Евразия24ЖаңалықтарТоқаев: Бір палаталы парламентке көшу – халықаралық үрдістерге сай қадам

Тоқаев: Бір палаталы парламентке көшу – халықаралық үрдістерге сай қадам

|

|

АСТАНА. 14 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі палаталы парламенттен бір палаталы жүйеге көшу – уақыт талабы және халықаралық тәжірибеге сай шешім екенін мәлімдеді.

«Біз “Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет” тұжырымдамасына сүйене отырып, мемлекетімізді түбегейлі жаңғырту бағытын жалғастыруымыз қажет. Осы арқылы президенттік басқару жүйесі елімізде өз маңызын сақтап қала береді», – деді Мемлекет басшысы парламенттік реформалар жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысында.

Президенттің айтуынша, бір палаталы парламентке көшу – әлемдік үрдіске толық сәйкес келеді. «Бүгінде әлем елдерінің үштен екісі осындай парламенттік жүйені таңдаған», – деді ол.

Тоқаев қазіргі кезеңде ортақ ұстанымдар мен салмақты, нақты ұсыныстар әзірлеу қажеттігін атап өтті.
«Сондықтан қоғамдағы әртүрлі пікір мен идеяны жан-жақты саралап, мұқият қарастыруымыз керек», – деді ол.

Сонымен қатар, Президент бір палаталы парламент құру бастамасын – жаңашыл саяси шешім деп атады.
«Қазір қоғамда, әлеуметтік желілерде түрлі пікір айтылып жатыр. Көпшілік бұл мәселенің “толық пісіп-жетілгенін” айтып отыр. Кейбір азаматтар “бұл бастаманы қолдаушылар басым болғандықтан, оны талқылап, референдум өткізудің қажеті жоқ” деген пікір білдіруде. “Реформаны ұзаққа созбай, мүмкіндігінше тез жүзеге асыру керек” деген ұстанымдар да бар», – деді Мемлекет басшысы.

Алайда ол парламенттік реформа – аса күрделі жұмыс екенін ескертіп, асығыстық танытуға болмайтынын айтты.
«Мұндай маңызды қадам тек кең қоғамдық талқылаудан кейін қабылдануы тиіс», – деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, бұл өзгерістер Конституцияның ондаған бабын қамтиды.
«Мен үшін, Мемлекет басшысы ретінде, парламент – елдің саяси жүйесіндегі негізгі институт. Сондықтан алдымен Конституцияға тиісті түзетулер енгізу қажет болады. Өзгерістер Негізгі заңның шамамен 40 бабын қамтиды. Бұдан кейін кемінде 10 конституциялық заң мен 50-ден астам кодекс пен заңға өзгеріс енгізу керек болады. Бұл процесс, шын мәнінде, жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар», – деп атап өтті Президент.

Бұған дейін, 8 қыркүйекте жарияланған Қазақстан халқына жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев екі палаталы парламенттің орнына бір палаталы жүйе құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынып, бұл мәселені референдумға шығаруға болатынын мәлімдеген еді. Сондай-ақ, егер бір палаталы парламент құрылатын болса, оны тек партиялық тізім бойынша сайлау қажет болатынын атап өткен.

Айта кетейік, қазіргі Қазақстан парламенті 1995 жылдан бері екі палатадан – Сенат пен Мәжілістен тұрады.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қазақстандықтарға әкімшілік амнистия аясында бірнеше миллиард теңгенің айыппұлы кешірілуі мүмкін

Қазақстанда алдағы әкімшілік амнистия аясында азаматтардың бірнеше миллиард теңге көлеміндегі айыппұлдары есептен шығарылуы мүмкін. Бұл туралы Снежана Имашева мәлімдеді.

Қазақстанда 2025 жылы салық дауларына байланысты 900 млрд теңгеге жуық ҚҚС қайтару тоқтатылды

Қазақстанда 2025 жылы салық дауларының көбеюі аясында шамамен 900 млрд теңге көлеміндегі қосылған құн салығын (ҚҚС) қайтару тоқтатылған.

Тоқаев Павлодар облысының әкіміне жаңа әуежай ашу мәселесін пысықтауды тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұз қаласымен әуе қатынасын дамыту қажет екенін айтып, Асаин Байхановқа жаңа әуежай ашу мәселесін пысықтауды тапсырды. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан 2025 жылы мұнай бағасының төмендеуіне байланысты бюджетке 336 млрд теңге көлемінде кіріс түсіре алмады

2025 жылы Қазақстанның республикалық бюджетінің кіріс жоспары 98,6 пайызға орындалды. Алайда салық түсімдері жоспары 336 млрд теңгеге орындалмай қалды. Бұған, соның ішінде, негізгі экспорттық тауарлар бағасының төмендеуі әсер еткен. Бұл туралы Даурен Темірбеков мәлімдеді.