Дубай. 26 тамыз. ИНТЕРФАКС – Иран мен Оман Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қамтамасыз етуден түсетін кірісті өзара бөлісу жөнінде уағдаласты. Бұл туралы сәрсенбі күні Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) мәлімдеді.
«Ормуз бұғазы Иран мен оған қарама-қарсы орналасқан Оманның аумағына кіреді. Бір айға жуық келіссөз жүргізіп, екі тарап та қолайлы деп тапқан шешімге келдік», – деді ИРСК өкілі.
Tasnim агенттігінің хабарлауынша, келіссөз барысында бұғаз акваториясындағы Иран мен Оманның үлесі, сондай-ақ кеме қатынасынан түсетін кірісті екі ел арасында бөлу тәртібі келісілген.
ИРСК өкілдері АҚШ-ты келіссөздерге кедергі келтіріп, процесті созуға тырысты деп айыптады. Сондай-ақ Вашингтон Тегеранның талаптарын қабылдамаса, Ормуз бұғазы кеме қатынасы үшін ашылмайтынын мәлімдеді.
Бір күн бұрын Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи мен Оман сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаиди Тегеранда келіссөз өткізді. Сәрсенбіге қараған түні Иран тарапы екі ел Ормуз бұғазы арқылы кемелер өтетін уақытша бағытты келіскенін хабарлады. Тегеранның мәлімдеуінше, бұл бағыт АҚШ бастамасымен Оман жағалауына жақын маңда белгіленген бұрынғы бағыттың орнына пайдаланылмақ.
Тамыз айында АҚШ президенті Дональд Трамп Оман Иранмен Ормуз бұғазын бақылау мәселесі бойынша келіссөзді жалғастырса, бұл елге соққы жасалатынын ескерткен.
Ал сейсенбі күні Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде АҚШ Әскери-теңіз күштерінің қолбасшылығы Ормуз бұғазындағы барлық минаның жойылғанын хабарлағанын жазды. Бұған дейін, 18 тамызда да ол бұғаз миналардан толық тазартылып, кемелердің жүруіне ашылғанын мәлімдеген еді. Алайда Иран тарапы бұл ақпаратты жоққа шығарды.




