Вашингтон. 27 шілде. ИНТЕРФАКС – Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) президенті Джанни Инфантино АҚШ, Канада және Мексикада өткен футболдан әлем чемпионатын сынағандардың бәрі араздықты қоздырумен айналысты деп мәлімдеп, оларды өз әрекеттері туралы ойлануға шақырды.
«Әрбір қалаға әлемнің түкпір-түкпірінен келген жанкүйерлер жиналды. Олар мерекелік көңіл күйде болған кезде, сіздер араздықтың дәнін сеуіп жүрдіңіздер. Біздің әлемге өшпенділік емес – сүйіспеншілік, жікке бөліну емес – төзімділік, қайғы емес – қуаныш қажет», – деп жазды ол Instagram әлеуметтік желісінде.
Инфантиноның айтуынша, «сын мен өшпенділікке соншалықты беріліп кеткендіктен, олар турнирдің басты жетістіктерін байқамай қалған».
ФИФА басшысы чемпионат барысында бірде-бір ауыр оқиға тіркелмегенін атап өтті. Сондай-ақ ұйымның «соғыс жағдайындағы екі елді біріктіру үшін тынымсыз жұмыс істегенін» айтып, АҚШ пен Иран құрамаларына қатысты жағдайды мысалға келтірді.
Сонымен қатар ол кейбір төрешілік шешімдерге наразылық білдірген ұлттық қауымдастықтар мен футбол федерацияларын сынға алды. Атап айтқанда, негізсіз көрсетілді делінген сары және қызыл қағаздар, сондай-ақ АҚШ құрамасының шабуылшысы Фоларин Балоганға берілген қызыл қағаздың күшін жою төңірегіндегі пікірлерді сөз етті.
«Бір қызығы, бізді дәл сондай тәжірибе өз елдерінде де бар мемлекеттер сынға алды», – деді Инфантино.
2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты түрлі дау-дамаймен қатар өтті.
Турнир басталмай тұрып-ақ АҚШ қатаң визалық саясаты үшін сынға ұшырады. Соның салдарынан кейбір елдердің жанкүйерлері ғана емес, ресми делегация мүшелері де виза ала алмады. Бұдан бөлек, Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты Иран құрамасы басқа командалар сияқты АҚШ-та емес, Мексикада орналастырылды.
Сондай-ақ бірнеше америкалық штаттың бас прокурорлары билет сату кезінде заңбұзушылықтар болуы мүмкін деген күдікпен ФИФА-ға қатысты тергеу бастаған еді. Ол кезде ұйым өкілдерінің мәлімдемелері мен билеттерді сатуға шығару тәртібі олардың бағасының күрт өсуіне ықпал етуі мүмкін екені айтылған. Көптеген жанкүйер билет бағасының шамадан тыс қымбаттағанына шағымданды.
Турнир кезіндегі ең үлкен даулардың бірі АҚШ құрамасының ойыншысы Фоларин Балоганға қызыл қағаз көрсетілгеннен кейін автоматты түрде қолданылатын бір матчтық дисквалификацияның бір жылға тоқтатылуы болды. АҚШ президенті Дональд Трамп Инфантиноға жеке телефон шалып, бұл шешімді қайта қарауды сұрағанын мәлімдеді. Бұл шешім жанкүйерлер мен сарапшылардың өткір сынына ұшырады. Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) мұны «рұқсат етілетін шектен шыққан шешім» деп бағалады.
Бұдан бөлек, көптеген бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі қолданушылары ФИФА-ны турнирді шамадан тыс коммерцияландырды деп айыптады. Сынға ойынның әр таймының ортасында футболшылардың су ішуі үшін үш минуттық үзілістердің енгізілуі және финалдық матчтағы шоу-бағдарлама да ілікті. Сыншылардың пікірінше, мұндай үзілістер ойын ырғағын бұзып, телеарналарға қосымша жарнама көрсетуге мүмкіндік берген.
Сондай-ақ ұйымдастырушылар мен ФИФА стадиондарға қайта пайдаланылатын су бөтелкелерін алып кіруге тыйым салғаны, турнирдің қоршаған ортаға әсері, үш ел арасындағы жиі әуе сапарларының футболшыларға салмақ түсіргені, стадиондарға кірудегі қиындықтар және төрешілердің кейбір құрамаларға бүйрегі бұрды деген айыптаулар үшін де сынға ұшырады.
2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты АҚШ, Мексика және Канадада өтті. Турнирдің жеңімпазы – Испания құрамасы.




