Соңғы 30 жылда алғаш рет Конституцияда адам капиталын, ғылым мен инновацияларды дамыту мемлекеттің басым бағыты болып белгіленді.
Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инновацияларға бағытталған бағдарын мемлекетті институционалдық тұрғыдан күшейтудің нақты стратегиясына айналдыру міндеті тұр.
Бұл міндетті жүзеге асыру экономиканы, ғылым мен басқару жүйесін жедел трансформациялау үшін білім өндірісі, кадрлар даярлау және шешімдер қабылдау жүйесін түбегейлі қайта құруды талап етеді. Егер білім беру, ғылым және мемлекеттік басқарудың жай-күйімен айқындалатын іргетас шектеулі күйде қалса, онда бұл бастама инновациялық қызметтің көрінісін жасауға немесе технологиялық тәуелділіктің тереңдеуіне әкеп соғу қаупі бар екені анық.
ЖИ – сиқырлы таяқша емес, жүйелі жұмыстың нәтижесі
Жасанды интеллект – бұл, ең алдымен, математикалық модельдер мен статистика, ықтималдықтар теориясы, логика, есептеу инфрақұрылымы және деректермен жұмыс істеу мәдениеті. Сол себепті математика, инженерлік даярлық, ғылыми мектептер мен басқарушылық шешімдердің сапасы ақсап тұрған жерде, ЖИ серпінді даму құралына емес, шешімін таппаған мәселелерді бүркемелейтін сыртқы қабыққа айналады. Айта кету керек, бүгінгі таңда Қазақстан ЖИ-ді енгізу мәселесімен емес, білім беру, ғылым және мемлекеттік басқару жүйесінен туындаған жүйелі шектеулермен бетпе-бет келіп отыр. Бұл ретте аталған шектеулер бір-бірін еселеп күшейте түсуде.
Орта білімнен жоғары білімге: білікті мамандарға бастайтын жол
Қазақстандық білім беру жүйесінің шектеулілігі – бұл саланың жекелеген кемшілігі емес, ЖИ-ді дамытудың болашағына тікелей әсер ететін іргелі мәселе. Бүгінгі таңда мектептегі білім сапасы тек әлеуметтік саясаттың ғана емес, елдің технологиялық болашағының да өзекті мәселесіне айналғаны айдан анық.
Бір жағынан, орта білім беру реформасы бюрократияға, талаптардың төмендеуіне, тәртіптің босауына және білім сапасының құлдырауына әкеп соққанын мойындауымыз керек. Реформалардың басым бөлігі оқытудың мазмұнына емес, әкімшілік рәсімдерге бағытталды. Нәтижесінде түлектерді нақты даярлау деңгейі, ең алдымен, дәл және жаратылыстану ғылымдары пәндері, сондай-ақ жүйелі ойлау дағдылары бойынша әлсіреп қалды.
Орта білім беру жүйесін реформалаудағы жоғары жетістіктер туралы есеп берілгенімен, тиімсіз БЖБ (бөлім бойынша жиынтық бағалау) мен ТЖБ (тоқсан бойынша жиынтық бағалау) жүйесін енгізу салдарынан толыққанды білім беруді қамтамасыз етуде жүйелі мәселелер қалып отыр. Бұл оқушылардың функционалдық сауаттылық деңгейіне кері әсерін тигізуде.
Екінші жағынан, жоғары білім беру саласында да өзекті мәселелер туындауда. Техникалық жоғары оқу орындарының басым бөлігінде студенттер екінші семестрдегі дәрістерді түсіне алуы үшін алғашқы семестрде мектеп математикасының курсын оқытуға мәжбүр.
Тек ЖИ-ге ғана басымдық берілген жағдайда, кадрлар даярлау жүйесі терең білімі бар мамандарды емес, танымы кең болғанымен, беткі деңгейде ғана даярланған түлектерді шығарады деп есептеймін. Мысалы, Жоғары аудиторлық палатаның деректері бойынша, жыл сайын IT-мамандықтар бойынша бітіретін 20 мың түлектің тек 30%-ы ғана өз кәсібі бойынша жұмысқа орналасады.
Жоғары аудиторлық палатаның пайымдауынша, бүгінде кадрлар даярлауда түпкілікті нәтижені емес, көбіне оқыту процесінің өзін қаржыландыру үрдісі қалыптасқан, ал миллиардтаған теңге бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалуда.
Жоғары оқу орындарында инженерлік-техникалық салалар бойынша тек «бағыттар шеңберінде» білім беру және тар бейінді мамандандырусыз даярлау кәсіби біліктіліктің тереңдігін жояды. Бұл ЖИ экономикасы үшін аса қауіпті. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта жоғары оқу орындары түлектерінің басым бөлігі білікті маман емес, құзыреті жеткіліксіз пайдаланушы деңгейінде қалып отыр.
Осы ретте «Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңда білім сапасы мен интеллектуалдық әлеуеттің төмендеуі ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлердің тізбесіне енгізілгенін еске сала кеткім келеді.
Ғылым мен қаржы: Қазақстанға өндірістік тиімділік неге жетіспейді?
Инновациялық даму мәселесін ғылымның шынайы жай-күйінен бөлек қарастыру мүмкін емес. Соңғы бес жылда ғылымды қаржыландыру көлемі алты есе өсті. Сонымен қатар ішкі жалпы өнімдегі (ІЖӨ) ҒЗТКЖ-ға (ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға) жұмсалатын шығындардың үлесі небәрі 0,14–0,16%-ды құрайды. Осы себепті ғылым саласы қаржыландыру деңгейі бойынша басқа салалармен салыстырғанда артта қалып отыр және оның Қазақстан экономикасына қосатын үлесі өте төмен.
Бұл ретте бөлінген қаражаттың басым бөлігі еңбекақы төлеуге жұмсалады, бірақ ол «зерттеу – әзірлеме – технология – нарық» деген тұрақты тізбекке ұласпай отыр. Ғылымның өндіріспен байланысы әлі де әлсіз, коммерцияландыру деңгейі шектеулі, ал экономиканың зерттеу нәтижелеріне деген сұранысы жеткіліксіз күйде қалуда.
Ғылыми қауымдастық: ғылымға деген сенімді жоғалту қаупі
Қазақстан ғылыми жарияланымдар саны бойынша әлемдегі 72 елдің ішінде 59-орынға тұрақтады. Жоғары квартильді журналдардағы мақалалардың үлесі әлемдік деңгейдегі 52,7% көрсеткішпен салыстырғанда шамамен 44,9%-ды құрады. Дегенмен, Q1 деңгейіндегі зерттеулер санының артуы олардың сапалық өсімімен бекітілмеді.
Мұндайда авторлық құқықты сатып алу немесе көрсеткіштерді ресми түрде орындау үшін ғана мақала жариялау фактісі ғана емес, бұдан да қауіпті өзге үрдіс ерекше алаңдаушылық туғызады. Ол – ғылыми айналымға бұрмаланған, ашықтан-ашық қолдан жасалған зерттеу нәтижелерінің еніп кетуі.
Ғылымның кез келген өзге қызмет саласынан айырмашылығы – оның тұжырымдары кейінгі зерттеулердің, білім беру бағдарламаларының, инженерлік шешімдер мен мемлекеттік саясаттың негізіне айналатындығын терең түсінуіміз қажет. Егер ғылыми білім жүйесіне жалған нәтижелер еніп кетсе, онда қателік еселеніп, жаппай тарала бастайды. Білім экономикасы қалыптасып жатқан жағдайда, бұл үрдіс мемлекет үшін институционалдық тәуекел факторына айналады.
Мақала жариялау қайшылықтары және PhD диссертацияларын қорғау мәселесі
Жақында https://t-invariant.org сайтында «Үздік рецензент-фальсификатор: Қазақстанда ресейлік ғылыми әдепті бұзу тәжірибесі қалай көшіріліп жатыр» (Лучший рецензент-фальсификатор: как в Казахстане копируют российские практики научной недобросовестности) атты мақала жарияланды. Онда «…қазақстандық академиялық ортада этиканы бұзу бойынша көш бастап тұрғандар мемлекеттік наградаларды, ректорлық лауазымдарды және тіпті халықаралық танымалдылықты сәтті иеленетін жүйе қалыптасып келеді», — деп атап өтілген. Сондай-ақ мақалада: «Қазақстанның түрлі ғылыми және білім беру мекемелерінде жұмыс істейтіндер арасында авторлық құқықты сатып алу дәстүрі ертеден қалыптасқан. «Диссернет» (Dissernet) қоғамдастығының сайтында ғылыми жарияланымдар саудасына қатысты көптеген мысалдар келтірілген. Олардың арасында Қазақстаннан 26 ғалым бар», — делінген.
Кәсіби және ғылыми этика пайымдарына байланысты мұндай жарияланымдардың авторларын көрсетпеймін.
Бүгінде қандай да бір жолмен көптеп жарияланым шығарудан гөрі, тәуелсіз сараптамадан өтіп, нәтижелері қайта дәлелденетін әрі тәжірибеде қолдануға болатын мыңдаған сенімді ғылыми нәтижелер қажет. Әйтпесе ғылыми-техникалық прогресс пен инновациялық трансформацияны қамтамасыз ету мүмкін емес.
Философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін қорғалатын диссертацияларға қатысты тағы бір парадоксалды жағдай байқалады. Сарапшылар қауымдастығы тіркеген жекелеген жағдайларда классикалық теңдеулерге авторлардың өз есімдері берілетіні кездеседі. Мысалы, Ақбота немесе Жанбота-IIA теңдеулері дегеніміз не екенін кім айта алады?
Тірі кезінде ғылымның бірде-бір классигі мен көрнекті өкілі өз зерттеулері мен теңдеулерін өз атымен атаған емес деуге болады. Бұған Альберт Эйнштейн де, Эрвин Шрёдингер де, Лев Ландау де, Орынбек Жәутіков те және басқа да көптеген ғалымдар мысал бола алады. Ғалымдардың ашқан жаңалықтарына, жүргізген зерттеулеріне немесе ұсынған теңдеулеріне олардың есімдерін беру және оны мойындау құқығы, әдетте, белгілі бір уақыт өткеннен кейін ғана халықаралық ғылыми қауымдастықтың шешімімен жүзеге асқан.
Үшінші қайшылық. Бүгінде қазақстандық ғылымда мақалаларды топтасып (бірлескен авторлықпен) жариялау әбден дағдыға айналды. Түсінікті жағдай, химия, физика сияқты ғылымдардың түйіскен тұсында бірлескен тәжірибелер жасалып, ортақ еңбектердің жарық көруі заңдылық. Алайда, кейбір бағыттарда, мәселен, физика-математика пәндері бойынша бір мақаланың астына 20 шақты автордың қол қоюы — ақылға сыймайды. Бұл — нағыз ғылыми имитацияның, яғни көзбояушылықтың айқын белгісі.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта жұртшылық тарапынан үлкен қызығушылық тудырған кейбір диссертациялар мен авторефераттарды бірде-бір қоғамдық кітапханадан табу мүмкін емес екенін де ашып айту керек. Бұл жағдай көкейде көптеген күмәнді сұрақтар ұялатады.
Инновациялық даму: мемлекеттің рөлі қандай?
Егер бұл мәселені жекелеген сала деңгейінен жалпымемлекеттік ауқымға шығарып қарасақ, мынадай тұжырым жасауға болады: мемлекеттік басқару жүйесінің қауқарсыздығы Мемлекет басшысының ең дұрыс тапсырмаларының өзін дәйекті әрі нәтижелі саясатқа айналдыруға мүмкіндік бермей отыр.
Талдау көрсеткендей, Президенттің Үкімет пен мемлекеттік аппаратқа бағыттаған сыны — науқандық емес, жүйелі сипатқа ие. Бұл жердегі негізгі гәп — жүйеліліктің тапшылығында, орындаушылық тәртіптің әлсіздігінде және алға қойылған міндеттер мен олардың іс жүзіндегі нәтижесі арасындағы алшақтықта болып отыр. Сонымен бірге, Президенттің ұстанған бағыты, мән-жайға қарасақ, құрғақ әкімшілік басқарудан интеллектуалды, стратегиялық және аналитикалық басқару үлгісіне көшуді көздейді.
Десе де, мемлекеттік аппараттың институционалдық шектеулері мынадай түйткілді мәселелердің бар екенін аңғартады:
- стратегиялық шешімдерден гөрі тактикалық шешімдердің басым болуы;
- нақты нәтижеге емес, есептілік пен көрсеткіштерге басымдық берілуі;
- салалық және бейіндік құзыреттіліктің жеткіліксіздігі;
- кадрлық тағайындаулар кезінде кәсіби даярлықтан гөрі адалдық пен бейресми байланыстардың жиі басым түсуі;
- бағдарламалардың орындалмай қалуы немесе сәтсіздікке ұшырауы үшін жеке жауапкершіліктің әлсіреуі.
Қазақстанның жасанды интеллект дәуіріндегі табысының бес стратегиялық шарты
Ең алдымен, мемлекетке ЖИ (жасанды интеллект) саласындағы саясаттың логикасын өзгерту қажет екенін айту керек: қалай да тездетіп енгізу логикасынан — ЖИ-ді құруға, бейімдеуге және жауапты пайдалануға деген ұлттық қабілетті арттыру логикасына көшу керек. Бұл ЖИ күн тәртібі дамушы мемлекетті қалыптастырудың кеңірек саясатына кіріктірілуі тиіс дегенді білдіреді. Меніңше, бұл үшін келесі бес стратегиялық қадамды жасау қажет:
Бірінші. Орталыққа цифрлық витриналарды емес, адам капиталының сапасын қою керек. Бұл мектептегі күшті математика, физика, информатика, инженерлік ойлау басымдығын қалпына келтіруді, сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы техникалық және зерттеу білімін елеулі түрде жаңғыртуды талап етеді.
Екінші. Ғылымды трансформациясыз жаңғырту күйінен — нақты ұлттық басымдық күйіне ауыстыру. Бұл жерде ҒЗТҚЖ (ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар) шығындарын кезең-кезеңімен арттыру, ресурстарды мықты ұжымдарға шоғырландыру, іргелі зерттеулерді қолдау, ғылыми мектептер мен ұрпақтар сабақтастығын қалпына келтіру, сондай-ақ зерттеулерді қаржыландыруға бизнестің ресми емес, нақты қатысуы туралы айту орынды.
Үшінші. Мемлекеттік басқаруды соңғы нәтижеге нұқсан келтіретін есептіліктің әкімшілік механизміне емес, реформалардың интеллектуалды орталығына айналдыру. Бұл меритократияны, кадрлық тағайындаулардың бейінділігін, дербес жауапкершілікті, тәуелсіз сараптама институттарын және шешімдерді аналитикалық қолдауды күшейтуді білдіреді.
Төртінші. Толыққанды ұлттық инновациялық жүйені құру. Мұндай жүйеде білім, ғылым, өнеркәсіп, венчурлық капитал, мемлекеттік тапсырыс және цифрлық платформалар ведомстволық бытыраңқы сегменттердің жиынтығы ретінде емес, өзара байланысты экожүйе ретінде жұмыс істеуі тиіс.
Бесінші. ЖИ-ді цифрлық егемендіктің элементіне айналдыру. Бұл дайын шетелдік шешімдерді қолдануды ғана емес, сонымен қатар модельдер, деректер, есептеу инфрақұрылымы, салалық ЖИ-шешімдері және жауапты қолданудың нормативтік архитектурасы саласындағы меншікті құзыреттерді дамытуды білдіреді. Және ЖИ-ді енгізу процестеріне төмен нәтижелілік көрсеткен басқарушыларды мүлдем жолатпау керек.
Мемлекетке қажетті ең маңызды жеті қадам
Біріншіден, ұлттық деңгейдегі жасанды интеллектке дайындық ахуалына мынадай бағыттар бойынша объективті аудит жүргізу қажет: кадрлық әлеуеттің сапасы, ғылыми базаның жай-күйі, мемлекеттік басқару жүйесінің жетілу деңгейі, сондай-ақ деректердің толықтығы мен объективтілігі. Мұндай аудит ведомстволық өзін-өзі бағалау түрінде емес, түрлі салалардағы сарапшыларды тарту арқылы жүргізілетін пәнаралық сараптамалық жұмыс болуы тиіс.
Екіншіден, білім беру саясатының басымдықтарын қайта қарау қажет. Ол үшін мектептердегі математика мен жаратылыстану ғылымдарын оқытуды күшейту, инженерлік-техникалық білім беру бағдарламаларының сапасын қайта бағалау, сондай-ақ жасанды интеллект, микроэлектроника, киберқауіпсіздік, өнеркәсіптік автоматтандыру және Data Science сияқты салалар үшін қажет терең кәсіби даярлықты қалпына келтіру маңызды.
Үшіншіден, ресурстарды өзектілігі төмен жобаларға шашыратпай, математика, компьютерлік ғылымдар, инженерия және қолданбалы жасанды интеллект бағыттары бойынша ұлттық деңгейдегі шектеулі санды озық орталықтар құру қажет.
Төртіншіден, ғылым мен жасанды интеллект әзірлемелеріне арналған мемлекеттік тапсырыстың жаңа моделін қалыптастыру керек. Бұл ретте игерілген қаражат көлемі мен дайындалған есептердің саны емес, зерттеу нәтижелерінің практикалық маңызы, қайта өндірілу мүмкіндігі және кең ауқымда қолдануға бейімділігі негізгі өлшем болуы тиіс.
Бесіншіден, цифрлық платформалардың қайталануын азайтып, мемлекеттік органдар арасындағы деректердің өзара үйлесімділігін қамтамасыз ету қажет. Өйткені сапалы деректер мен тиімді ақпарат алмасу архитектурасы болмайынша, ешбір жасанды интеллект жүйесі мемлекеттік секторда тұрақты нәтиже бере алмайды.
Алтыншыдан, мемлекет тиімсіз цифрлық және ЖИ-жобалар үшін жауапкершілік институтын күшейтуі қажет. Сәтсіздіктер техникалық іркілістер ретінде емес, нақты жауапты тұлғалары бар тиімсіз басқарушылық шешімдер ретінде талдануы тиіс.
Сонымен қатар, жетіншіден, маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау кезінде адам басымдығы қағидатын сақтау қажет. ЖИ жауапкершілікті, саяси пайымдау мен мән-жайды (контексті) түсінуді алмастырмай, тек сарапшы мен басқарушының қызметін күшейтуге және бос орындарды толтыруы тиіс.
Қазақстанның негізгі таңдауы – мықты институттар
Жасанды интеллект тақырыбы Қазақстан үшін жай ғана тренд немесе жаһандық күн тәртібіне ілесу мәселесі емес. Бұл экономиканың болашақ құрылымына, жұмыспен қамту сапасына, мемлекеттік басқарудың тиімділігіне, ғылымның дамуына және ұлттық егемендіктің орнықтылығына тікелей әсер ететін стратегиялық бағыт. Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің цифрландыру мен жасанды интеллектті дамытуға бағытталған саясатын уақтылы әрі стратегиялық тұрғыдан негізделген шешім деп бағалауға болады.
Қазіргі кезеңді күмәнмен қараудың емес, жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың уақыты ретінде қабылдау қажет. Мемлекет басшысы қажетті саяси қолдау мен бағыт-бағдарды айқындап берді. Қазақстанда цифрлық инфрақұрылымның белгілі бір негізі қалыптасқан, ІТ саласы дамып келеді, электрондық үкімет жүйесін енгізу тәжірибесі бар және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға деген қоғамдық сұраныс сақталуда. Егер бұл әлеует білім беру жүйесін жаңғырту, ғылымды нығайту және басқару сапасын арттыру шараларымен ұштасса, жасанды интеллект елдің жаңа даму кезеңіне серпін беретін маңызды құралға айнала алады.
Қазақстанға мықты мемлекеттің орнына келетін ЖИ емес, ғылымға, білімге және жауапты мемлекеттік менеджментке сүйене алатын мықты мемлекет қажет.
ХХІ ғасырда аумағы үлкен және табиғи ресурстары бай мемлекеттер емес, сапалы институттары, ғылымы мен адам капиталы бар мемлекеттер бәсекеге түседі. Сондықтан басты назар білім беруді, ғылымды және мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталуы тиіс.
ҚР Парламенті Сенатының жанындағы
Сенаторлар кеңесінің мүшесі,
физика-математика ғылымдарының кандидаты,
ҚРҰИА академигі Еділ Мамытбеков




