Астана. 28 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сәрсенбі күні халыққа жыл сайынғы Жолдауын жариялап, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жаңа ауқымды мақсаттар мен міндеттерді белгіледі.
Жолдаудың негізгі тақырыптары ауқымды құрылыс жұмыстарын бастау, Қазақстанды жасанды интеллект дәуіріне бейімдеу, энергетикалық қуаттарды арттыру, әлеуметтік көмекті бөлу мен салық салу тәсілдерін өзгерту, сондай-ақ мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынасты жақсарту болды.
ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ КҮШЕЙЕДІ
«Басты назарды инфрақұрылым құруға аударамыз. Бұған дейін айтқанымдай, Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуы тиіс. Бұл жерде жекелеген жобалар туралы ғана сөз болып отырған жоқ. Жалпы, еліміздің барлық өңірінде құрылыс жұмыстарын кеңінен өрістетіп, қарқынын арттыру қажет. Ең алдымен, қысқа мерзім ішінде жан-жақты зерттеу мен талдауды аяқтап, облыстардың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілігін нақты анықтау керек», – деді президент.
Осы мақсатты жүзеге асыру үшін мемлекет басшысы елдің стратегиялық резерві саналатын Ұлттық қордың қаражатын пайдалануды тапсырды. Атап айтқанда, 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге алу жоспарланып отыр.
Президент сондай-ақ 2027 жыл Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы болып жарияланатынын мәлімдеді.
«Жақындап келе жатқан жасанды интеллект дәуіріне бүкіл халық болып беретін жауабымыз – құрылыс салу, тағы да құрылыс салу!» – деді мемлекет басшысы.
ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫНЫҢ АРТЫҚ ҚОРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ
Президент көтерген мәселелердің бірі – Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі.
Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай елде электр энергиясының тұрақты артық қорын қалыптастыруды тапсырды. Ол үшін жаңа электр станцияларын салып, қолданыстағы станциялар мен электр жеткізу желілерін жаңғырту, «таза» көмір генерациясын жан-жақты дамыту және жаңартылатын энергетикаға, әсіресе күн электр станцияларына көңіл бөлу қажет.
Президент Қазақстанның энергетика саласы жыл сайын электр энергиясының айтарлықтай тапшылығына тап болатынын еске салды. Қыста электр энергиясы көрші елдерден жоғары бағамен сатып алынса, жазда әлдеқайда төмен бағамен кері қайтарылады.
«Ондаған жыл бойы жалғасып келе жатқан қарапайым ғана «бизнес» осы. Мені мұның энергетика саласындағы қалыпты тәжірибе екеніне сендіргісі келеді. Сондықтан кезінде Балқашта құрылысы басталып кеткен жылу электр орталығының жобасы тоқтап қалғанына таңғалуға болмайды. Қазір де Түркістанда, Қызылордада, Алматыда және Екібастұзда электр энергиясын өндіретін жаңа қуаттарды іске қосу мерзімдері бұзылып жатыр», – деді президент.
Тоқаев атом өнеркәсібі мәселесіне де жеке тоқталды. Ол келесі жылы Қазақстандағы алғашқы «Балқаш» атом электр станциясының құрылысын бастауды және «Мойынқұм» АЭС-інің құрылысын мүмкіндігінше тезірек қолға алу үшін кешенді ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюды тапсырды.
Президент атом энергетикасының Қазақстан үшін айрықша маңызы бар екенін атап өтті.
«Қазірдің өзінде оларды елу жылдан кейін және одан әрі уран шикізатымен қалай қамтамасыз ететінімізді ойластыруымыз керек. Қазақстандағы атом электр станцияларының алдағы жүз жылдағы қажеттілігін өтеуге мүмкіндік беретін уранның мемлекеттік стратегиялық резервін құру туралы ұсынысты жан-жақты қарастыру қажет деп есептеймін», – деді президент.
ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫНА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ
Мемлекет басшысының айтуынша, стратегиялық міндеттердің бірі – Қазақстанның барлық өңірін байланыстыратын және елдің транзиттік әлеуетін арттыратын заманауи, жоғары деңгейде дамыған теміржолдар мен автомобиль жолдарының бірыңғай желісін құру.
Қазақстанның солтүстігінде Көкшетау – Петропавл автомобиль жолы кеңейтіледі.
2027 жылы барлық автомобиль өткізу бекеттерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталады. Президенттің айтуынша, сапалы жолдарсыз Қазақстан жаһандық транзиттік магистраль немесе Еуразияның көлік-логистикалық торабы мәртебесіне үміткер бола алмайды.
«Егер шекара көп шақырымға созылған көлік кептелісін тудыратын тар өткелге айналса, ал қазір дәл осындай жағдай болып отыр, онда Қазақстанның қандай да бір көшбасшылығы туралы сөз қозғаудың өзі артық», – деді мемлекет басшысы.
БЮДЖЕТ ЕСЕБІНЕН ЖАЛҒАН ЖАНАШЫРЛЫҚ ТАНЫТУ
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, үкімет мемлекеттік көмектің нақты мұқтаж азаматтарға берілуін қамтамасыз етіп, әлеуметтік реформалардың тиімділігін арттырады.
«Мемлекет ресурстары оңды-солды жұмсалды. Әлеуметтік төлемдерді тұрмысы жақсы отбасылар да алып келді. Ал осы уақытта қолжетімді мектептер мен ауруханалардың тапшылығы күрт өсті», – деп сипаттады Тоқаев қалыптасқан жағдайды.
Президенттің айтуынша, мұндай саясат қоғамда мемлекетке арқа сүйеу мен масылдық көңіл күйдің күшеюіне ықпал етіп, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінде түрлі заңсыз әрекеттер мен сыбайлас жемқорлық схемаларының кең таралуына жол ашты.
«Бюджет қаражаты есебінен халыққа жалған жанашырлық таныту – нағыз популизм. Оның тасасында халықтың мүддесі мен елдің орнықты дамуына қарсы бағытталған түрлі алаяқтық әрекеттер жасырылып жатыр», – деді президент.
Сондықтан мемлекет басшысы әлеуметтік саясатты түбегейлі қайта қарап, оны уақытша мәселелерді шешуге емес, стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге бағыттау қажет деп есептейді.
ЖАЛАҚЫ КӨТЕРІЛЕДІ
Азаматтардың еңбекақысы туралы айтқан президент ең төменгі жалақы мөлшерінің өсетінін, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің бір бөлігінің жалақысы артатынын мәлімдеді.
2027 жылғы қаңтардан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы қазіргі 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін өседі. Бұл шара 1,8 млн адамның, оның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік медицина қызметінің мамандарының жалақысы үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40%-ға дейін көтеріледі. Жалақы өсімі 77 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтиды.
БИЗНЕС, САЛЫҚ ЖӘНЕ ТЕКСЕРУЛЕРГЕ МОРАТОРИЙ
Тоқаев қазіргі салық заңнамасы кәсіпкерлер үшін тым күрделі екенін айтып, биылғы жылдың басында күшіне енген жаңа Салық кодексіне жекелеген түзетулер енгізуді қолдады.
«Салық кодексі – өзгертуге болмайтын қағида да, қасиетті кітап та емес. Ол өмір шындығынан алшақ болмауы тиіс. Сондықтан қайшылықтарды жойып, нормалардың әртүрлі түсіндірілуіне жол бермеу, теңсіздіктер мен кәсіпкерлерге түсетін артық жүктемені азайту қажет», – деді президент.
Сондай-ақ Тоқаев қолданыстағы Азаматтық кодекс «өзінің тарихи міндетін толық орындағандықтан», 2027 жылдың соңына дейін жаңа Азаматтық кодекс әзірлеуді тапсырды.
Бұдан бөлек, президент коронавирус пандемиясы кезінде бизнеске жүргізілетін тексерулерге үш жылдық мораторий енгізілгенін еске салып, 2027 жылдан бастап осындай шараны қайта қолданудың орындылығын қарастыруды тапсырды.
Тоқаев ауқатты азаматтардың жоғары мөлшерлеме бойынша салық төлеуі қажет екенін айтты.
«Заңды жолмен алынған активтерге қандай да бір шектеу қою көзделіп отырған жоқ. Бұл Конституцияның өзіне қайшы келер еді. Әңгіме әр азаматтың еліміздің дамуына шамасына сай, адал үлес қосуы туралы болып отыр. Бұл – әділдік мәселесі», – деп түсіндірді ол.
Президент үкімет пен Құрылтайға осы мәселені зерделеп, ұсыныстар енгізуді тапсырды.
АВТОКӨЛІК ЖУУ ОРЫНДАРЫНА ТЫЙЫМ САЛЫНА МА?
Қазақстан президенті суды тұтынуға бақылауды күшейтіп, су желілеріндегі шығынды азайтуды және ауызсуды мақсатсыз пайдалануға, оның ішінде автокөлік жуу орындарында қолдануға жол бермеуді тапсырды.
«Судың бағасы оның нақты құнына сай болуы керек. Менің тапсырмам бойынша үкімет су тұтыну саласында ауқымды тарифтік реформаны бастады. Оны соңына дейін жеткізу қажет. Суды үнемдеп пайдалану шаруашылық жүргізудің міндетті қағидатына айналуы тиіс», – деп атап өтті президент.
Ол үкіметке су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құру жұмысын қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.
28 қазандағы ресми бағам – $1 үшін 455,63 теңге.




