Евразия24Не болдыЭлектр самокаттары мен электр велосипедтерін пайдаланудың жаңа тәртібі

Электр самокаттары мен электр велосипедтерін пайдаланудың жаңа тәртібі

|

|

1 шілдеден бастап Қазақстанда жалға берілетін электр самокаттарын пайдалану қағидаларына енгізілген жаңа талаптар күшіне енді.

«Енді жалға берілетін әрбір электр самокатына мемлекеттік тіркеу нөмірі беріледі. Бұл бейнебақылау камералары арқылы Жол қозғалысы қағидаларының бұзылуын тіркеп, құқық бұзушылық жасалған самокатты анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар пайдаланушылар үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру міндетті болады. Өз кезегінде кикшеринг қызметін көрсететін компаниялар электр самокаттарының техникалық жарамдылығын қамтамасыз етуге, олардың қозғалыс жылдамдығы мен орналасқан жерін бақылауға, белгіленген аймақтарда жылдамдықты автоматты түрде шектеуге, ретсіз тұраққа қоюдың алдын алуға, самокаттардың есебін жүргізуге және қажетті мәліметтерді ішкі істер органдарына ұсынуға міндетті», – деп Ішкі істер министрлігі түсіндірді.

Бұдан бөлек, министрліктің мәліметінше, егер пайдаланушының жүргізуші куәлігі болмаса, кикшеринг сервисі электр самокатының автомобиль жолының жүру бөлігінде қозғалуына техникалық тұрғыдан мүмкіндік бермеуге міндетті.

«Еске сала кетейік, электр самокаттарымен велосипед жолымен немесе велосипед жолағымен жүру қажет. Ондай жолдар болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетімен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен қозғалуға болады. Ал тротуарда қозғалған кезде жылдамдық сағатына 6 шақырымнан аспауға тиіс», – делінген Ішкі істер министрлігінің хабарламасында.

Министрліктің мәліметінше, 25 тамыздан бастап электр самокаттарының тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне де тыйым салынады. Ал автомобиль жолының жүру бөлігімен тек 18 жасқа толған, қорғаныш дулығасын киген және кез келген санаттағы жарамды жүргізуші куәлігі бар азаматтарға ғана жүруге рұқсат етіледі.

Ішкі істер министрлігі электр самокаттарын пайдалану кезінде мынадай талаптардың сақталуы міндетті екенін ескертті:

  • жолаушылар мен жүк тасымалдауға;
  • жаяу жүргіншілер өткелінен самокаттан түспей өтуге;
  • қараңғы уақытта жарық қайтаратын элементтерсіз жолдың жүру бөлігімен қозғалуға болмайды.

Жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған кез келген жаңашылдық құптарлық. Дегенмен тротуарлардың электр самокаттарынан тек жаздың соңына қарай, мектеп демалысы аяқталар тұста ғана босайтыны өкінішті. Өйткені дәл қазір жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі бұрынғыдан да өзекті болып тұр.

Бұдан бөлек, 25 тамыздан бастап электр велосипедтерін пайдалануға қатысты жаңа талаптар да күшіне енеді. Соңғы уақытта олар қаладағы жеке электр көлігінің кең таралған түрлерінің біріне айналып келеді.

Жақында Almaty.tv телеарнасы хабарлағандай, Президент электр велосипедтерін құқықтық мәртебесі жағынан мопедтерге теңестіретін заңға қол қойды. Осыған байланысты «Жол жүрісі туралы» заңға тиісті өзгерістер енгізілді. Енді электр велосипедтерінің иелері көлік құралын мемлекеттік тіркеуден өткізіп, мемлекеттік тіркеу нөмірін алып, қолданыстағы талаптарды сақтауға міндетті болады.

«Электр велосипедтері міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс. Меншік иесі техникалық паспорт алуға, азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруға, техникалық байқаудан өтуге және жол қозғалысына өзге қатысушылармен тең құқықта қатысуға міндетті», – деп келтірді бұқаралық ақпарат құралдары Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің сөзін.

Біздіңше, мұндай өзгерістерден кейін электр самокаттары мен электр велосипедтері үшін ең қауіпсіз қозғалыс кеңістігі велосипед жолдары болып қала береді. Алайда ірі қалалардың өзінде мұндай инфрақұрылым жеткілікті деңгейде дамымаған әрі көптеген велосипед жолдары өзара біртұтас желі ретінде байланыспаған. Сондықтан электр көлігінің негізгі бөлігінің автомобиль жолына шығуы олардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының көбеюіне әсер етуі мүмкін.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Фармацевтика нарығы: экспорттағы өсім және импортқа тәуелділік

Қазақстанның фармацевтика саласы экспорт көлемі бойынша жаңа межеге шықты. Бұл көрсеткіш отандық өндірушілердің сыртқы нарықтарға біртіндеп орнығып, кем дегенде посткеңестік кеңістікте бәсекеге қабілетті өнім ұсына алатынын аңғартады.

Иранмен текетірес АҚШ-тың әлсіз тұстарын айқын көрсетті

1979 жылғы Ислам революциясынан бастап 2026 жылғы Таяу Шығыстағы соғысқа дейінгі аралықтағы Вашингтон мен Тегеран арасындағы текетіресті ұзаққа созылған геосаяси бәсеке деуге болады. Осы кезеңге тарихи тұрғыдан көз жүгіртсек, Иранның геосаяси ұстанымы бүгінде АҚШ-пен салыстырғанда әлдеқайда берік көрінеді. Тарихқа зер салсақ, ежелгі Парсы елі қуатты державалармен ұзаққа созылған текетірестерге талай мәрте төтеп берген. Мұндай қарсыластықтардың басым бөлігінде ол жеңілгеннен гөрі, басым түскен тарап ретінде танылған.

Қазақстан мен Түркия атом өнеркәсібіндегі ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан мен Түркияның атом саласы қауымдастықтары арасында қол қойылған меморандум екі елдің бір-бірін толықтыра алатын әлеуетін көрсетеді. Атом өнеркәсібіндегі тәжірибесі әртүрлі болғанымен, тараптар өзара тәжірибе алмасуға және қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға мүдделі.

Бектенов Eni және Baker Hughes басшыларымен мұнай-газ саласындағы жобаларды талқылады

Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысына қатысқан жетекші халықаралық энергетикалық компаниялардың басшыларымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.