София. 12 қараша. ИНТЕРФАКС – Болгарияның Ұлттық тергеу қызметі сейсенбі күні София – Бургас тасжолында болған жаппай жол-көлік оқиғасының себептерін анықтау үшін 50-ден астам сараптама жүргізіп, жүзге жуық адамнан жауап алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы бейсенбі күні Болгария ұлттық телеарнасына аталған қызмет басшысының міндетін атқарушы Мариян Маринов хабарлады.
«Қазіргі уақытқа дейін тергеушілер ауқымды жұмыс атқарды. Алайда апаттың себептері туралы түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте», – деді ол.
Мариновтың айтуынша, қаза тапқандардың мәйіттеріне сот-медициналық сараптама жүргізіліп, Ямбол және Сливен қалаларындағы ауруханаларда жатқан зардап шеккендер тексеріледі. Сондай-ақ оқиға болған жерге алғашқылардың бірі болып жеткен қауіпсіздік қызметі, полиция және өрт сөндіру бөлімшелерінің қызметкерлерінен жауап алынады.
Оның сөзінше, ең алдымен жол апатына себеп болған Румыния нөмірлі жүк көлігінің жүргізушісімен не болғанын анықтау қажет. Жүргізушінің өзі алдында келе жатқан көлік бұзылып қалғандықтан, жылдамдығын сағатына 50 шақырымға дейін төмендетуге мәжбүр болғанын айтқан.
Сейсенбі күні Болгарияның София – Бургас тасжолында болған жаппай жол-көлік апатынан 12 адам қаза тауып, кемінде 50 адам жарақат алды.
Зардап шеккендердің арасында жағдайы ауыр адамдар да бар.
Қалың тұман кезінде жолдың екі бағытындағы қозғалыс жолақтарында көліктер бір-бірімен соқтығысқан. Апат салдарынан жолаушылар автобустары, жүк көліктері мен жеңіл автомобильдерді қоса алғанда, 85-тен астам көлік зақымданды.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, апат болған жол бөлігінде қалың тұман салдарынан көріну мүмкіндігі өте төмен болған.




