Париж/Брюссель. 10 қаңтар. ИНТЕРФАКС – Франция, Германия және Ұлыбритания басшылары бірлескен мәлімдеме жасап, Иранда наразылық акцияларына қатысушылардың қаза табуын қатаң айыптап, ел билігін ұстамдылық танытуға шақырды. Бұл туралы сенбі күні Le Figaro газеті хабарлады.
«Біз Иранның қауіпсіздік күштері тарапынан жасалып жатқан зорлық-зомбылық туралы ақпаратқа алаңдаулымыз және манифестанттардың қаза табуын қатаң айыптаймыз», – делінген құжатта. Мәлімдемеге Франция президенті Эмманюэль Макрон, Германия канцлері Фридрих Мерц және Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер қол қойған.
Үш еуропалық елдің басшылары Иран билігін күш қолданудан бас тартуға, негізгі адам құқықтарын құрметтеуге және жағдайды ушықтырмауға үндеді.
«Иран билігі өз халқын қорғауға жауапты және азаматтардың пікір білдіру мен бейбіт жиналу бостандығын қуғын-сүргін қаупінсіз қамтамасыз етуге тиіс», – деп атап өтті Макрон, Мерц және Стармер.
Бұған дейін Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас Еуропалық Одақ атынан мәлімдеме жасап, «жақсы өмірге, еркіндік пен қадір-қасиетке деген заңды ұмтылыстарын қорғап отырған иран халқымен ынтымақтастығын» білдірген болатын.
«Біз құрбандар туралы хабарларды үлкен алаңдаушылықпен бақылап отырмыз және қауіпсіздік күштерінің демонстранттарға қарсы зорлық-зомбылық көрсетуін, негізсіз тұтқындаулар мен қорқыту тактикасын айыптаймыз. Негізгі құқықтарын жүзеге асырғаны үшін заңсыз ұсталған барлық адамдар дереу босатылуы тиіс», – деді Каллас.
Ирандағы наразылық акциялары 28 желтоқсаннан бері жалғасып келеді. Бастапқыда олар елдегі күрделі экономикалық жағдай мен ұлттық валютаның құнсыздануына байланысты басталғанымен, кейіннен саяси сипат ала түсті.
Le Figaro басылымы Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменейдің «Ислам Республикасы бұл наразылық толқыны алдында шегінбейді» деген сөзін келтіреді.
Норвегияда орналасқан Iran Human Rights үкіметтік емес ұйымының деректеріне сүйенген газет мәліметінше, 28 желтоқсаннан бері кемінде 51 манифестант, оның ішінде тоғыз бала қаза тауып, жүздеген адам жараланған.
Өз кезегінде Ирандағы шах әулетінің мұрагері Реза Пехлеви наразылық білдірушілерді елдегі билікті күшпен басып алуға үндеді. «Біздің мақсатымыз тек көшеге шығу емес, мақсат – қалалардың негізгі орталықтарын басып алуға және ұстап тұруға дайындалу», – деді ол сенбі күні X әлеуметтік желісінде жарияланған бейнеүндеуінде.




