Лондон. 22 маусым. ИНТЕРФАКС – Манчестердің бұрынғы мэрі Энди Бернем дүйсенбі күні Ұлыбритания Премьер-министрі әрі Лейбористік партияның қазіргі жетекшісі Кир Стармер қызметінен кету ниетін білдіргеннен кейін партия басшылығы үшін өтетін сайысқа қатысатынын мәлімдеді.
«Оның шешімі өтпелі кезеңнің басталғанын білдіреді. Бұл үдерістің реттелген әрі жауапкершілікпен жүзеге асуы маңызды. Мен осы үдеріске белсенді түрде қатысу бастамасын өз мойныма аламын», – деп Sky News Бернемнің сөзін келтірді.
Ол саяси өзгерістер ел тұрғындарын толғандыратын өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді назардан тыс қалдырмауы тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, британдықтар экономикалық өсім, өмір сүру құны, мемлекеттік және муниципалдық қызметтердің сапасы, сондай-ақ тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерінің шешілуіне үміт артады.
Сонымен қатар, Ұлыбританияның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Уэс Стритинг те дүйсенбі күні Бернемді қолдайтынын мәлімдеді. Бұған дейін британдық БАҚ оны да партия жетекшісі лауазымына үміткер болуы мүмкін саясаткерлердің бірі ретінде атаған.
«Эндимен бірге біз әлі де нақты нәтижелерге қол жеткізе аламыз», – деді Стритинг.
Ол сондай-ақ партияластарының да Бернемнің кандидатурасын қолдайтынына үміт білдірді.
«Жазды ұсақ келіспеушіліктерімізді әсірелеумен өткізуімізге де болады немесе жеңді түріп, партиямыз бен елімізге қажет өзгерістерді жүзеге асыруға көмектесе аламыз», – деп қосты ол.
Бұған дейін Стармер Лейбористік партия жетекшісі қызметіне кандидаттарды ұсыну 9 шілдеде басталып, 16 шілдеде басталатын жазғы парламенттік демалысқа дейін аяқталуы тиіс екенін нақтылаған болатын.




