Астана. 11 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы ғылым саласындағы мемлекет қаражаты мен активтерінің пайдаланылуына жүргізген аудит қорытындысында 51 млрд теңгенің қаржылық бұзушылығын және 47 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалғанын анықтады, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Биыл ғылым саласында жүргізілген аудит нәтижесінде 51 млрд теңгенің қаржылық бұзушылығы, 47 млрд теңге көлемінде қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалану, сондай-ақ 16 млрд теңгенің шығыны мен алынбай қалған пайдасы анықталды», – деді Смайылов сәрсенбі күні Құрылтай отырысында.
Оның айтуынша, 36 дерек бойынша материалдар әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті органдарға жіберілген. Үш дерек бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына беру туралы шешім қабылданған.
Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, 2022–2025 жылдары ғылым саласын қаржыландыру екі есе артып, 122 млрд теңгеден 262 млрд теңгеге жеткен. Алайда ғылымға жұмсалатын қаражаттың ұлттық экономикадағы үлесі әлі де төмен: белгіленген мақсат 1% болғанымен, нақты көрсеткіш ЖІӨ-нің 0,16%-ын құрайды. Саланы қаржыландыру негізінен мемлекет есебінен өсіп отыр. Оның үлесі 55%-дан 82%-ға дейін артқан.
Смайыловтың айтуынша, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру әлі де жеткіліксіз. Ғылым қорының дерегінде коммерцияландыру көрсеткіші 44% деп берілген. Алайда есепті жыл бойынша салыстырмалы әдіспен есептегенде ол небәрі 16%-ды құраған.
«Нарықтағы нақты нәтиже де шектеулі. Аяқталған 141 жобаның тек 38-і, яғни 27%-ы ғана соңғы үш жылда өнімін тұрақты сата алған. Қалған 22 млрд теңгелік 103 жоба өнім шығару және сату көлемі бойынша күтілген нәтижелерге қол жеткізбеген», – деді ол.
Аудит барысында бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясындағы 79 жобаға шығыстары егжей-тегжейлі көрсетілместен 62 млрд теңге бөлінгені анықталды.
«16 млрд теңгелік 176 жоба бойынша түпкілікті нәтижелерге қол жеткізілмеген», – деді Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы.
Аудиторлардың пікірінше, жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға 1% аудару тетігі де қолданбалы ғылымды қолдаудың толыққанды құралына айналмаған. Бұған міндеттемелердің орындалуына бақылаудың әлсіздігі және түскен қаражаттың ғылыми жұмыстарға жұмсалмай, депозиттерге, бағалы қағаздар мен РЕПО операцияларына бағытталуы себеп болған.
11 қарашадағы ресми бағам – 1 долларға 447,52 теңге.




