Астана. 29 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлады Қазақстан президентінің баспасөз қызметі.
Тоқаев Түркиямен ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше мән беретінін атап өтті.
«Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың тамыры тереңде жатыр. Бізді ортақ тарих пен тіл, ұқсас дәстүрлер байланыстырады. Екі мемлекет арасындағы саяси ынтымақтастық өзара сенім мен мызғымас достыққа негізделген. Біздің арамызда ешқандай қайшылық немесе келіспеушілік жоқ», – деді Тоқаев. Оның сөзін президенттің баспасөз қызметі келтірді.
Қазақстан президенті екі елдің екіжақты қарым-қатынаста да, халықаралық ұйымдар аясында да бір-біріне тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті. «Сауда-экономикалық байланыстарымыз біртіндеп кеңейіп келеді. Түркия Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі саналады. Сонымен қатар түрік тарапы еліміздің экономикасына қомақты қаражат құйған он ірі инвестордың қатарына кіреді. Қазақстанда Түркияның көптеген ірі компаниялары табысты жұмыс істеп жатыр. Біз түркиялық серіктестерімізге жан-жақты қолдау көрсетуге және олардың бизнесіне қолайлы жағдай жасауға дайынбыз», – деді Тоқаев.
Өз кезегінде Ердоған Түркияның Қазақстанмен тауар айналымын 15 млрд долларға дейін жеткізуге және екіжақты инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға дайын екенін мәлімдеді.
Келіссөздер барысында тараптар көлік және логистика, энергетика, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, қорғаныс өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелерін де талқылады.




