Астана. 24 маусым. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге сапары барысында еуропалық серіктестермен жалпы құны 12 млрд доллардан асатын келісімдерге қол қою жоспарланып отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
«Мемлекет басшысы “Қазақстан – ЕО” дөңгелек үстелі барысында осы сапар аясында жалпы құны 12 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдер жасалады деп күтіліп отырғанын мәлімдеді», – делінген хабарламада.
Президенттің айтуынша, бұл келісімдердің жасалуы Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы әріптестік тұжырымдамалық деңгейден нақты жобалар мен практикалық іске көшу кезеңіне өткенін көрсетеді.
Тоқаев іс-шараға қатысқан кәсіпкерлерге Қазақстанда инвестиция тартуға бағытталған жаңа ынталандыру тетіктері енгізіліп жатқанын айтты. Атап айтқанда, халықаралық инвесторларға арналған Altyn Visa жаңа визалық бағдарламасы іске қосылуда. Бағдарлама аясында инвесторларға бірқатар салықтық және көші-қон жеңілдіктері ұсынылады.
«Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан инвесторлар үшін ең маңызды саналатын артықшылықтарды ұсынады. Олар – саяси тұрақтылық, макроэкономикалық орнықтылық, ашық экономика және нарықтық реформаларға берік ұстаным», – деп атап өтті Тоқаев.




