Евразия24Не болдыЭлектр самокаттары мен электр велосипедтерін пайдаланудың жаңа тәртібі

Электр самокаттары мен электр велосипедтерін пайдаланудың жаңа тәртібі

|

|

1 шілдеден бастап Қазақстанда жалға берілетін электр самокаттарын пайдалану қағидаларына енгізілген жаңа талаптар күшіне енді.

«Енді жалға берілетін әрбір электр самокатына мемлекеттік тіркеу нөмірі беріледі. Бұл бейнебақылау камералары арқылы Жол қозғалысы қағидаларының бұзылуын тіркеп, құқық бұзушылық жасалған самокатты анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар пайдаланушылар үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру міндетті болады. Өз кезегінде кикшеринг қызметін көрсететін компаниялар электр самокаттарының техникалық жарамдылығын қамтамасыз етуге, олардың қозғалыс жылдамдығы мен орналасқан жерін бақылауға, белгіленген аймақтарда жылдамдықты автоматты түрде шектеуге, ретсіз тұраққа қоюдың алдын алуға, самокаттардың есебін жүргізуге және қажетті мәліметтерді ішкі істер органдарына ұсынуға міндетті», – деп Ішкі істер министрлігі түсіндірді.

Бұдан бөлек, министрліктің мәліметінше, егер пайдаланушының жүргізуші куәлігі болмаса, кикшеринг сервисі электр самокатының автомобиль жолының жүру бөлігінде қозғалуына техникалық тұрғыдан мүмкіндік бермеуге міндетті.

«Еске сала кетейік, электр самокаттарымен велосипед жолымен немесе велосипед жолағымен жүру қажет. Ондай жолдар болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетімен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен қозғалуға болады. Ал тротуарда қозғалған кезде жылдамдық сағатына 6 шақырымнан аспауға тиіс», – делінген Ішкі істер министрлігінің хабарламасында.

Министрліктің мәліметінше, 25 тамыздан бастап электр самокаттарының тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне де тыйым салынады. Ал автомобиль жолының жүру бөлігімен тек 18 жасқа толған, қорғаныш дулығасын киген және кез келген санаттағы жарамды жүргізуші куәлігі бар азаматтарға ғана жүруге рұқсат етіледі.

Ішкі істер министрлігі электр самокаттарын пайдалану кезінде мынадай талаптардың сақталуы міндетті екенін ескертті:

  • жолаушылар мен жүк тасымалдауға;
  • жаяу жүргіншілер өткелінен самокаттан түспей өтуге;
  • қараңғы уақытта жарық қайтаратын элементтерсіз жолдың жүру бөлігімен қозғалуға болмайды.

Жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған кез келген жаңашылдық құптарлық. Дегенмен тротуарлардың электр самокаттарынан тек жаздың соңына қарай, мектеп демалысы аяқталар тұста ғана босайтыны өкінішті. Өйткені дәл қазір жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі бұрынғыдан да өзекті болып тұр.

Бұдан бөлек, 25 тамыздан бастап электр велосипедтерін пайдалануға қатысты жаңа талаптар да күшіне енеді. Соңғы уақытта олар қаладағы жеке электр көлігінің кең таралған түрлерінің біріне айналып келеді.

Жақында Almaty.tv телеарнасы хабарлағандай, Президент электр велосипедтерін құқықтық мәртебесі жағынан мопедтерге теңестіретін заңға қол қойды. Осыған байланысты «Жол жүрісі туралы» заңға тиісті өзгерістер енгізілді. Енді электр велосипедтерінің иелері көлік құралын мемлекеттік тіркеуден өткізіп, мемлекеттік тіркеу нөмірін алып, қолданыстағы талаптарды сақтауға міндетті болады.

«Электр велосипедтері міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс. Меншік иесі техникалық паспорт алуға, азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруға, техникалық байқаудан өтуге және жол қозғалысына өзге қатысушылармен тең құқықта қатысуға міндетті», – деп келтірді бұқаралық ақпарат құралдары Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің сөзін.

Біздіңше, мұндай өзгерістерден кейін электр самокаттары мен электр велосипедтері үшін ең қауіпсіз қозғалыс кеңістігі велосипед жолдары болып қала береді. Алайда ірі қалалардың өзінде мұндай инфрақұрылым жеткілікті деңгейде дамымаған әрі көптеген велосипед жолдары өзара біртұтас желі ретінде байланыспаған. Сондықтан электр көлігінің негізгі бөлігінің автомобиль жолына шығуы олардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының көбеюіне әсер етуі мүмкін.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Kazakhstan carry trade

2025 жылы Қазақстанға келген тікелей шетелдік инвестициялар мен елден шығарылған капиталдың арақатынасы алғаш рет теріс көрсеткішке түсті. ЕАЭО елдерінің ішінде мұндай жағдай тек Қазақстанда тіркелді. Бұл – тәуелсіздік жылдарында бұрын болмаған құбылыс.

Түркия тәжірибесі және Қазақстан

Биыл күзге қарай инфляция 9,3%-ға дейін баяулады. Былтыр бұл көрсеткіш 12,3% болған еді. Соған қарамастан, қымбатшылық жалақы мен зейнетақының өскенін іс жүзінде сездірмей отыр. Номиналды табыстың жылдық өсімі небәрі 0,7%-ды құрады. Бұл – ресми дерек. Ал халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қарасақ, қазақстандықтардың едәуір бөлігінің әл-ауқаты жақсарудың орнына төмендеп бара жатқандай. Мұның бәрі қоғамдағы наразылықтың біртіндеп қордалануына әкеледі. Сондықтан бұл жағдай Үкіметті ғана емес, баршамызды алаңдатуы тиіс. Әсіресе әлемнің әр түкпіріндегі саяси және экономикалық ахуал барған сайын күрделеніп жатқан кезде ел ішіндегі тұрақтылықтың маңызы арта түседі. Биыл бағаның бұрынғыдай қарқынмен өспеуіне теңгенің нығаюы да едәуір ықпал етті. Алайда ұлттық валюта бағамы үнемі осы деңгейде сақтала бермейтіні анық.Теңге айналымға енгеннен бері оның долларға шаққандағы бағамы тұрақты түрде әлсіреп келді. Алғаш айналымға шыққан кезде бір доллар 4,7 теңге тұрған еді. 2022 жылы доллар бағамы 470 теңгеге жетіп, ұлттық валюта бастапқы құнымен салыстырғанда жүз есеге жуық арзандады. Ал былтыр қазанда доллар 550 теңгеге таяды.

Шаруаларға салынатын ҚҚС: Ұлттық экономика министрлігі депутаттарға не деп жауап берді?

Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Азамат Әмрин Құрылтайдағы «Әділет» және «Ауыл» партиялары депутаттарының сауалына берген жауабында 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған қаржылық лизинг шарттарына ғана қосылған құн салығының 12% мөлшерлемесін сақтап қалуға негіз жоқ екенін мәлімдеді.

Беларусьтегі ҰҚШҰ оқу-жаттығулары: жаңа қауіптерге қарсы дайындық

Беларусь жерінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) бітімгерлік күштері қатысатын «Мызғымас бауырластық – 2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды. Сонымен қатар радиациялық, химиялық және биологиялық қауіптен қорғау және медициналық қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен күштердің «Барьер – 2026» арнайы оқу-жаттығуы өтіп жатыр.