Астана. 23 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстанда ірі жер қойнауын пайдаланушылардың отандық өндірушілерден өнім сатып алу жөніндегі міндеттемелерін орындамағаны үшін айыппұл енгізу көзделіп отыр. Осы мақсатта Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекске өзгерістер әзірленіп жатыр. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев хабарлады.
«Қазіргі уақытта офтейк-келісімшарттар тетігі нақты реттелген. Бұл – жаңа өнім шығаруға немесе өндірісті жаңғыртуға арналған ұзақ мерзімді келісімшарттар. Тетік енгізілгенімен, міндеттемелерді орындамағаны үшін жауапкершілік әлі белгіленбеген. Біздің міндетіміз – тиісті жауапкершілік шараларын айқындап, оларды заң жүзінде бекіту», – деді Нағаспаев дүйсенбі күні Құрылтайда өткен үкімет сағатында.
Министрдің айтуынша, алдын ала ұсыныс бойынша, сатып алу бағдарламасы бірінші жыл ішінде бекітілмесе, сатып алудың жалпы сомасының шамамен 1 пайызы мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Ал бағдарлама екінші және одан кейінгі жылдары да бекітілмеген жағдайда айыппұл мөлшерін 3 пайызға дейін арттыру ұсынылып отыр.
Сонымен қатар, отандық өндірушілермен осындай жаңа өнім шығару жөнінде офтейк-келісімшарт жасаспай, сол өнімді шетелден импорттайтын жер қойнауын пайдаланушыларға тауар құнының 30 пайызына дейін айыппұл салу мүмкіндігі талқыланып жатыр.
«Қазір тауар құнының 30 пайызы мөлшерінде айыппұл белгілеу мәселесі қаралуда. Егер жер қойнауын пайдаланушы өнімді шетелден әкеліп, дәл сондай жаңа өнім өндіру үшін отандық кәсіпорынмен офтейк-келісімшарт жасаспаса, оған айыппұл салынады. Бұл мәселеде біздің ұстанымымыз қатаң», – деп қорытындылады министр.




