Астана. 6 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман сұлтаны Хайсам бен Тарик Әл Саидтың келіссөздері қорытындысында экономика саласына қатысты бірқатар құжатқа қол қойылды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Екі елдің басшылары Қазақстан мен Оман арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын айқындайтын бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Мемлекет басшыларының қатысуымен үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттар алмасу рәсімі өтті.
Олардың қатарында Қазақстан мен Оман үкіметтері арасындағы инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы келісім, сондай-ақ әуе қатынасы туралы келісім бар.
Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» АҚ пен Oman Investment Authority арасында бірлескен инвестициялық құрылым (қор) құру туралы келісімге және Blue City Rixos бірлескен жобасының негізгі шарттары жөніндегі келісімге қол қойылды.
Қазақстан мен Оманның қаржы министрліктері қаржы саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасасты. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Оман Сұлтандығының Сауда-өнеркәсіп палатасы өзара түсіністік туралы келісімге қол қойды. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ пен OQ Exploration & Production геологиялық барлау саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім жасасты.
Сондай-ақ Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) мен Оман Сұлтандығының Үкіметі банктің Оман аумағындағы қызметіне қатысты келісімге қол қойды.
Оман сұлтаны Хайсам бен Тарик Әл Саид Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Сапар 5–6 қазан күндері өтуде.




