаларының құрылымы мен даму деңгейі әртүрлі болғанымен, әлемдік нарықта екеуі де «дамушы елдер» санатына жатады. Басқаша айтқанда, толық қалыптасқан дербес несие және инвестиция жүйесі жоқ, ішкі қаржы тетіктері мен сырттан келетін капиталға тәуелді экономикалар.

Бұдан шығатын ортақ қорытынды мынау: экономиканы негізінен сыртқа тауар мен шикізат шығаруға бейімделген үлгіден елдің өз мүддесіне қызмет ететін жүйеге көшіргіміз келсе, ең алдымен сыртқы экономикалық қатынастарды ретке келтіру қажет.

Жер де, жер қойнауы да халыққа тиесілі!

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Kazakhstan carry trade

2025 жылы Қазақстанға келген тікелей шетелдік инвестициялар мен елден шығарылған капиталдың арақатынасы алғаш рет теріс көрсеткішке түсті. ЕАЭО елдерінің ішінде мұндай жағдай тек Қазақстанда тіркелді. Бұл – тәуелсіздік жылдарында бұрын болмаған құбылыс.

Шаруаларға салынатын ҚҚС: Ұлттық экономика министрлігі депутаттарға не деп жауап берді?

Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Азамат Әмрин Құрылтайдағы «Әділет» және «Ауыл» партиялары депутаттарының сауалына берген жауабында 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған қаржылық лизинг шарттарына ғана қосылған құн салығының 12% мөлшерлемесін сақтап қалуға негіз жоқ екенін мәлімдеді.

Беларусьтегі ҰҚШҰ оқу-жаттығулары: жаңа қауіптерге қарсы дайындық

Беларусь жерінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) бітімгерлік күштері қатысатын «Мызғымас бауырластық – 2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды. Сонымен қатар радиациялық, химиялық және биологиялық қауіптен қорғау және медициналық қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен күштердің «Барьер – 2026» арнайы оқу-жаттығуы өтіп жатыр.

НАТО банкін құру жоспары неге баяу жүзеге асып жатыр?

 Соғысқа дайындықтың өзі қыруар қаржыны талап етеді. Ал экономикалық қиындықтар көбейіп, мемлекеттік қарыз ұлғайып, бюджет тапшылығы күшейген шақта әскери шығынды қалай өтеуге болады? Солтүстік Атлантика альянсы бұл мәселені НАТО банкін құру арқылы шешпек. «Қорғаныс, қауіпсіздік және тұрақтылық банкі» (DSRB) деп аталатын қаржы ұйымы құрылтайшы мемлекеттердегі саяси биліктің ауысуына қарамастан, қорғаныс саласына үздіксіз қаржы тартуды көздейді. Бұл бастама 2019 жылы көтерілгенімен, қаражат тапшылығынан оны жүзеге асыру ісі баяу жүріп жатыр. Алайда НАТО-ның DSRB (Defence, Security and Resilience Bank) банкін құру бастамасы Батыстағы соғысқұмар күштердің ортақ мүддесінен ғана туған жоқ. Бұл жоба олардың өзара бәсекесінің де қаншалықты күшейгенін көрсетеді.