Стамбул. 28 қыркүйек. ИНТЕРФАКС – Судан Қарулы күштерінің қолбасшылығы Эфиопиядағы қарулы оппозициялық топтарға қолдау көрсетіп отыр деген айыптауды негізсіз деп мәлімдеді, деп хабарлайды дүйсенбі күні «Анадолу» агенттігі.
Агенттіктің хабарлауынша, Судан Қарулы күштері елдің халықаралық құқық нормалары мен басқа мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау қағидатын бұдан әрі де ұстанатынын мәлімдеген. Сонымен бірге Судан өзінің егемендігі мен ұлттық қауіпсіздігіне төнетін қандай да бір қатерге жол бермейтінін атап өткен.
Өз кезегінде Судан әскері Эфиопия билігін өзі соғысып жатқан Жедел қолдау күштеріне (ЖҚК) көмектесіп отыр деп айыптады. Судан тарапының мәліметінше, мұндай көмек әскери даярлықты, материалдық қамтамасыз етуді және дрондармен соққы жасауға жәрдемдесуді қамтиды. Қолбасшылық Эфиопия үкіметін туындаған келіспеушіліктерді келіссөз және ресми байланыс арналары арқылы шешуге шақырды.
Өткен аптада Эфиопия Қарулы күштері Бас штабының бастығы Бирхану Джула Судан, Мысыр және басқа да күштер қарулы оппозициялық топтарды қолдап отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, үкіметке қарсы күштер құрған альянс та шетелден көмек алып отыр. Джула сырттан қолдау болмағанда Тыграй халықтық азат ету майданы (ТХАМ) мен Эритрея тарапынан төнетін қауіп әлдеқайда аз болар еді деп есептейді.
Бір апта бұрын 1991–2018 жылдары Эфиопия билігінде болған, кейін премьер-министр Абий Ахмед Али биліктен шеттеткен ТХАМ және тағы алты топ Аддис-Абебадағы үкіметті құлатуды мақсат еткен «Эфиопия халықтарының амандығы үшін күштер альянсын» құрды. Оның құрамына Тыграй, Афар, Амхара, Бенишангуль-Гумуз, Оромия және Сомали өңірлеріндегі үкіметке қарсы қарулы топтар кірді. Олардың арасында Амхара Фано ұлттық қозғалысы мен Оромоны азат ету армиясы да бар.
Өткен сәрсенбіде ТХАМ федералдық үкіметті құрлықтағы әскер, артиллерия және дрондарды пайдаланып шабуыл жасады деп айыптап, «қорғаныс соғысының» басталғанын жариялады. Ал Аддис-Абеба өз кезегінде ТХАМ-ды кең ауқымды шабуыл бастады деп айыптады. ТХАМ жасақтары үш әуежайды, соның ішінде Тыграйдың әкімшілік орталығы Мэкэледегі және Лалибэла қаласындағы әуежайларды басып алып, көршілес Афар мен Амхара өңірлеріне шабуыл жасай бастады.
2020–2022 жылдары Тыграйда Эритрея әскері қолдау көрсеткен Эфиопияның федералдық үкіметі мен ТХАМ арасында қарулы қақтығыс болды. 2022 жылы тараптар Преторияда соғыс қимылдарын тоқтату туралы келісімге қол қойды. Алайда кейін ТХАМ ішінде қатаң ұстанымды жақтаушылардың ықпалы күшейіп, олар өңірлік билік органдарын бақылауға алды. Одан кейін бірнеше ай бойы шиеленіс күшейіп, тараптар бір-бірін бейбіт келісімді бұзды деп айыптап келді.




