АСТАНА. 1 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразия құрлығындағы стратегиялық тұрақтылық пен сенім шаралары мәселелері бойынша Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) министрлерінің конференциясын өткізуді ұсынды.
«ШЫҰ құрамына Еуразияның ірі мемлекеттері кіреді. Қалыптасып келе жатқан көпполярлы әлемдік тәртіптің келбеті көбіне осы елдердің ұстанымына байланысты. Бұл біздің Ұйымға айрықша жауапкершілік жүктейді. Осыған байланысты Еуразия құрлығындағы стратегиялық тұрақтылық пен сенім шаралары мәселелері бойынша ШЫҰ министрлерінің конференциясын өткізу өзекті деп санаймыз», — деді Тоқаев сейсенбі күні Бішкекте өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында.
Президенттің пікірінше, конференцияда әскери қатерлерді азайту, қаруланудың жаңа жарысына жол бермеу және қауіпті оқиғалардың алдын алу мәселелерін талқылауға болады.
«Қарулы қақтығыстардың салдары соғыс жүріп жатқан аумақтармен шектелмей, халықаралық нарықтарға, коммерциялық кеме қатынасына, энергетикалық және көлік байланыстарының тұрақтылығына әсер ете бастағаны ерекше алаңдатады. Соның салдарынан дағдарыстың шекара асып таралу қаупі айтарлықтай күшейді. Сонымен қатар бұрыннан келе жатқан сын-қатерлер де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Терроризм, экстремизм және сепаратизм секілді «үш зұлым күшке» қарсы күрес ынтымақтастығымыздың басым бағыты болып қала береді», — деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев Қазақстанның құрылып жатқан Қауіпсіздікке төнетін сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл жөніндегі әмбебап орталық пен ШЫҰ Есірткіге қарсы орталығының мақсат-міндеттерін қолдайтынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл орталықтардың жұмысы мүше мемлекеттердің құзырлы органдары арасындағы үйлестіруді жаңа деңгейге көтеріп, осы бағыттағы бірлескен іс-қимылдың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Президент Қырғызстанның ШЫҰ-ға төрағалығын жоғары бағалап, бүгінгі отырыстың қорытындысы ұйымның халықаралық беделін одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.




