Евразия24ЖаңалықтарТоқаев Алатауды дамытуда қаржыландыру тапшылығы қаупі бар екенін айтты

Тоқаев Алатауды дамытуда қаржыландыру тапшылығы қаупі бар екенін айтты

|

|

Астана. 2 маусым. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамытудың орнықты қаржылық-экономикалық моделін әзірлеу қажеттігін мәлімдеп, жобаны іске асыруға кететін жоғары шығындар мен болашақ кірістердің белгісіздігіне байланысты тәуекелдер бар екенін атап өтті.

«Жобаны жүзеге асыру едәуір көлемдегі капиталдық және операциялық шығындарды талап етеді. Бұл өз кезегінде тұрақты әрі болжамды кіріс базасын қалыптастыруды қажет етеді. Қазіргі қаржылық-экономикалық модельде болашақ шығындарды жабу тұрғысынан белгілі бір тәуекелдер бар», – деді Президент сейсенбі күні Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте.

Мемлекет басшысының пікірінше, негізгі үміт артылып отырған инвестициялар ағыны мен бизнестің дамуы кепілдендірілген табыс көзі емес, тек болжам мен күтілім ғана.

Сонымен қатар бастапқы кезеңде қарастырылған жеңілдіктер салықтық түсімдердің көлемін азайтады.

«Бұл құрылымдық алшақтыққа алып келуі мүмкін. Яғни қаланы дамыту мен күтіп ұстауға арналған шығындар бірден қажет болады, ал кірістер уақыт жағынан кейінге қалдырылған немесе бастапқыдан төмен деңгейде қалыптасады», – деді Тоқаев.

Президент Алатауды дамыту жөніндегі кеңес пен қала әкімшілігі ұзақ мерзімді әрі орнықты дамуға арналған тиімді қаржылық-экономикалық модель әзірлеуі тиіс екенін еске салды. Сонымен қатар қаланың стратегиялық жоспарлауына негіз болатын құжаттарды бекіту қажет екенін айтты.

«Инвесторлар, серіктестер және азаматтар Алатаудың 10, 20 және 30 жылдан кейін қандай қала болатынын нақты түсінуі керек. Алатау инфрақұрылымы, қалалық сервистері мен экономикасы үлкен деректер, заманауи технологиялар және “ақылды” басқару жүйелері негізінде біріктірілген алғашқы толық цифрлық қалаға айналады. Бұл – негізгі бағдарлар», – деді Мемлекет басшысы.

Ол биылғы жылдың соңына дейін барлық стратегиялық құжаттарды, оның ішінде ұзақ мерзімді жоспарды, мастер-жоспарды және даму стратегиясын қабылдап, келесі жылдан бастап қаланы дамытудың белсенді кезеңіне көшуді тапсырды.

«Мұндай ауқымды әрі ұзақ мерзімді жобаларды іске асыруда процестің жедел, қарқынды және ең бастысы табысты басталуы ерекше маңызды. Уақыт соза берсек, істің нәтижесі болмайды», – деді Тоқаев.

Алатау қаласы 2024 жылдың қаңтарында Мемлекет басшысының жарлығымен құрылған. Қаланың бас жоспары сингапурлық Surbana Jurong компаниясымен бірлесіп әзірленген. 2025 жылдың қыркүйегінде Президент Алатауға арнайы мәртебе беру туралы жарлыққа қол қойған болатын.

Жоспарға сәйкес, «Алатау Сити» өңірдегі алғашқы толық цифрлық қалаға айналмақ. Мұнда smart city технологиялары енгізіліп, тауарлар мен қызметтердің ақысын криптовалюта арқылы төлеу мүмкіндігі қарастырылады.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Тоқаев: Алатау қаласын құру туралы шешім күрделі жағдайда қабылданды, бірақ жан-жақты ойластырылды

Алматы облысындағы жаңа Алатау қаласын құру туралы шешім ел үшін экономикалық тұрғыдан күрделі кезеңде қабылданғанымен, ол жан-жақты әрі мұқият ойластырылғанын мәлімдеді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Гонконгқа Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалы үшін өз әуежайларын хаб ретінде пайдалануды ұсынды

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Қытайдың Гонконг арнайы әкімшілік ауданы әкімшілігінің басшысы Джон Лимен сауда және жүк тасымалы салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Тоқаев Alatau Smart City салынып жатқан Алматы облысындағы базалық инфрақұрылымның жоқтығы үшін Үкіметті сынға алды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев инновациялық цифрлық қала – Alatau Smart City жобасы жүзеге асырылып жатқан Алматы облысында тұрғындар үшін қажетті базалық жағдайлардың жеткіліксіздігіне байланысты Үкіметтің жұмысын сынға алды.

Тоқаев Alatau City құрылысы үшін жер мәселелерін шұғыл шешуді тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Alatau City жобасын іске асыру Қазақстанның құрылыс саласының негізгі қозғаушы күшіне айналуы мүмкін екенін айтты. Алайда белсенді құрылыс жұмыстарын бастау үшін жер мәселелерін шұғыл шешу қажет екенін атап өтті.