Мәскеу. 27 қазан. ИНТЕРФАКС – Ресей Африка мемлекеттеріне егемендік теңдігі, өзара құрмет пен екіжақты тиімділік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қолдау көрсетіп келеді. Бұл туралы Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова мәлімдеді.
«Біз Африка елдеріне түрлі бағытта көмек көрсетуді жалғастырып келеміз. Бұл жұмыста аса маңызды қағидатты ұстанамыз. Біздің қарым-қатынасымыз бен көрсетілетін көмектің негізінде егемендік теңдігі, өзара құрмет және екі тарапқа да тиімді ынтымақтастық қағидаттары жатыр», – деді ол үшінші «Ресей – Африка» саммитінің бағдарламасы аясында өткен «Ресей – Африка» медиафорумында.
Оның айтуынша, Ресей Африка мемлекеттерімен дипломатиялық қатынастарды нығайтумен қатар, сауда-экономикалық ынтымақтастықты да белсенді дамытып келеді.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша Ресей мен Африка елдері арасындағы тауар айналымы 27 млрд доллардан асты. Біздің ең ірі сауда серіктестеріміз дәстүрлі түрде Мысыр мен Алжир болып саналады. Марокко, Оңтүстік Африка Республикасы, Тунис, Нигерия және басқа да мемлекеттермен экономикалық байланыстар қарқынды дамып келеді», – деді дипломат.
Мария Захарова Ресей мен Африка құрлығы үшін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қазір де, алдағы уақытта да ынтымақтастықтың аса маңызды бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
«Өткен 2025 жылдың өзінде Ресей Африка елдеріне 18 млн тоннадан астам астық жеткізді. Ал биылғы 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында тағы 13 млн тонна астық экспортталды», – деді ол.
«Минералды тыңайтқыш жеткізу көлемі де артып келеді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 1,5 млн тонна болса, биыл 2,2 млн тоннадан асты», – деді Захарова.
Ол Ресей мен Африка мемлекеттері энергетика, инфрақұрылым, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және мамандар даярлау салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатқанын айтты. Сыртқы істер министрлігі өкілінің мәліметінше, қазіргі уақытта Ресей мен Африка елдері арасында үкіметаралық деңгейдегі 22 екіжақты комиссия жұмыс істейді.
«Біздің ынтымақтастығымыздағы ең маңызды бағыттардың бірі, бәлкім, ең бастысы – халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, терроризмге, трансұлттық қылмысқа, есірткінің заңсыз айналымына және адам саудасына қарсы күрес», – деп түйіндеді Мария Захарова.




