Евразия24Не болдыОтбасы институтының күйрегені ме?

Отбасы институтының күйрегені ме?

|

|

Tengrinews.kz хабарлайды: «Балқаш қаласының тұрғыны сот тәртібімен қызынан алимент өндіруді талап еткенімен, оның талап-арызы қанағаттандырусыз қалдырылды. Сот азаматтың көмекке мұқтаж жандар санатына жатпайтыны және өзін-өзі асырауға жеткілікті қаражаты бар деген қорытындыға келді. Ресми мәліметтерге сәйкес, зейнеткер қызынан ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш (43 250 теңге) көлемінде алимент өндіру туралы талап арыз түсірген. Өз өтінішінде ол күн көрініске және дәрі-дәрмек сатып алуға қосымша материалдық көмекке мұқтаж екенін, алайда қызы тарапынан ешқандай қолдау жоқтығын көрсеткен. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекске сәйкес, кәмелетке толған балалар еңбекке жарамсыз және көмекке мұқтаж ата-аналарын асырауға міндетті. Дегенмен, Балқаш қалалық соты істі қарау барысында талап қоюшының 128 229 теңге көлемінде зейнетақы алатынын, сондай-ақ оның меншігінде екі қабатты тұрғын үй мен Mitsubishi Montero Sport маркалы автокөлігі бар екенін анықтады. Жауапкер ретінде тартылған қызы талап-арызды мойындамады. Ол екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырғанын, оларды асырауға алимент алмайтынын және сатушының көмекшісі болып 85 мың теңге жалақыға жұмыс істейтінін түсіндірді. Оның айтуынша, әкесі жалғыз өзі коттеджде тұрады, көлігі мен тұрақты зейнетақы табысы бар, сондықтан қосымша материалдық көмекке мұқтаж емес. Бұдан бөлек, дәрі-дәрмектерден оған тек дәрумендер ғана тағайындалған».

Еуразия24 пікірі:

Қазақстанда ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қастерленіп келген отбасы институтының күйреуін айғақтайтын тағы бір оқиға орын алғандай. Өкінішке қарай, қаржылық мәселе ең қасиетті құндылық — қандас туыстардың арасындағы қарым-қатынасқа да сызат түсірді. Бүгінде балалары қарт ата-анасын арнаулы мекемелерге өткізіп жатқан оқиғалар да кездеседі. Ал бұл жолы әкесі қызынан алимент өндіру арқылы өзін еске салуды жөн көрген. Бұл әке мен қыздың арасында қандай қатыгездік барын дәп басып айта алмасақ та, коттеджі мен жол талғамайтын көлігі бар зейнеткердің жағдайы мәз емес қызының мойнына отыруды көздегені отбасылық құндылықтардың кейінге ысырылғанын көрсетеді. Бұл айтарлықтай ғибратты оқиғаны Жоғарғы соттың жариялауы қоғамның қандай бағытқа бет алғанын аңғартқандай. Балқаштағы бұл жағдайда жеңімпаздар жоқ деп есептейміз. Қыз өзінің 85 мың теңгесін қорғап қалғанымен, әкесінен мәңгіге көз жазып қалған сыңайлы. Ал әкесі өз байлығымен қалса да, жеке жайлылығын өз немерелерінің әл-ауқатынан жоғары қоятынын көрсетті. Осындайда ежелгі Римнің «О, заман, о, қорлық!» деген сөзі еріксіз еске түседі. Өкінішке қарай, қазақстандық отбасылардың біріне іріткі салған ақша мәселесі «перзенттік парыз» бен «ата-ана махаббаты» сияқты қасиетті ұғымдарды жойып, оны қарапайым сот тартысына айналдырды.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Түркия әскери әлеуетін күшейтіп жатыр

Анкараның 2027–2029 жылдары әскери шығындарын 229%-ға арттыруы геосаяси жағдайға елеулі ықпал етуі мүмкін. Оның алғашқы белгілері Түркия вице-президенті Жевдет Йылмаз қорғаныс пен қауіпсіздік саласына арналған алдағы кезеңнің бағдарламаларын жариялағаннан кейін-ақ байқала бастады. Бұл шешімнің әсері Ресей мен Украинаға, Балқан түбегіне, Израильге, Кавказға, Таяу Шығыс пен Араб түбегіне, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымына да тарайды. Түркиямен тығыз байланыстағы да, қайшылықты қатынастағы да елдер Анкараның әскери-саяси белсенділігінің күшеюіне белгілі бір деңгейде жауап қатуға мәжбүр болады.

Қазақстандық оқушылар PISA-2025 зерттеуінде қандай нәтиже көрсетті?

ЭЫДҰ PISA-2025 халықаралық зерттеуінің нәтижелерін жариялады. Қазақстанда зерттеу 2025 жылы сәуір-мамыр айларында өтті

Денсаулық сақтау министрлігі фастфуд жарнамасын шектеуді ұсынды

Денсаулық сақтау министрлігі балаларға арналған фастфуд пен қант мөлшері жоғары сусындар жарнамасын шектеуге бағытталған заңнамалық өзгерістер әзірледі. 

Алиса мен Сара

Бұл жолы «Ушыққан мәселе» айдарын Қазақстандағы емес, алыстағы Германиядағы жағдайға арнаймыз. Өйткені ондағы ахуалдың салқыны бізге де жетіп отыр. Әңгіме тек әлемдік ақпарат кеңістігіндегі геосаяси өзгерістер туралы емес, оның Еуразияға тікелей әсері жөнінде. Бұл өзгерістердің нақты салдары келесі жылдың көктемі мен жазы аралығында анық сезілуі мүмкін.