Евразия24ЖаңалықтарТоқаев Алатауды дамытуда қаржыландыру тапшылығы қаупі бар екенін айтты

Тоқаев Алатауды дамытуда қаржыландыру тапшылығы қаупі бар екенін айтты

|

|

Астана. 2 маусым. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамытудың орнықты қаржылық-экономикалық моделін әзірлеу қажеттігін мәлімдеп, жобаны іске асыруға кететін жоғары шығындар мен болашақ кірістердің белгісіздігіне байланысты тәуекелдер бар екенін атап өтті.

«Жобаны жүзеге асыру едәуір көлемдегі капиталдық және операциялық шығындарды талап етеді. Бұл өз кезегінде тұрақты әрі болжамды кіріс базасын қалыптастыруды қажет етеді. Қазіргі қаржылық-экономикалық модельде болашақ шығындарды жабу тұрғысынан белгілі бір тәуекелдер бар», – деді Президент сейсенбі күні Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте.

Мемлекет басшысының пікірінше, негізгі үміт артылып отырған инвестициялар ағыны мен бизнестің дамуы кепілдендірілген табыс көзі емес, тек болжам мен күтілім ғана.

Сонымен қатар бастапқы кезеңде қарастырылған жеңілдіктер салықтық түсімдердің көлемін азайтады.

«Бұл құрылымдық алшақтыққа алып келуі мүмкін. Яғни қаланы дамыту мен күтіп ұстауға арналған шығындар бірден қажет болады, ал кірістер уақыт жағынан кейінге қалдырылған немесе бастапқыдан төмен деңгейде қалыптасады», – деді Тоқаев.

Президент Алатауды дамыту жөніндегі кеңес пен қала әкімшілігі ұзақ мерзімді әрі орнықты дамуға арналған тиімді қаржылық-экономикалық модель әзірлеуі тиіс екенін еске салды. Сонымен қатар қаланың стратегиялық жоспарлауына негіз болатын құжаттарды бекіту қажет екенін айтты.

«Инвесторлар, серіктестер және азаматтар Алатаудың 10, 20 және 30 жылдан кейін қандай қала болатынын нақты түсінуі керек. Алатау инфрақұрылымы, қалалық сервистері мен экономикасы үлкен деректер, заманауи технологиялар және “ақылды” басқару жүйелері негізінде біріктірілген алғашқы толық цифрлық қалаға айналады. Бұл – негізгі бағдарлар», – деді Мемлекет басшысы.

Ол биылғы жылдың соңына дейін барлық стратегиялық құжаттарды, оның ішінде ұзақ мерзімді жоспарды, мастер-жоспарды және даму стратегиясын қабылдап, келесі жылдан бастап қаланы дамытудың белсенді кезеңіне көшуді тапсырды.

«Мұндай ауқымды әрі ұзақ мерзімді жобаларды іске асыруда процестің жедел, қарқынды және ең бастысы табысты басталуы ерекше маңызды. Уақыт соза берсек, істің нәтижесі болмайды», – деді Тоқаев.

Алатау қаласы 2024 жылдың қаңтарында Мемлекет басшысының жарлығымен құрылған. Қаланың бас жоспары сингапурлық Surbana Jurong компаниясымен бірлесіп әзірленген. 2025 жылдың қыркүйегінде Президент Алатауға арнайы мәртебе беру туралы жарлыққа қол қойған болатын.

Жоспарға сәйкес, «Алатау Сити» өңірдегі алғашқы толық цифрлық қалаға айналмақ. Мұнда smart city технологиялары енгізіліп, тауарлар мен қызметтердің ақысын криптовалюта арқылы төлеу мүмкіндігі қарастырылады.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Ормуз бұғазы: құқықтық режимді үйлестірудің дипломатиялық тетіктері

Ормуз бұғазы – Иран мен Оманды бөліп тұрған тар теңіз өткелі ғана емес. Ені небәрі 54 шақырым болатын бұл су айдыны арқылы әлемдік мұнай, газ және теңіз жүк тасымалының едәуір бөлігі жүзеге асады. Бұғаз арқылы тәулігіне 21 миллион баррельге дейін мұнай тасымалданады. Сондықтан мұндағы кез келген іркіліс жаһандық энергетика және логистика нарығына бірден әсер етеді. Зымырандық шабуылдар мен теңіз миналары әлі де бұғаздағы кеме қатынасына қауіп төндіреді. Пандемия кезінде дәл осы өңірде ірі қытайлық жүк кемесінің тұрып қалуы теңіз логистикасының осал тұстарын айқын көрсетті. Алайда кез келген әскери қақтығыс түптің түбінде келіссөз үстелінде шешіледі. Дәл осы тұста құқықтық белгісіздік негізгі түйткілдердің біріне айналады. Өйткені Оман мен Иран Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын кімнің және қандай құқықтық негізде реттеуге тиіс екеніне қатысты әртүрлі ұстанымды ұстанады. Сондықтан дипломатияның басты міндеті – осы қайшылықтарды халықаралық келісімдер арқылы құқықтық тұрғыдан үйлестіру.

Индонезия Беларусь азаматтары үшін визасыз режим енгізді

Индонезия Беларусь азаматтары үшін визасыз кіру тәртібін енгізді. Бұл туралы бейсенбі күні Беларусь Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Азия қор нарықтары жұма күні төмендеді

Жұма күні Азия-Тынық мұхиты өңірінің негізгі қор индекстері төмендеді. Инвесторлардың көңіл күйіне Таяу Шығыстағы қақтығыстың шиеленісуі және АҚШ-тағы чип өндіруші компаниялар акцияларының арзандауы теріс әсер етті.

ЕО кеңесі Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешеніне қарсы санкциялар енгізді

Еуропалық одақ кеңесі жұма күні Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешеніне кіретін бір жеке тұлға мен бес ұйымға қатысты шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.