Астана. 15 сәуір. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстандағы банктердің банкаралық QR төлем жүйесіне қосылуы биыл шілде айына дейін толық аяқталады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымова мәлімдеді.
Оның айтуынша, тиісті норма шілде айында күшіне енеді. Дегенмен Ұлттық банк барлық банктерді осы мерзімге дейін бірыңғай QR жүйесіне қосу бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
Әбілқасымова ұлттық төлем жүйесін қалыптастыру Ұлттық банктің құзыретіне жататынын, ал қаржы реттеуші орган банктердің жүйеге қосылуын үйлестіретінін атап өтті.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір ірі банктердің банкаралық QR төлем қызметін енгізу үдерісін баяулатып отырғанын сынға алған болатын. Бұл технология төлем жасау тізбегін ықшамдап, операциялық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Банкаралық QR төлем жүйесін іске қосу 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына жоспарланған. Жоба аясында барлық банктердің қосылуы көзделген. Қазіргі уақытта жүйеге бірқатар екінші деңгейлі банктер қосылып үлгерді.
Төлем жасау үшін тұтынушы сауда нүктесіндегі QR-кодты өзінің банк қосымшасы арқылы сканерлеп, операцияны растайды.
Бұл жүйе бойынша пилоттық жоба Қазақстанда 2024 жылдың қараша айында іске қосылған.




