Астана. 4 маусым. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Парламенті Сенаты бейсенбі күнгі жалпы отырыста заңнаманы Конституцияға сәйкестендіру, сайлау жүйесі, прокуратура және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады.
Заң бұған дейін Мәжілісте қабылданған болатын. Осылайша, құжат Парламент тарапынан тұтастай қабылданды деп есептеледі және Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің қорытындысына сәйкес, заңмен 77 заңнамалық актіге, оның ішінде Азаматтық, Жер, Кәсіпкерлік, Еңбек және Құрылыс кодекстерін қоса алғанда 11 кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.
Құжатта жоғары өкілді органның бір палаталы жүйесіне көшуге байланысты түзетулер қарастырылған. Атап айтқанда, «парламент», «парламент палаталары», «мәжіліс» және «сенат» ұғымдарының орнына «құрылтай» термині енгізіледі.
Заңмен мәслихаттардың аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін жасырын немесе ашық дауыс беру арқылы сайлау жөніндегі құзыреті нақтыланады. Сонымен қатар бірмандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайланған мәслихат депутатын кері қайтарып алу жағдайында оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібіне қатысты түзетулер көзделген.
Бұдан бөлек, инвесторлардың құқықтарын қорғау саласындағы прокуратура құзыретін күшейтуге, инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитет құруға, инвесторларды қорғау тетіктерін жетілдіруге және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша мемлекеттік органдар қызметін үйлестіруге бағытталған өзгерістер енгізілді.
Заңға сәйкес, Бас прокурорға инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау функциясын қамтитын инвестициялық омбудсмен өкілеттіктері жүктеледі.
Сонымен қатар активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның банктік құпияны, сақтандыру құпиясын, микрокредит беру құпиясын және бағалы қағаздар нарығындағы құпия ақпаратты қамтитын мәліметтер мен құжаттарды сұрату туралы сауалдарына қол қоюға уәкілетті тұлғалар шеңбері нақтыланды. Сондай-ақ активтердің сатып алыну көздерінің заңдылығын тексеруді тағайындауға құқығы бар тұлғалар тізбесі айқындалды.
Сенат сондай-ақ заңнаманы Конституцияға сәйкестендіру, сайлау заңнамасы мен прокуратура қызметін жетілдіру мәселелері бойынша Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстеріне және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ілеспе заңды мақұлдады.
Қорытындыға сәйкес, Қылмыстық кодекске бас бостандығынан айыру мерзімін шартты түрде қысқартуға арналған жаңа бап енгізіледі. Оған сәйкес, бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан адамның бір жыл ішінде тәртіптік жазасы болмаған жағдайда, сот оның өтелмеген жаза мерзімін бір айға шартты түрде қысқартады. Егер шартты қысқарту қолданылған сотталған адам жазасын өтеу кезеңінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаса, сот бұл жеңілдіктің күшін жояды.
Қылмыстық-процестік кодекске енгізілген түзетулер қылмыстық процестің қағидаттары мен қылмыстық сот ісін жүргізу тілін жаңа Конституцияның ережелеріне сәйкестендіруге бағытталған.
Сотталған әйелдердің құқықтарын қорғау мақсатында Қылмыстық-атқару кодексінде алғаш рет орташа және ең жоғары қауіпсіздік мекемелеріндегі әйелдердің құқықтары сотталғандардың жалпы құқықтарынан бөлек айқындалып, жүйелендіріледі.
Түзетулердің жеке блогы кәмелетке толмаған баласы бар сотталған әйелдерге, сондай-ақ кәмелетке толмаған баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ер адамдарға қатысты. Заң қабылданғаннан кейін бұл санаттағы азаматтарға жылына екі рет ең төменгі қауіпсіздік мекемесінен тыс жерге қысқа мерзімді шығуға және балаларымен кездесуге мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар олар үшін кәмелетке толмаған балаларымен телефон арқылы сөйлесуге қойылған шектеулер алып тасталады.
Заң Парламент тарапынан тұтастай қабылданды деп есептеледі және Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.




