Евразия24ЖаңалықтарАҚШ Канададан бірқатар тауарды әкелуге тыйым салды

АҚШ Канададан бірқатар тауарды әкелуге тыйым салды

|

|

ВАШИНГТОН. 9 қыркүйек. ИНТЕРФАКС — АҚШ президенті Дональд Трамп сейсенбі күні бірнеше жарлыққа қол қойды. Соның бірі Канададан мотоциклдер, сүт сарысуы, меласса, алкогольсіз сыра және бірқатар алкоголь өнімін әкелуге тыйым салуды көздейді.

«Осы құжаттың қосымшасында көрсетілген Канаданың кейбір тауарларын 2026 жылғы 29 қыркүйек күні Шығыс жағалау уақытымен сағат 00:01-ден бастап АҚШ аумағына әкелуге болмайды», — делінген Ақ үй сайтында жарияланған құжатта.

Қосымшаға сәйкес, тыйым қозғалтқышының көлемі 800 текше сантиметрден асатын мотоциклдерге, соның ішінде мопедтерге де қатысты.

Сондай-ақ Канададан алкогольсіз сыра, қант қамысынан және басқа да өнімдерден алынатын меласса, сүт шикізатын әкелуге шектеу қойылады.

Сыра, алма сидрі, шарап және күшті алкоголь өнімдері де тыйым салынған тауарлар қатарына енгізілді.

Бұдан бөлек, 15 қыркүйектен бастап АҚШ әкімшілігі Канададан әкелінетін ірімшік, болат, алюминий, қағаз, жиһаз, жарықтандыру құралдары және басқа да бірқатар тауарға қосымша 50 пайыздық баж енгізеді.

Трамп әкімшілігінің өкілдері баспасөз мәслихатында бұл шешім Канаданың жаңа баж енгізуіне жауап ретінде қабылданғанын мәлімдеді.

Ақ үй бұған дейін енгізілген баждарды да қайта қараған. Жарияланған тізімге сәйкес, тұз, дәретхана қағазы, төсек-орын жабдықтары және қармақ бөлшектеріне салынған 50 пайыздық баж алынып тасталды.

Сонымен қатар жеңіл және жүк көліктеріне 50 пайыздық баж енгізу жоспары өзгеріссіз қалады.

Сейсенбі күні Трамп Truth Social желісінде Канадада өндірілген тауарларды АҚШ-тың мемлекеттік сатып алу жүйесінен шығаруды тапсырғанын жазды.

«Канада америкалық фермерлер мен компанияларға қатысты толық әрі әділ өзара сауда тәртібін қалпына келтіргенге дейін Жалпы қызметтер басқармасына (GSA) АҚШ сауда өкілімен бірлесіп, Канадада өндірілген тауарларды GSA келісімшарттары бойынша сатып алынатын өнімдер қатарынан шығару үшін барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырдым», — деп жазды Трамп.

Оның айтуынша, мұндай мемлекеттік сатып алудың жылдық көлемі 50 млрд доллардан асады.

Сейсенбіден бастап Канада да АҚШ-тан әкелінетін шамамен 20 млрд доллардың тауарына баж енгізді.

Бұл шара 22 тамызда АҚШ-тың Канададан жеткізілетін 20 млрд доллардың тауарына 50 пайыздық баж енгізуіне жауап ретінде қабылданды. Бұған дейін Оттава мен Вашингтон сауда мәселелері бойынша ортақ келісімге келе алмаған еді.

Канада енгізген баж тұрмыстық техника, электроника, металл және киім-кешекті қоса алғанда 629 тауар түріне қатысты. Баж мөлшері негізінен 25–50 пайыз аралығында, кейбір тауарларға 15 пайыз болып белгіленген.

21 тамызда Канада АҚШ-пен сауда келіссөздерінен шықты.

Кейін Канада премьер-министрі Марк Карни АҚШ тарапы келіссөзге байыппен қарай бастаған кезде Оттава сауда келісімі жөніндегі диалогті қайта бастауға дайын екенін мәлімдеді.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Еуропаның қор индекстері төмендеп жатыр

АҚШ-тың Ирандағы Кешм аралына шабуыл жасағаны туралы хабарлардан кейін мұнай бағасы көтеріліп, сейсенбі күні Батыс Еуропаның ірі елдеріндегі акциялар нарығы төмендеді.

Еурокомиссия басшысы экологиялық таза экономикаға көшуді Еуропа тәуелсіздігінің кепілі деп санайды

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Еуроодақтың экологиялық таза экономикаға көшу бағытынан айнымайтынын мәлімдеді. Оның пікірінше, бұл – Еуропа тәуелсіздігінің кепілі.

Финляндиядан кейін Норвегия да Ресей хоккейшілерімен ойнаудан бас тартты

Норвегия хоккей қауымдастығы ұлттық құрамасының 2027 жылғы мамырда Германияда өтетін әлем чемпионатында Ресей құрамасымен ойнамайтынын мәлімдеді. Бұл туралы сейсенбі күні еуропалық БАҚ хабарлады.

«Қазатомөнеркәсіп» басшысы Тоқаевқа компанияның жұмыс нәтижелері мен жоспарлары туралы баяндады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповтың компанияның ағымдағы қызметі мен стратегиялық басымдықтарының іске асырылуы жөніндегі есебін тыңдады.