Астана. 23 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Құрылтайы сәрсенбі күнгі отырыста «Қазақстан Үкіметі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (АИИБ) арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заңды бірден екі оқылымда қарап, қабылдады.
«Қазақстан АИИБ-ті құрған мемлекеттердің бірі және банк 2016 жылы жұмысын бастағаннан бері онымен ынтымақтасып келеді. (…) Келісім мемлекеттік кепілдікпен берілетін қарыздар мен гранттық жобаларды жүзеге асыру кезінде банктің саясаты мен қағидаларын қолдануға мүмкіндік беретін, ұлттық заңнамада көзделгеннен өзгеше нормаларды белгілейді», – деді Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин отырыста.
Атап айтқанда, тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу кезінде АИИБ талаптарын қолдану көзделген. Сондай-ақ банктің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, экология, әлеуметтік және еңбек салаларындағы стандарттары мен ақпаратты жария ету талаптары басшылыққа алынады.
«Жалпы, ратификация – келісімнің күшіне енуі үшін қажетті қалыпты рәсім. Бұл инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды жеделдетуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Жұманғариннің айтуынша, келісім ратификацияланғаннан кейінгі алғашқы бес жылда Қазақстан экономикасына жеңілдетілген шарттармен шамамен $6 млрд көлемінде ұзақ мерзімді қаржы тартуға мүмкіндік туады. Қаражат көлік, энергетика, денсаулық сақтау және жасыл қаржыландыру салаларына бағытталмақ.
«Жақын арада бірқатар инфрақұрылымдық жобаны қаржыландыру жұмыстары басталады. Атап айтқанда, Жезқазған – Қарағанды, Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын, Атырау – Доссор және Мойынты – Қызылжар автомобиль және теміржол бағыттарын қайта жаңарту көзделіп отыр», – деді Жұманғарин.
Оның мәліметінше, АИИБ-пен он жылдық ынтымақтастық барысында Қазақстан энергетика, денсаулық сақтау, экономикалық және фискалдық тұрақтылық салаларында жалпы құны $1,8 млрд болатын жеті жобаны жүзеге асырған.




